Рухани жаңғыру

Мұғалжар баурайындағы ескерткіштер

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

                                                                                              Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Облысымыздағы зерттеушілер анықтаған ең көне ескерткіш — Мұғалжар ауданы аумағындағы Төлеубұлақ үңгірі. Бұл үңгіртас дәуіріне тән петроглифтерге толы…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынғаны белгілі. Киелі жерлер тізіміне жалпыұлттық қасиетті нысандармен қатар, өңірлік маңызы бар ескерткіштер де енді. Мұғалжар ауданы аумағындағы осы тізімге енген ескерткіштермен таныс болыңыз:

Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер

Төлеубұлақ үңгірі Егіндібұлақ ауылдық округі аумағындағы Төлеубұлақ қыстағынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Мұндағы петроглифтерді 2000 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен экспедициясы ашты. Экспедиция құрамында Ресей Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог А.П. Деревянко (жетекші), профессорлар — Ж.К. Таймағамбетов, В.Т. Петрин, т.б. болды. Ғалымдар Мұғалжар ауданы аумағындағы тас дәуіріне тән көне қоныстарды анықтап, ғылыми айналымға енгізді. 2006 жылы мұнда белгілі археолог З. Самашев та зерттеу жүргізген.

Ғалымдардың пікірінше, Төлеубұлақ үңгірі — бұдан 10 мың жылдай уақыт бұрынғы, яғни тас дәуіріндегі адамдар мекен еткен жер. Үңгірдің еденінен тереңдігі 5 см, ал диаметрі 15-25 см болатын, ойылып салынған суреттер табылған. Зерттеушілер оларды саңырауқұлақтың бас жақ бөлігіне, тұяққа, т.б. ұқсатты. Терең ойылып салынған сызықтар да бар. Кейбір зерттеушілер бұл белгілерді тіпті әріден келе жатқан Жер бетіндегі ең көне символдар болуы мүмкін деп те болжайды. Жалпы, бұл жазулар жөнінде нақты зерттеулер — алдағы уақыттың еншісіндегі іс.

Көк мешіт

Ор ауылы маңындағы мешіт кешені ел аузында «Көк мешіт» атанып кеткен. Бұл — мешіт, медресе, ғибадат үйі, сондай-ақ тұрғын үй мен имамның үйінен тұратын кешен. Ор өзенінің жағалауындағы тегіс, кең алаңға салынған.

Мешіт — бір қабатты, ұзынша ғимарат. Ғибадат залының өлшемдері — 8,20 х 15,30 метр. Жалпы, ғимараттан он терезе мен алты есік ойықтары анықталған. Кезінде мешіттің ішкі қабырғалары көк бояумен сырланған, оның «Көк мешіт» атанып кетуінің бір себебі осында болса керек. Көнекөз қариялардан жеткен естеліктер бойынша, мешіттің сырт жағында шам ілетін тұғырлар болып, кешкілік маңайды жап-жарық қып тұратын болған. Мешіт ХХ ғасырдың басында салынған. Алғашқы имамы — Тобажан Сейітжанұлы. Оны халық «Сары ишан» атаған. Кейін орнын баласы Сәлмен басқан. Сәлмен ишан Сталин заманында қуғын-сүргінге ұшыраған.

Медресе мешіттен солтүстікке қарай жүргенде, 40-50 метр қашықтықта орналасқан. Бұл ғимараттың өлшемдері — 6,55 х 16,40 метр. Бірінен кіріп, келесісіне өтетін екі бөлмесі бар.

Кеңес заманында бұл жерде бастапқыда қосымша құрылыстар салынып, мал ұсталған. Жоғары жақтың нұсқауы бойынша жұлып алынған айшығын жергілікті жұрт түн ішінде жасырын түрде әкетіп, Тобажан ишанның зиратына тыққан деседі. Кейіннен мешіт қаңырап тұрған. Айналасындағы басқа ғимараттар құлағанмен, мешіттің ғимараты бүгінге дейін аман жетті.

Көтібар батыр кесенесі

Көтібар Бәсенұлы — Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысқан, қол бастаған батырлардың бірі. Кейінгі ұрпақтары да оның күресін жалғастырған. Мысалы, баласы Есет Көтібарұлы 1848-1858 жылдар аралығында Ресей отаршылдығына қарсы көтерілістің басшысы болды.

Көтібар батыр кесенесі 2000 жылы Әділғали Баяндиннің жобасы бойынша салынған. Кесене Ақкемер ауылдық округі аумағында, Ақкемер ауылынан 13 шақырым қашықтықта орналасқан. Маңғыстаудан әкелінген ұлутастан салынған. Биіктігі — 12 метр.

Кесене жанындағы құлпытасқа Көтібар батырмен қарулас болған тұлғалардың есімдері жазылған.

Қарағұл тамы

Борлы ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 10 шақырым жерде тұр. Ескерткішті алғаш 1984 жылы Серік Әжіғалиев жетекшілік еткен экспедиция есепке алған.

Мавзолей — күмбезді, сегізқырлы, күйдірілген және шикі кірпіш араластырыла отырып, өріле тұрғызылған ғимарат. Кесене ХІХ ғасырдың аяғында салынған. Биіктігі — 6, 70 метр, сыртқы қырларының арақашықтығы — 7,70 метр. Мавзолейге кірер есіктің жанында терезе бар.

2007-2009 жылдары кесенеде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Жәлімбет кесенесі

Ескерткішті алғаш ХІХ ғасырда француз зерттеушісі И. Кастанье, одан кейін ХХ ғасырдың 40-жылдарының соңында Т. Бәсенов анықтаған.1984 жылы С. Әжіғалиев жетекшілік еткен экспедиция келіп, тізімге алған.

Жәлімбет батыр — Көтібар Бәсенұлының замандасы, сол тұста ел қорғау мақсатындағы жорықтарға белсене қатысқан батырлардың бірі деседі. Жұрт оны «Жалды Жәлімбет» атап кеткен.

Жәлімбет батыр кесенесі төртбұрышты етіп салынған, құрылысқа күйдірілген, шикі кірпіш аралас қолданылған. Есігі арка түрінде салынған. Кей тұстарында ою-өрнектер, өсімдіктер суреттерінің іздері сақталып қалған. Күмбезі де жарына жалғас өріліп, кірпіштен қаланған. Күмбезі құлап, беріге дейін кесене 6 метр биіктікте сақталды. Кесене өлшемдері — 9,70 х 9,70 метр. Ол Жаңажол ауылынан шығыс-солтүстікке қарай 10 шақырым қашықтықта орналасқан.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақтық жобалық кеңсенің ұсынған материалдарынан әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button