Анаға тағзым

Күлиза — батыр ана

Қазақ халқы қашанда отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Өмірін бала тәрбиесіне арнаған, 12 бала өсіріп, «Батыр ана» атанған ақтөбелік көпбалалы ана Күлиза Үмітаева —  бүгінде қарашаңырақтың алтын діңгегі болып отырған ақ жаулықты ана.

Күлиза Шүленбайқызы Қарағанды облысында туған. 1936 жылы Қарағанды облысы, Ульянов ауданы, «Жаңақала» ұжымшарында дүниеге келген. Әкесі өмірден ерте кетіп, анасы Бибіш үш баланы жалғыз өсіреді. Соғыс жылдары екі ағасы майданға аттанып, анасы ұжымшарда сауыншы болады. Соғыстан кейін Күлиза Үмітаева Қарағанды қаласындағы әпкесі Сараның қолында тұрып, жеті сыныптық орыс мектебінде оқиды. Кейін әпкесі мен жездесі Субектің ықпалымен бір жарым жылдық педагогикалық училищеге түседі. Оқуын аяқтаған соң сол кездегі Қарағандының «Восточный рудник» деген ауылындағы орыс-қазақ мектебінде кітапханашы болып жұмыс істейді. Сол қызметінде жүрген кезінде мектепке жоғары оқу орнын аяқтап, жұмысқа келген жас маман Сағидолла Үмітаевпен танысады. Сөздері жарасып, түсініскен екі жас отбасын құруға бекінеді.

  • 1955 жылы Сағидолла Қызылорданың педагогикалық институтын бітіріп, біздің мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Ол кезде жас мамандарды үш жылға келісімшартпен өзге облыстарға жіберетін. Сағидолламен бірге оқыған сол кездегі жас жігіттер — Сағи Жиенбаев, Нұрхан Жанаевтар Қарағандының басқа ауылдарына мұғалім болып жіберілді. Сөйтіп, біз бір мектепте қызмет еттік. Көп ұзамай сол жылдың күзінде отбасын құрдық. Үкімет шахтерлерге арналған тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер берді. Араға жыл салып, тұңғышымыз Сәуле дүниеге келді, — дейді кейуана.

1963 жылы Сағидолла Үмітайұлы отбасымен туған жері — Ырғыз ауданы, Калинин кеңшарына көшіп келеді. Мұнда келген соң Темірастау орта мектебінде екі жыл мұғалім болады. Одан кейін ұзақ жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарады. Ал Күлиза Шүленбайқызы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Қызметте жүріп ол балаларын да өсіріп, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін атқарып, кеңшардың басқарушы аппаратының құрамында болады. 1971 жылы он баламен бес жұлдызды «Батыр ана» орденін алады.

Осыншама баланы өсіріп, жеткізу оңай болмады. Көбіне кішкентайлардың қасында енем Салиха қалатын. Кейін ол кісі үлкейіп, салмақ өзіме түсті. Зейнеткерлікке шықсам да жұмыс жасадым. Сөйтіп жүргенде, 1979 жылы мамырда жұбайым қатты ауырып, жүрек талмасынан қайтыс болды. 22 жыл бірге отасып, 12 баланы өмірге әкелдік. Бір-бірімізбен сыйласып, тату-тәтті өмір сүрдік. Сағидолланың мен үшін орны тым бөлек еді. Ол өмірден озған соң балаларды жалғыз өсірдім. Еңбектеніп жұмыс жасадым, шаршау дегенді білмедім. Одан қалды тума-туыстардың көмегімен балалар жоқшылық көрген жоқ. Ол кезде заман жақсы болды ма, әлде сол кезеңнің адамдары қамқор болды ма, біздің үйдің балалары өзгелермен бірдей оқып, бір-біріне қарап, ержетті. Үлкендері отбасын құрып, немере сүйгізді, — дейді ол.

Сексеннің сеңгірінен асқан Күлиза әже жастайынан көргені мен көкірегіне түйгені көп, ақжарқын, әңгімешіл жан екен. Өмірде көрген қиыншылықтарын айтып, көзіне тығылған жасын орамалымен сүртіп алып:

  • Қазақ халқында баланың санын санамайды ғой. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей, әр баланың өз ырзығы болады. Он екі бала өсірдік. Бүгінде бәрі өмірден өз орнын тауып, отбасын құрды. Немере-шөбере сүйіп отырмын. Менен асқан бақытты ана жоқ шығар?! Тек Сәкеңнің (жұбайы Сағидолла — авт.) осы қызықты көрмей кеткені болмаса, бәріне «шүкір» деймін. Тағдырдың жазуы болар, ол кісі өмірден ерте кетті. Мінезі биязы, салмақты, жұмысқа адал, іскер, ал отбасында балажан еді. Сол үшін бізге Алла көпбалалы болуды жазған шығар.

Біздің жас кезімізде әйелдер баланы көп туатын. Алланың бергенін көп көрмедік. Қазіргі әйелдер, келіндер есеппен туады. Заманның ағымына, жағдайына қарайды. Ол да дұрыс шығар, — дейді Күлиза әже.

Бүгінде Күлиза әженің ұлдары Асқар, Мейрам, Алтай, Дархан, Дәурен, қыздары Сәуле, Айгүл, Бақытгүл, Шарагүл, Айнагүл, Нұргүл, Айнұр өмірден өз орындарын тауып, өркен жайған шаңырақ иелері. Атап айтсақ, үлкені Сәуле ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, қазір зейнеткерлікке шыққан. Одан кейінгі Асқар, Мейрам, Айгүл, Алтайлар әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп келеді. Дарханы мен Нұргүлі Мәскеуде тұрады, өз отбасылары бар. Дархан құрылыс саласында, ал Нұргүлі Мәскеу қаласындағы Бурденко атындағы әскери госпитальда жұмыс жасайды. Кенжесі Айнұр Қызылорда қаласында тұрады. Ал Күлиза әженің кенже ұлы Дәурен мен келіні Клара киелі қарашаңырақты ұстап, ана шуағының мейірімін көріп, батасын алып отыр.

— «Әйел-ана барлық қиындықты жеңетін сарқылмас күш, көзді бұлақ емес пе?» деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, ана баласы үшін кез келген қиындыққа қарсы тұрады. Бала анаға күш-қуат береді, бақыт сыйлайды. Сондықтан бүгінгі күні мен балаларымның қуанышына масаттанып, жетістігіне мақтанамын. Немере-шөберелеріме: «Еңбектің қандай қиыны болса да мойымай, ерінбей еңбек етіп, аталарыңның жолын қуыңдар» деп үнемі айтып отырамын, — дейді Күлиза әже.

Бүгінгі күні 38 немере, 8 шөбере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты ана ұрпақтарының амандығын, ел-жұртының бақытты болуын тілейді.

Теледидардан, баспасөзден жуырда облыс орталығында «Анаға тағзым» орталығы ашылатынын естіп жатырмыз. Ана ретінде өте қуаныштымын. Өнегелі ісімен, ерлігімен, ұлағатты сөзімен елге танымал болған аналарға құрмет көрсету — көрегенділіктің белгісі. Оның ішінде біз сияқты алтын құрсақты аналардың да үлесі бар деп ойлаймын. Қазір мемлекет көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Сондықтан жас аналарға, қыздарға көпбалалы, батыр ана болуға талпыныңдар деймін. Қазақтың санын көбейту, саналы ұрпақ тәрбиелеу — аналардың міндеті. Сондықтан барша аналарға әйел бақытын, балаларының амандығын тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, болашақ ұрпағымыз бақытты болсын! — дейді кейуана.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button