«Бақытты бала»

Ең үздік суретші анықталды

1 маусым күні қаламыздағы балабақша тәрбиеленушілері арасында өткен көркемсурет байқауы өз мәресіне жетті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылған шараның 1-сырттай кезеңі 2018 жылдың 28 мамырында аяқталған болатын.

Екінші кезеңге өткен 21 бала 1 маусым күні №19 орта мектептің базасында «Менің балабақшам, көшем, қалам» тақырыбында асфальтқа сурет салып, өзара сынға түсті.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Ақтөбе облысы бойынша инновациялық технологиялар арқылы демократияға оқыту» орталығының ұйымдастыруымен өткен байқаудың басты мақсаты — мектеп жасына дейінгі балалардың бойында туған өлкесіне, қаласына, үйіне, балабақшасына деген сүйіспеншілікті арттыра отырып, толеранттылық қасиетін дамыту.

— Байқаудың 1-кезеңіне қала бойынша 23 балабақшадан 136 жұмыс келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен 21 баланың жұмысы үздік деп танылып, 2-кезеңге жолдама алды. Жоспар бойынша байқаудың 2-кезеңі Абай атындағы саябақта өтуі тиіс болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты, мектеп базасында өткізуді ұйғардық, — деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ұлболсын Нәдірбекова.

Жас таланттардың жұмысын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушылары бағалады.

Байқау нәтижесі бойынша сурет салудағы шеберлігімен «Kinder joy» балабақшасының тәрбиеленушісі Темірхан Ерғалиевтің жұмысы үздік деп танылып, 1-орынға ие болды. Ал Дәулет Муркабай мен Айлин Мәденова екінші орын алса, үшінші орынды Кәусар Ердәулет пен Милана Маширикова бөлісті.

Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.  Шара №19 орта мектептің өнерпаз-бүлдіршіндерінің ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button