Әсел Шара Жиенқұлованың ролін сомдайды
Белгілі биші Әсел Әлібекованы «Ақтөбе» газетінің оқырманы жақсы біледі. Қаршадай кезінен-ақ Әселдің би додаларында жеткен жетістіктері, жеңістері туралы ақжолтай хабарларды елге бірінші болып жеткізген, оның нағыз өнер адамы ретінде өсу, қалыптасу кезеңдерінде де түрлі мақалалар жазып, қолдау көрсеткен «Ақтөбе» газеті. Сөйткен Ақтөбенің Әселі бүгінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің бас бишісі қызметін атқарады. Жақында Ақтөбеге келіп, ауылдарды, аудандарды аралап, жеке кештерін өткізді. Сол сапарында анасы Ләззат Ниетова екеуі өзінің «Ақтөбе» газетіне келіп, сұхбат берген еді.
Қаршадайынан туған жерінің атын алты әлемге әйгілі еткен биші 10-11 жасында-ақ жеке шығармашылық кешін өткізіп, өзінің өмір жолын би өнерімен байланыстыратыны жөнінде көрерменіне уәде бергендей еді. Жиырмаға толмаған жас қыз баланың Президент оркестрінің бас бишісі болуы сол уәденің үдесінен шыққандығының айғағы. Бүгінде Әселге еліктейтін балалар көп. Ақтөбеге келген сапарында сол балалар Әсел апаларының соңынан ауыл-ауылға еріп жүріп, концертін көрді.
Әселдің Ақтөбеге сапары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Сапар барысында Шалқар, Ембі, Қандыағаш, Темір, Кеңқияқ,Шұбарқұдық, Ойыл, Қобда, Мәртөк елді мекендеріндегі көрермен Әселдің биін тамашалады.
— Ақтөбеде осыдан екі жыл бұрын Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жеке кешімді өткізген болатынмын. Міне, араға уақыт салып тағы келіп отырмын. Ауылдастарыма, жерлестеріме ризашылығым зор. Елді қатты сағыныппын, концертіме келген кішкентай балапандардың биге деген құштарлығын көргенде қатты қуандым. Ауылдық жерлерге әншілер жиі келетін шығар, бірақ бишілер көп келе бермейді, содан болар менің кештеріме келген көрермен өте көп болды. Барлығына алғысым зор, — дейді Әсел.
Әсел шоу-бизнес өкілдері секілді ақпарат құралдарында жиі көрінбейді. Сахнаға да көрерменін сағындырып барып шығады. Оның себебі…
— Иә, кейде көрермен: «Сізді неге жиі көрмейміз? Неге сахнаға жиі шықпайсыз?» депсұрап жатады. Біз ресми түрде қызметте болғандықтан, көбіне протоколдық шараларға қатысамыз. Шетелдерге шығу үшін арнайы рұқсат қағаз қажет. Арнайы жоспар бойынша «Жұлдызай» атты әскери музыка фестивалінде үнемі ұжыммен бірге өнер көрсетеміз. Жыл сайын Ресейде өтетін әскери музыка фестиваліне қатысып жүрміз. Мұндай фестиваль Грекияның Афины қаласында да өткізілді. Осы секілді халықаралық деңгейдегі шараларда қазақтың ұлттық биін билеудің өз ләззаты бар. Қазақтың қайсарлығын, өр рухын көрсететін музыкаға билеген кезде көрермен орнына тұрып шапалақтайды, өзіңнің қазақ екендігіңе, ұлы даланың баласы екендігіңе мақтанасың, — дейді биші.
Бүгінде Әселдің репертуарында жиырмадан астам би бар. Әр бидің өз ерекшелігі бар. Балетмейстер, қоюшы режиссер, хореограф, биші сынды тұтас шығармашылық ұжымның ортақ туындысы әр дайындықта шыңдалып, әр дайындықта кәсіби деңгейі арта түседі. «Мен үшін оңай би жоқ, әр бидің өз қиындығы бар», — дейді Әсел.
Белгілі ұстаз-репетитор, хореограф Анвара Садықова қойған жаңа туынды «Қыз мұңы» биі, елімізге белгілі биші Шұғыла Сапарғалиқызы қойған «Бөртенің биі», белгілі балетмейстер Алмат Шәмшиевтің «Гүлсезім», білім беру ісінің үздігі Ғайникамал Бисенова дайындаған «Қытай биі», хореограф Мәдина Әлиева әзірлген туындылар Әселдің шеберлігін шыңдай түсті.
— Сахнаға шығаратын әр биіміз үшін арнайы костюмдер тігіледі. Бұл бағытта маған елімізге белгілі стилист, дизайнер Алтынбек Ермұхан үлкен қолдау көрсетіп отыр, — дейді Әсел.
Әсел Қазақстанның халық артисі Шара Жиенқұлова секілді жеке биші. Әселдің ұстаздары да осыны айтады. Әселдің қазақ биінің падишасы Шара Жиенқұлованың ролін сомдау туралы ұсыныс та осы себептен туған болар.
— Шара Жиенқұлованың соңғы шәкірттерінің бірі Ғайникамал Бисенова апай маған осындай ұсыныс тастады. «Би билеу шеберлігің, тіпті бетіңдегі меңіңе дейін Шара Жиенқұловаға ұқсайды», — дейді ұстазым. Ғайникамал Бисенова апайымның Алматыда өткен концертіне барғанымда, бұл шараға қатысқан өнер майталмандарының барлығы да мені Шара Жиенқұловаға ұқсатты. Шынында, өзім де бала кезімнен Шара Жиенқұловаға ұқсағым келетін. Ол кісі менің идеалым болды. Сондықтан ұстазымның бұл ұсынысын бірден қабылдадым. Көркем туындыны «Қазақфильм» түсіреді деп жоспарланып отыр, — дейді биші.
Әселдің өзі де шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жетті. Болашақта өзінің жеке мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеу арманы бар.
Жетістікке жеткен әр баланың артында ата-анасының, ұстаздарының тынымсыз еңбегі жатыр. Әселдің де осындай кәсіби деңгейі жоғары биші болып қалыптасуында анасының еңбегі зор. Ақтөбеге келген сапарында да анасы Ләззат Ниетова Әселдің кештерінің басы-қасында жүрді.
— Әселдің кішкентай кездегі жетістіктерін «Ақтөбе» газетінің оқырманы жақсы білетін шығар, себебі «Ақтөбе» газеті Әселді бала болса да қолдады, қандай додаларға бармасын, ақжолтай хабарды бірінші болып біздің облыстық газет жазды. Сондықтан Ақтөбеге келген сайын облыстық газетке жолықпай кетпейміз, — дейді Л.Ниетова.
Бишінің анасының айтуынша, Әсел бала кезден би өнеріне жақын болған. Балабақшада жүргенінде балалар арасындағы шағын би байқауларына қатысып, орындар алған.
— Бастапқыда қызымның билеп жүргеніне мән бергенім жоқ. Бала ғой, балалардың барлығы музыка естілсе, билей жөнелетін әдеті емес пе, сондай болар деп ойлағанмын. Жоқ, олай емес екен, балабақша тәрбиешілері қызымды түрлі байқауларға апарып, солардың барлығынан орын алып келіп жүргенін көргенде қызымның болашақ өмірі би өнерімен байланысты екендігін ұқтым. Сөйттім де, қызымның талантын ұштауға ден қойдым. Сол үшін барлық жұмысты ысырып қойдым, туыстарым зор қолдау көрсетті. Баламның бимен айналысуына бар жағдайды жасауға тырыстым, кейде тіпті қатаң талаптар да қоятынмын. Әлі есімде, бір жыл бойы қонақ шақырмаған, өзіміз де қонаққа бармаған кезіміз болды. Неге дейсіз бе? Бала болғасын кейде тез семіртетін тәттілер, ұн тағамдарын, майлы тамақтарды жеп қояды ғой, ал қонақ шақырып, қонаққа барғанда дастарқанға міндетті түрде сондай тамақтар қойылады. Бишіге сымбатты тұлғасын сақтауы керек, толықтауына болмайды. Осылайша қызымды өзін тыйып ұстауға үйретуге тырыстым. Рас, бір жыл бойы араласпағасын ренжіген туыстарым болды, бірақ мақсат қойғасын, соған жету керек, — дейді Л.Ниетова.
Әсел анасының үмітін ақтады. Тұрмысқа шығып, екі бөпелі болғанда да би өнерін тастап кеткен жоқ.
— Жолдасы әскери адам. Әсел тұрмысқа шыққанда тойында Президент оркестрінің жетекшісі Талғат Бердіқұлов Әселге: «Өз формаңды сақта! Бұл өтініш емес, бұйрық!» деп әзіл-шыны аралас тілегін айтқанда, ішімде үміт пен күдік қатар тұрған еді. Қанша айтқанмен, ол менің қызым болғанымен, біреудің келіні, өнер мен отбасын қатар алып жүре алар ма екен деген ой болғаны рас. Қуаныштысы, түскен елі де Әселдің талантын тұншықтырған жоқ, керісінше оған барынша қолдау көрсетіп отыр, — дейді анасы.
Кішкентай Әсел толысып, кәнігі бишіге айналды. Қазақ ұлттық хореография Академиясының профессоры, ҚазССР еңбек сіңірген әртісі, балетмейстер Тойған Ізім, білім беру ісінің үздігі Ғайникамал Бисенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти сынды қазақ биінің корифейлерінен дәріс алды.
Осы күнге дейін жетістіктерін саралап, көрермен алдында есеп беру концертін өткізу үшін қазір Әсел қызу дайындық жүргізіп жатыр. Ақтөбеге келіп, үлкендердің батасын алып, елге концерт қойып кеткені де сол үлкен шараға дайындықты бір пысықтап алғаны.
— Ең алдымен, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Әселдің талантын, өнерін құрметтеп, елге шақырып, барлық концертін ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Мұғалжар, Ойыл, Қобда, Мәртөк, Темір аудандарының басшыларына, халқына алғысымыз шексіз. Әселдің аяғын жерге тигізбей құрметтеп жатқан халыққа ризамын. Балаларымыз Әселдей биші болсын деп ырымдап, кішкентай балапандарының тұсауын кестіргендер болды. Қызымның өнеріне тәнті болған жасөспірім қыздар бірнеше ауданға бізбен еріп барды. Мысалы, Қарақат Сержанова деген бір қыз бала бес ауданға Әселмен бірге еріп барды. Бұл өнерге деген құрмет деп түсіндім, — дейді Ләззат Ниетова.
Қазақтың тұңғыш балетмейстері Нұрсұлу Тапалова туған өлке Ойыл ауданында Әсел болашақ бишілерге шеберлік сабағын өткізді. Тіпті қазан айында Астанада болатын жеке шығармашылық кешіне қатысу үшін ойылдық төрт жас бишіге ұсыныс тастады. «Қарақат Сержанова деген қыз бала Әселмен бірге бес ауданда өткен концерттерге бірге барды. Биші болғысы келеді екен. Балалардың өнерге құштар болғаны қуантады. Қазіргі уақытта Ойыл ауданынан таңдалып алынған төрт бишіге киімдер тіктіріп жатырмыз. Оған Ойыл ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Бұл Әселдің өнеріне, қазақ би өнеріне көрсетілген құрмет деп есептеймін», — дейді бишінің анасы.
Қазір Әсел қазан айында Астанада болатын жеке шығармашылық кешіне дайындалып жатыр.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.