«Бақытты бала»

Балалар табиғатты аялайды

Байқау

Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің ұйымдастыруымен балалар үйі тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» тақырыбында байқау ұйымдастырылды. Облыстық білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған шара «Бақытты бала» жобасының аясында өткізілді.

29 қаңтарда жарияланған байқау 19 наурызға дейін жалғасты. Екі айға жуық уақыт бойы балалар табиғатты қорғау тақырыбында үздік шығарма, үздік сурет сайыстарында бақ сынады. Байқауға облыстағы тоғыз балалар үйінің —  Алға облыстық балалар үйі, №7 арнайы (түзетім) мектебі, Жайсаң арнайы білім беру ұйымы және  Темір, Қобда, Хромтау, Мәртөк аудандарындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйлері мен Ақтөбе облыстық есту қабілеті бұзылған балалар интернат-колледжінің, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған облыстық арнаулы түзету мектеп-балабақшасының 200-ге жуық тәрбиеленушісі қатысты. Байқауға 141 сурет және 39 шығарма ұсынылды.

Балалар шығармалары негізінен «Мен табиғатты сүйемін», «Біз таза ауаны қолдаймыз!», «Жер-Ана», «Табиғатты қорғау — Жердегі өмірді қорғау», «Табиғатты аялау — біздің міндетіміз» сынды түрлі тақырыптарға арналған.

Балалардың еңбектерін құрамында аталған департамент мамандары, «Ақтөбе – Дарын» орталығы мен мектеп мұғалімдерінен тұратын қазылар алқасы бағалады.

Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған облыстық арнаулы түзету мектеп-балабақшасының 3-сынып оқушысы Виолетта Лямзина,  Алға балалар үйінің 5-сынып оқушысы Фидорус Виктор және Ақтөбе облыстық есту қабілеті бұзылған балалар интернат-колледжінің 10-сынып оқушысы Аружан Жақаева «Ең үздік сурет» номинациясы бойынша жас ерекшеліктеріне қарай бас жүлдеге ие болды. Виктор Фидорустың еңбегі жоғары бағаланып, Астана қаласында өткізілетін  Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатқа қатысуға жолдама алды. 26 қатысушы — бірінші, 26 қатысушы — екінші, 36 қатысушы үшінші жүлделерге ие болды. Жеңімпаздар да, қатысушылар да дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды.

 Бағдат АЙТМАҒАНБЕТОВ, Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің жетекші маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button