Басты жаңалықтарСпорт

Алғашқы жарыс күні: Қазақстан құрамасы — 5-орында

Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өтіп жатқан ХVІІІ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль түсті. Ресми емес жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.

Алғашқы медаль жиынтықтары сарапқа түскен 19 тамыз күні қазақстандық спортшылар еркін күрес, семсерлесу, у-шу, теннис, баскетбол, көгалдағы хоккей, т.б. спорт түрлерінен жарысқа шықты.

Олардың арасынан семсерлесуші Дмитрий Алексанин бірінші болып ел қоржынына медаль салды: ол ақтық сайыста оңтүстіккореялық Олимпиада чемпионы Пак Сан Енаны жеңіп, Азия ойындарының алтынын иемденді.

Бірінші жарыс күніндегі өзге үш медаль — еркін күрес палуандарының еншісінде. 74 келі салмақ дәрежесі бойынша Данияр Қайсанов финалға жолдама алған болатын. Өкінішке қарай, финалда өзбек палуанына есе жіберіп, екінші орынды қанағат тұтты. Ал 65 келі салмақ дәрежесінде белдескен Саятбек Оқасовтың бастапқы қарқыны мықты болған еді, жартылай финалда ол жапон палуанымен тең түсті.

Мұндай жағдайда, тәртіп бойынша, төрешілер соңғы әдісті кімнің жасағанына қарайды. Соңғы әдіс иесі жапон палуаны болғандықтан, финалға сол өтіп, ал Саятбек қола медаль үшін болған белдесуде қырғыз палуанын жеңді. 86 келі салмақ дәрежесінде боз кілемге шыққан Әділет Дәулембаев та Азия ойындарының қола медалін иеленді.

Еркін күрестен Қазақстанның ұлттық құрамасы биылғы Азиаданы осы үш медальмен аяқтап отыр. Құрама сапындағы 57 келі, 97 келі және аса ауыр салмақ дәрежелеріндегі палуандарымыз мүлде жүлдесіз қалды. Жалпы, еркін күрестен ұлттық құрамаға 1994 жылы Хиросимада алған Мәулен Мамыровтың алтынынан кейін Азия ойындарының алтыны бұйырмай келеді.

Ақтөбелік еркін күрес шебері, Азия чемпионы Нұрислам Санаев та осы құраманың мүшесі. Ол өзі өнер көрсететін салмақ дәрежесінің (61 кг) бұл Азиаданың бағдарламасына енгізілмеуіне байланысты Индонезияға барған жоқ. Нұрислам күзде Венгрияда өтетін әлем чемпионатына әзірленіп жүр.

Кеше, 20 тамызда жарыс жолына шыққан спортшыларымыздың арасынан күрестен әйелдер құрамасының мүшесі Жұлдыз Ешімова (53 кг салмақ дәрежесі) финалға дейін жетсе, ал таэквондошы Фариза Алдоңғарова Азияданың қола жүлдегері атанды. Стенд атудан Мария Дмитриенко іріктеу кезеңінде рекордтық көрсеткіш тіркегенімен, ақтық жарыста тек төртінші орында қалды.

Сондай-ақ, кеше жарыс жолына шыққан спортшыларымыздың арасында ақтөбеліктер — Ақсәуле Ерқасымова (таэквондо) мен Даяна Утямышова (у-шу) да болды. Өкінішке қарай, жерлестеріміз біз үміт еткендей нәтиже көрсете алмады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button