Мәдениет

Бас жүлдені Ойыл театры иеленді

Фестиваль

Ақтөбеде өткен халық театрларының «Театр — өнердің ұлы көші» атты Х аймақтық фестивалінде Тахауи Ахтанов атындағы бас жүлдені Ойыл аудандық халық театры жеңіп алды.

Ойыл аудандық халық театры (режиссері — Ерболат Есенбекұлы) фестивальда Т.Ахтановтың «Арылу» драмасын сахналаған еді. Қойылым көрерменді өзгеше режиссерлік шешім, актерлер ойынының шынайылығы арқылы баурады. Бас жүлде иегеріне 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Фестивальға қатысушыларға бас жүлдеден бөлек, бірнеше номинациялар бойынша марапаттар табысталды. «Үздік режиссура» номинациясы бойынша  Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» музыкалық комедиясын сахналаған Шалқар аудандық халық театрының режиссері Асылхан Дәрібаев жеңімпаз атанды.
Нақ осы туындыны ұсынған тағы бір театр — Әйтеке би ауданының халықтық «Замандас» театры (режиссері — Шара Бекназарова) «Үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша марапатталды. Ал «Үміт» номинациясы бойынша жүлде Батыс Қазақстан облысының Бөрлі аудандық «Мұрагер» халық театрының актрисасы Гүлсезім Қуанышқалиеваға табысталды. «Үздік ер адам бейнесі» номинациясының жеңімпазы — Маңғыстау облыстық «Ақ жол» жастар театрының актері  Рамазан Таңсықбаев. Эпизодтағы үздік рольге берілетін жүлдеге Ойыл халықтық театрының актрисасы Жаңылдық Бисенғалиева ие болды. Ал Атырау облысының Қызылқоға аудандық халық театрының актері Сағадат Мұратұлы «Актерлік ізденісі үшін» номинациясының жеңімпазы атанды.

Номинациялар бойынша жеңімпаздарға 50-100 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Айта кетелік, «Театр — өнердің ұлы көші» атты халық театрлары фестивалі Ақтөбеде екі жылда бір рет өткізіледі.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button