Анаға тағзым

Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы, қоғам қайраткері: Әлем ананы мадақтап, ананы жырлап келе жатыр. жер бетінде адамзат барда бұл солай жалғаса береді…

Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп Ахметованың еңбектерінде, сұхбаттарында ананың, келіннің рөлі, қыз тәрбиесіне қатысты айтылған ғибратты сөздерді жиі кезіктіруге болады. Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп апайдың осы еңбегінің жалғасы ретінде «Бабалар аманаты» кітабының жарық көргені белгілі.  Автордың ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазылған бұл кітаптағы әңгіме арқауы Батыр атаның баяндауында ұсынылады.

Ақтөбеде республика бойынша тұңғыш рет өткізілгелі жатқан «Анаға тағзым» аналар форумына арналған газеттің арнайы санында әрбір сөзінде терең сыр, әрбір ақылында мол мағына жатқан ұлт анасы З.Ахметованың еңбектерінен, сыр сұхбаттарынан әйел тақырыбындағы үзінділерді оқырман назарына  ұсынып отырмыз.

…Анасыз ұрпақ болмайды, адамзат өсіп-өнбейді. Алып та, ақын да, батыр да, данышпан да анадан туады. «Ананың алдында асқар тау да аласа», «Анаңды Меккеге үш қайтара көтеріп апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» дейді. Әлем ананы мадақтап, ананы жырлап келе жатыр. Жер бетінде адамзат барда бұл солай жалғаса береді. Ана жайлы күні-түні сөйлеуге болады, сонда да теңізге тамған тамшыдай көрінер еді. Оны өздерің де жақсы білесіңдер.

**

… «Түздің тынысы —  еркекке, үйдің ырысы — әйелге», — дейді халқымыз. Әйел-аналар —  отбасының құты, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы. Әйелсіз үйде береке болмайды. Ақжаулықтың қадір-қасиетін, өмірдегі ешкім толтыра алмас орнын жоғары бағалағандықтан қазақ атаң әйел-ананы «жеті қазынаға», «жеті ырысқа», «жеті байлыққа» қосқан. Ана тіліміз, ата дәстүріміз жоғалып кетпей, бұл күнге жеткен болса, ол — ең алдымен, ақ жаулықты аналардың еңбегі. Өкінішке қарай, қазір талбесікке сүйеніп, «Бесік жырын» айтатын келіндер, немересіне ертегі айтатын әжелер азайды, мен осыдан қорқамын, — деп ата үндемей қалып, темекісін түтіндетіп кетті…

**

…Бала — әрбір адамның өмірінің жалғасы, келешек-болашағы. Үйіңнің босағасы —  алтыннан, табалдырығы — күмістен болса да, перзент сүймей, адамның мейірі қанбайды. «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтқандай, шаңырақтың бар қызық-қуанышы да, базары да, той-думан мерекесі де — бала. Қазақ — өте балажан халық, баласы қанша болса да, көп көрмейді, тіпті ырым етіп бала санын бадырайтып айтпайды. Ұрпақ жалғастығына зор мән береді. Қазақтағы ең ауыр сөз — «қубас» деген атау. Сол үшін кез келген ата-ана артында ұрпақ қалып, ошағының отын жағып, түтінін түзу шығарғанын тілейді. Сол жолда атар таң, батар күн демей, тіршіліктің тақпезер тізесі батса да, төзеді. Баласының теңтұсынан кем болмай, адал азамат болғанын армандамайтын адам жоқ. «Ағаш жапырағымен көрікті, адам ұрпағымен көрікті» дейді. Қазақтар бір-біріне: «Бала-шағаңның қызығын көр!» — деп тілек айтады.

Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі.

Балаңды жұрт мақтаса,

Бәрінен де сол игі,  деп баланың жақсы ержетіп, әке атына атақ қосқанын үлкен мақтаныш көреді.

Ананың уызында жеті атаның тектік қасиеті болады

Сосын мына бір қызықты қараңыз. Неше түрлі ғажайып дүниелерді жасап, айға да ұшып жатқан адамзат ананың уызы мен сүтінің құрамын әлі тапқан жоқ. Соған ұқсастырып жасайды, бірақ ол ана сүтіндей болмайды. Бұл да құдайдың құдыреті ғой. Сол ананың сүтінде, әсіресе екі-үш күндік уызда бүткіл жеті атаның тектік қасиеті болады екен. Баршаға белгілі, Кеңес өкіметінің кезінде перзентханада баланы екі-үш күн әкелмейтін. Есесіне, «балаға береміз» деп аналардың сүтін ыдысқа сауғызып әкететін. Соны кейін ақыл-есім бүтінделген кезде ойлаймын ғой. Оны сол уақытта перзентхананың ережесі деп ойлаппыз. «Неге баланы тікелей еміздірмеді? Не үшін ыдысқа сауғызып әкетті? Оны менің балама берді ме? Жоқ, әлде ауысып кетті ме? Бәлкім бір палатада жатқан алты әйелдің сүтін араластырып, сол кездің тілімен «Ассамблея», қазіргі тілмен айтқанда «Халықтар достығын» жасаған шығар. Кейде баламның мінезінен әулетінде жоқ мінез-құлықты байқағанда: «Ойпырмай, осының кіндік шешесі кім болды екен?» – деп ойлаймын. Бірақ Иванова ма, Петрова ма, есіме түсіре алмаймын.

Бұрын қазақтың қара домалақ балалары екі-үшке келгенше ойнап жүріп, арасында жүгіріп келіп шешесінің омырауын еміп кететін. Қазір келіндердің сүті екі-үш айда-ақ тартылады. Неге екенін айтайын ба? Өйткені қазір қыз кезінен көлік мінеді. Бойындағы әйелдік қасиетінің барлығын темір сорып қояды. Сол үшін де өздіктерінен босана алмайды. Ылғи кесіп алады. Кесіп алғаннан кейін екі-үш айдан кейін сүт тартылады. Ары қарай жасанды сүт ішеді. Егер осыларды шындап қолға алатын болсақ, ұлт тазарар еді.

 Әулеттің ынтымағы ене мен келінге байланысты

Бір әулеттің бірлігі, ынтымағы, бақытты өмір сүруі, ұрпағының әдемі өсуі тек осы ене мен келінге байланысты. Мен ылғи да айтамын: «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді». Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсіретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс болады. Келінін жамандайтын енелерге: «Сенің не еңбегің сіңді? Оны туған жоқсың, түн ұйқыңды төрт бөлмедің, ақ сүтіңді бермедің, оқытпадың, тәрбиелемедің, дап-дайын күйінде қолыңа ұстата салды. Бір адамды — бір әлем дейтін болсақ, дайын бір әлемге еге бола алмасаң, кімсің?!» — деймін. Ал шынында ол келін анасынан тәрбие алмаған, уызына жарымаған бала болса, онда ол ененің соры. Тәрбиелеп болам дегенше, шашы ағарады. Келіндерге: «Сүйіп қосылсаң, жастыққа басың бірге түскен жігітті өмірге келтіріп, азамат етіп, асырап, баққан әйелді осы үшін қадірлеуің керек!» — деймін. Бұл — менің қарапайым ғана ережелерім. Бөлісе алмай жатқан ешнәрсе жоқ. Ененің мектебінен өтпеген келін — келін емес. Қазіргі ә дегеннен еншісін алғысы келіп, бөлек тұрғысы келетін келіндер осының олқылығын ертеңгі күні өзінің бала-шағасы үй болғанда көресіні көреді. Сондықтан айналып кетейін келіндерге айтарым, қиын болсын, жеңіл болсын, қалай болғанда да, енелердің мектебінен өту керек! Шынында да, енесінің орнын басатын, соның өмірін жалғастыратын келін ғой. Бірақ та ененің мектебінен өтпеген келін — келін емес!

 Ырым-тыйымдар негізсіз емес…

…Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз — жатжұрттық, қыздың бағы — үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.

Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» — деп тілектерін қос қабат айтып жатады. Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызығып қарамайтын, таңданып сұқтанбайтын. Бұлар — тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-тыйымдар негізсіз емес…

                                                         Мәліметтер abai.kz, el.kz сайтаттарынан алынды. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button