Жаңалықтар

Татулық — тұрақтылық негізі

Кеше «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында «Таңдауымыз — татулық пен тұрақтылық» атты жиын өтті.

Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, облыстағы мешіттер имамдары және қоғамдық бірлестіктер басшылары қатысты.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ашып, алғашқы сөзді ҚМДБ төрағасына берді.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз төрағалық ететін ҚМДБ — еліміз бойынша 3 мыңнан астам филиалы бар қоғамдық ұйым. Филиалдардың дені — тәуелсіздік жылдарында ашылған мешіттер.

Бас мүфти жиналғандарға арнаған сөзінде:

— Ислам — екі дүниенің жақсылығын бірдей ойлауға, тіршілік пен құлшылықты қатар алып жүруге бұйыратын дін. Ислам өркениетінің бастауында Ұлы Даладан шыққан көптеген қайраткер тұлғалар тұр. Біз — өзіміздің қалыптасқан діни дәстүріміз бар халықпыз. Бүгінде зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Зайырлылық «дінсіздік» дегенді білдірмейді. Зайырлылық — діни сеніміне қарамастан, ешкімді алаламай, бәріне тең қарау. Дінді қолданыстағы заңға қарсы қоюға болмайды, — деп атап өтті.

Мұхаммед пайғамбардың: «Дін — көркем мінез», — деген хадисін алға тарта отырып, Бас мүфти адам бойынан жақсы, ізгі қасиеттердің табылуы ғана имандылықтың басты белгісі болатынын, мұсылманға тән ең ұнамды мінез — ынтымақ пен бірлікке ұмтылу екенін айтты:

— Көркем мінездің қайнар көзі болып табылатын ұлттық тәрбие мен білім бізге теріс ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін қажет. Алла Елшісі өз хадисінде: «Білім мен хикмет — мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», — деген, — деді ол.

Сонымен қатар Бас мүфти мешіттердегі имамдар қатарын арнайы білімі бар мамандармен толықтырудың да маңыздылығын, осы орайда Ақтөбе өңірінде ілгерілеушілік бар екенін айтты. Ал бұған байланысты деректер ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспанның сөзінде келтірілді. Бас имамның айтуынша, қазір жан-жақта діни білім беретін оқу орындарында жүрген 172 ақтөбелік студент оқуларын бітірісімен, туған жерге оралып, қызметпен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл алдағы екі жыл ішінде облыс мешіттерін маман-қызметкерлермен толық қамтуға жол ашады. Бүгінгі күні мешіттердегі имамдардың басым бөлігі — діни білім алған мамандар.

Сонымен қатар, жиында белгілі ғалымдар — Амангелді Айталы мен Алтай Тайжанов, белгілі ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы сынды зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар атынан — «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының басшысы Айгүл Дүйсенова, «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаевтар сөз сөйлеп, осы мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

— Біздің имамдар уағыздарын қазақтың дүниеге деген бастапқы таным-сенімімен байланыстырса, құба-құп болар еді. Ата-бабаларымыз сол бастапқы таным-сенімімен үйлесетін, қабысатын болғандықтан да, ислам дінін қабылдаған. Имандылықты неғұрлым ұлттық бастаулар арқылы насихаттаған жөн, — деді ақын Мейірхан Ақдәулетұлы.

Жиын соңында Бас мүфти Серікбай Ораз кездесуге қатысушылардың сауалдары мен ұсыныстарына орай өз пікірлерін айтты.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button