Анаға тағзым

Менің анам…

Бесікте — Ана,

бесікте — бөбек:

Бірі тербеледі,

бірі тербетеді.

Бал-бөбек былдыр, өсіп те келеді,

Анаға жалғыз, сол жетеді.

 

Ана, Ана, қайран, ана!

 

Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,

Нұр себеді аналардың кірпігі

өліге де ояуға,

Ана дайын біреу үшін жылауға,

біреу үшін аяуға.

 

Тербейді Ана қуанышты, бақытты,

тербейді Ана — тебіренеді жаны шын.

Тербейді Ана уақытты;

Барлық әлем — бір-ақ бесік Ана үшін.

 

Тербейді Ана бөбегін,

Сол арқылы тербетеді өз елін,

Құмын, тауын, өзенін.

Тербейді Ана көлеңкені, шуақты —

Планетаның алақаны сияқты.
Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ.

Берік Нұрғалиев,

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры:

Менің ең құнды байлығым да, ең қымбаттым да Анам! 

Анам жайлы айтсам, жүрегімде ерекше бір жылылық пайда болады. Балалық шағым еске түсіп, сол алаңсыз кездегідей анама еркелегім келеді.

Менің анам Жанат Қарабайқызы медицина саласының қызметкері. Қазір ол зейнеткерлік демалыста, немерелерін өсіріп отырған ардақты әже. Анам өмірінің 40 жылдай уақытын халықты емдеу ісіне арнаған адам. Еңбек жолының алғашқы 20 жылын Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі болып, қызығынан қиындығы мол мамандық – фельдшерлік қызмет атқарды. Ауылдың үлкен-кішісінің, шопан ауылдары балаларының денсаулықтарын қадағалады. Ал кейінгі 20 жылда Ақтөбе қаласындағы № 3 емханада қызмет жасады.
Ата-анам үш бала өсіріп, ел қатарына қосты. Өмір сыйлап, жақсы тәрбие берген, балаларын білімге құштар қылып өсірген анамның еңбегі мен үшін өлшеусіз. Анам өте мейірімді адам. Бізге өз өнегесімен үлгі болып келеді. Отанға деген сүйіспеншілікке, тәртіп пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеген анашым енді немерелерінің тәрбиесімен айналысып отыр. Анамның дені сау болып, ұзақ жасап, жанымызда болса екен, немерелерінің де азамат болғанын әкем екеуі бірге көрсе екен деп тілеймін! Әр ана өз балалары үшін баға жетпес байлық! Менің ең құнды байлығым да, ең қымбаттым да осы кісі!

Елубай Кенжалиев,

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония директоры:

Кішкентай жетістігімнің өзі Анам үшін үлкен мақтаныш болатын!..

Әлемде Ана деген қасиетті ұғымның жөні бөлек! Тоғыз ай он күн бойы құрсағында көтеріп, жарық дүние сыйлап, өз балапандарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай еркелетіп өсіретін Ана қандай құрметке де лайық!

Мен және апам ата-анадан екеуміз. «Отбасы тегін жалғастыратын жалғыз тұяғым» деп мені анам қатты еркелететін, алақанына салып өсірді десем де артық айтпаған болар едім. Мектеп табалдырығын алғаш аттағанда: «Балам, саған шыбын да тигізуге болмайды», — деп, арқалап апарып еді. Жасым беске толғанда үйге домбыра, гитара, баян секілді музыкалық аспаптарды әкеліп қойды. Оларды ешкім тарта алмайтын, ойнай алмайтын, тек мен үшін әкелгенін кейін білдім. Мен сол музыкалық аспаптарды даңғырлатып, ойыншық қылып жүретінмін.

Анам бізді өз ісіне жауапты болуға тәрбиеледі. Кішкентай кезімнен әр нәрсені уақтылы және тез орындауға дағдыландым.

Анам менің әр жетістігімді бағалайтын және оны бәріне айтып жүретін еді. Әлі есімде, жыл сайын оқу жылы аяқталғанда алатын мақтау қағаздарын әдемілеп рамкаларға салып, көршілерге көрсетіп: «Қараңдар, менің балам азамат болды!» деп, мақтанып жүруші еді.

Бала кезде бірінші рет «Әнші балапан» бағдарламасына қатысып, сахнаға шыққанда анам қатты қуанды. Ол кезде балаңды телеэкраннан көру тұтас ауыл болып тойлайтын қуаныш еді…

Әкем дүниеден озғанда мен екі жаста болыппын. Анам маған әке орнын жоқтатқан жоқ.

9-сыныпты үздік бітіріп, Ақтөбедегі музыкалық училищеге оқуға түстім. Апта сайын демалыс күндері ауылдан бір шығатынмын. Анамды қатты сағынатын едім. Жұма күні сабақтан шыққаннан кейін вокзалға асығатынмын. Анам кешкі поезды күтіп жүретін, әлі есімде шарбаққа сүйеніп тұрған анам мені көре сала: «Құлыным-ау» деп жүгіріп келетін. 1-курсты тәмамдаған жылы анам қан қысымынан дүние салды.

Менің әрбір аттаған қадамым, әрбір шыққан белесім алдымен Алланың, екінші Анамның арқасы дер едім.

Елтай Кемал,

Т.Ахтанов атындағы драма театры режиссері:

Менің анам даналықтың нақ өзі!..

Менің анам Бибатпа Кемалова үлкен жүректі адам. Мен оның алдында өмір бойы қарыздармын. Анамыз біз үшін сүйіспеншіліктің, даналық пен қамқорлықтың символындай.

… Әкеміз ерте дүние салды. Алайда анам бізге әке орнын жоқтатқан жоқ. Шиеттей жеті баласын ешкімнен кем қылмай өсіру үшін үш жерде жұмыс істеді: пошташы, мектепте аспаз және бала бағушы болып еңбек етті. Осылай жүріп балаларының барлығына жоғары білім алуға, олардың нағыз тұлға болып өсуіне мүмкіндік жасады.

Анам түзде қарапайым жұмысшы болса, үйде нағыз Ана еді: шаңырақты жылылыққа толтырып отыратын. Ол гүл өсіруді өте жақсы көретін, қазір де бұл — анамның сүйікті ісі. Іс тігуді де ұнататын. Әлі есімде, жаңажылдық шырша кезінде анамыз әр баласына карнавалдық киімдер тігетін, үй шаруасын реттеп тастап, іс машинасының жанына жайғасады, ал таңертең біз киетін киімдер дайын тұратын еді.

Анамыз бала тәрбиесіне қатты қарады. Алайда, балаларына дауыс көтеріп айқайлау оған жат. Бала түгілі қазір немерелеріне де дауыс көтермейді. Қай нәрсені де жайлап түсіндіреді, талабын көзімен, көзқарасымен ұқтырады.

Анамыз бізге бастаған істі аяғына дейін жеткізу, әр істі мұқият атқару қажеттігін үнемі айтып отырады. Бала кезден солай тәрбиеледі.

Жиырма жыл бұрын анамызды туған жеріміз Шалқар ауданы Бершігүр ауылынан Ақтөбе қаласына көшіріп алдық. Сонда анам өзімен бірге диірмен мен келі-келісабын алып келді: тарысын да өзі түйіп алатын.

Биыл қараша айында анамыз, бұйырса, 80 жасқа толады. Бұл біздің әулетіміз үшін үлкен мереке болмақ. Алла қаласа, осы күні анамыз қанатының астына алып баққан жеті баладан тараған немере-шөбере түгел жиналады.

Сұхбаттарды ұйымдастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button