Рухани жаңғыру

Ақтөбеге Құрманғазы оркестрі келді

Ақтөбеге Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық xалық аспаптары оркестрі келді. Астана қаласының 20 жылдығына және күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған шаралар аясында аталған оркестр «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығында бірнеше әдемі концерт берді.

«Жұбановтар әлемі» мұражайының меңгерушісі ҒалияНұрғалиеваның айтуынша, «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы бұл сапар барысында бірнеше іс-шара жоспарланған. 

Оркестрмен бірге Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикаларының еңбек сіңірген артисі Жеңісбек Пиязов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, xалықаралық конкурстардың лауреаты Малика Минизини, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас концертмейстері, күйші Батыржан Мықтыбаев, халықаралық конкурстардың лауреаты Ақайша Жұрбайлар да өнер көрсетті.

4 шілде күні өткен классикалық вокал кешіне жиналған жұрт саф өнерге қол соқты. 24 жасында Қарақалпақстанның, 26 жасында Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі атанған қазақтың қара баласы Жеңісбек Пиязовты көрермен сахнадан жібермей қойды. Миллион адамның бірінде кездесетін бас баритон дауысты жігіт әлемдік деңгейдегі классикалық музыка жауһарларынан шығармалар орындады.

«Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық xалық аспаптары оркестрінің концерті де өте жоғары деңгейде өтті. Оркестр директоры Нұрғиса Дәуешов Ақтөбе өңіріне келіп өнер көрсетуіне мұрындық болған «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығының директоры Лаура Амангелдіқызына зор ризашылығын білдірді», — дейді «Жұбановтар әлемі» мұражайының меңгерушісі Ғалия Нұрғалиева.

Осы шаралар барысында белгілі фототілші Рафxат Халеловтің «Күй шежіре» атты көрмесі өтті.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button