Анаға тағзым

Ана — шаттық, ана — гүл

МЕН БАҚЫТТЫ ПЕРЗЕНТПІН

Менің анашым…

Менің анашым — әлемдегі ең мейірімді, ең әдемі, ең ақылды аналардың бірі. Бірі емес бірегейі дер едім.

Әрине, әр перзент үшін өз анасынан артық жан болмауы заңдылық шығар. Бірақ мен асыл анашымды дүниедегі ең асыл жақұтқа теңер едім. Менің анашымды жақсы көретінім соншалық, сабаққа кетсем, үйге оралғанша сағынып қаламын. Анашым кейде менің үлкен апамдай, сырлас құрбымдай болып кетеді. Анама сенетінім соншалық, одан түк сыр жасырғым келмейді. Жасыра да алмайтын секілдімін. Анам екеуміздің әңгімеміз таусылмайды.

Анамның әрбір ісі мен сөзі мен үшін үлгі. Ол — көп сөйлемейтін, тұйық адам. Көп сөйлегеннен гөрі айтпақ ойын ісімен көрсететіндей болып тұрады. Олай дейтінім, менің екі әжем бар. Сол екі әжеме әр демалыс сайын алма-кезек барып тұру біздің үйдің дәстүріне айналған. Әр барғанымызда екі әжемнің ұнататын тағамдарын ала барып, үй шаруасына көмектесуімізді інім екеумізге қайта-қайта ескертіп отырады. Әр мерекеде әжелеріме сыйлық алып беріп, біздің қолымызбен табыстатады. Арасында әжелерімді қонаққа шақыруды да ұмытпайды. Менің анамның екі әжемді де бірдей құрметтеуі, бірдей сыйлық алып беруі әкеме де ұнайтын секілді.

Анам таңнан кешке дейін жұмыста. Тек сенбі, жексенбі күндері ғана демалады. Сондықтан інімнің сабағын қарау, үй шаруасына көмектесу, кешкі тамақты әзірлеу менің мойнымда. Інім әр аптаның сенбі күнін асыға күтеді. Өйткені бұл күні анашым үйде болғандықтан, біздің сүйікті тағамдарымызды пісіріп береді.

Менің бір сыныптас құрбым бар. Сол құрбымның анасы оның екі жасында ауыр науқастан қайтыс болыпты. Мен бұл туралы білмеуші едім. Сегізінші класта әдебиет пәнінен апайымыз М.Дулатовтың «Шешенің балаларын сүюі» әңгімесін оқытқаннан кейін шағарма жазуға тапсырма берді. Сонда әлгі құрбым өз анасын қатты сағынатыны туралы жазыпты. Ол өз шығармасын оқығанда көңілі босамаған жан қалмады. Тіпті апайымыз да көз жасын бізге байқатпауға тырысты. Мен осы оқиғадан кейін анамды бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім. Өзімді әлгі құрбымның орнына қойып елестетсем, жаным түршігеді. Анама сәт сайын денсаулық пен амандық тілеймін. Жадыраған күлкісінің, шексіз мейірімінің таусылмауын қалаймын.

Анашым, сізге барлығы үшін рақмет айтқым келеді. Тәп-тәтті бауырым үшін, асқар тауым — әкешім үшін, сіздің бұл өмірде басқаның емес, менің анашым болғаныңыз үшін рақмет сізге, анашым! Мен сіздің бақытты перзентіңізбін!

 

Дана МИХАИЛОВА,

Б.Момышұлы атындағы №62 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

ЖҰМСАҚ АЛАҚАННЫҢ ЖЫЛУЫ

 

Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы.

Ана — жүрек, жүректі құдіретте,

Ана — тірек, тіректі мың құрметте.

Ана — шыңың, шыңыңа сағынып жет,

Ана — күнің, күніңе табынып өт.

Әлемнің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуымен аялауы бізді әлдилеп жұбатады.

Баласы үшін анасы бармайтын құрбандық бар ма? Ана болу — бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын баққан ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін сәбиіне сарқа жұмсайды, бұдан оның жаны байып, нәрлене түседі.

Ал баланың анаға деген махаббаты жеткіліксіз. Ананы барынша құрметтеп, сыйлау — әрбір баланың парызы. Олай болса, сөздің ең төресі — анаңды қалай сыйласаң, өз балаңның анасын да солай сыйла.

 

Сәбира БАЙҚАДАМОВА,

М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

ЕҢ ӘДЕМІ СӨЗ

 

Әлемдегі ең әдемі сөз — ана. Анам мен үшін әлемдегі ең сұлу, ең мейірімді, ең ақылды, ең қамқор жан. Менің анамның мамандығы — логопед. Ол балаларды дыбыстарды дұрыс айтуға, дұрыс сөйлеуге үйретеді. Анам мені үнемі күнделікті сабағымды оқуыма, өмірде ұқыпты, саналы, үлгілі адам болуға тәрбиелейді. Мен анамды ренжітпеуге тырысамын. Жүрегімнен жарып шыққан бар ізгі тілектерім өмірдегі ең қымбатты жан — анама арналады.

Біз үшін өмірдің бағы анамыздың амандығы деп білемін.

 

Қызғалдақ ҚАЗБЕКОВА,

Қ.Жазықов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Кемерши ауылы,

Байғанин ауданы.

 

ТІРШІЛІКТІҢ КӨЗІСІҢ

 

О, анашым!

Сен — Күнсің,

Жылу нұрын себетін.

Сен — Гүлсің,

Құлпырып дәйім жүретін.

 

Сен — Кеңсің,

Құшағыңды барша жұртқа жаятын.

Сен — Жерсің,

Бар адамзат сыятын.

 

Сен — Таңсың,

Шуағы бізге тарайтын.

Сен — Жансың,

Мейірімділікпен қарайтын.

 

Сен — Сусың,

Тіршіліктің көзісің.

Сен — Ауасың,

Өмірімнің өзісің.

 

Мен үшін сен данасың,

Алыптармен тең күшің.

Өйткені сен — Анасың,

Тау қопарам сен үшін.

 

Аида СЕРІКОВА,

№6 Хромтау мектеп-гимназиясының оқушысы.

Хромтау ауданы.

 

ТАҢ НҰРЫ

 

Анашым — ән-жырымсың,

Шәрбатым, бал-шырынсың.

Ана — шаттық, ана — гүл,

Шалқыған таң нұрымсың.

 

Айзере БЕКСҰЛТАН,

Қарашоқат орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

 

ҚАМҚОРШЫМ

 

Анам менің ақылды,

Ертек айтып береді.

Мен қиналған кезімде

Көмекке ол келеді.

 

Мерует БИТИКЕЕВА,

Ақкемер орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

ӨМІРДІҢ МӘНІ

 

Бұл атау үш әріптен құралады,

Өмірдің барлық мәні бола алады.

Сен үшін түн ұйқысын төртке бөліп,

Әлдилеп ақ бесікке таянады.

 

Ерасыл ҚАЗБЕКҰЛЫ,

М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

САҒЫНЫШЫМ

 

Жүрегім дүрсіл қағады,

Естісем жылы сөзіңді.

Сағынышым боласың,

Көрмесем бір сәт өзіңді.

 

Сен күлсең, мен де күлемін,

Қиналсаң көмек беремін.

Асыл анам, жан анам,

Арналды саған өлеңім.

 

Владислав ВЕГЕРТ,

Қызылжар орта мектебінің оқушысы.

Мәртөк ауданы.

 

ЖАҚСЫ АДАМ

 

Айналайын ақ мамам,

Бізді өсіріп баптаған.

Қуантқысы кеп бізді,

Босқа қарап жатпаған.

 

Айналайын ақ мамам,

Барлығынан жақсы адам.

Анам бар деп осындай

Қуанамын, шаттанам.

 

Құралай КҮНТУҒАНОВА,

Қарабұтақ орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button