«Бақытты бала»

«Бақытты бала» жобасын жүзеге асыру жандана түспекші

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен жиында «Бақытты бала» жобасының жүзеге асу барысы талқыланды.

Облыста 2018 жыл — Балалар жылы деп жарияланып, оның аясында «Бақытты  бала» жобасы іске асырылуда. Жобаның алғашқы үш айында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 53 мыңнан астам балалардың қатысуымен 300-ге жуық іс-шара өткізілді.

Мұнда жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсету басты назарда. Кәсіпорындар мен мемлекеттік органдарға 925 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қамқорлыққа алу жүктелген. Үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында олар тұрғын үй жинақ банкісіндегі балалардың жинақ шоттарын 22 миллион теңгеге толтырды. Жобаның басынан бастап үш жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, спорт алаңдарының желісін кеңейтуге бюджеттен 95 миллион теңге, спорт залдарының, алаңдардың және ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 116 миллион теңге бөлінді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да назардан тыс қалмайды. Облыстың мектептері, сондай-ақ үйде оқитын 337 бала есте сақтау дағдыларын дамыту үшін және білім беру үдерісіне көмектесетін арнайы бейімделген сенсорлық құралдармен қамтамасыз етіледі.

440 кәсіпкердің қолдауымен 35 мыңға жуық бала Наурыз мейрамына арналған қайырымдылық мерекелеріне қатысты. Оларға мерекелік дастарқан жайылып, кинотеатрларда мульфильмдер көрсетіліп, ойын-сауық орталықтарында ойындар ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, 21-22 наурызда облыстағы барлық спорт ұйымдарының қызметтері балалар үшін тегін болды.

Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласы мен Алға, Ырғыз, Мұғалжар, Шалқар аудандарында жобаның іске асу  деңгейінің жеткіліксіз екенін атап өтті.

— Жалпы алғанда, белгілі бір жұмыстар жүріп жатыр, бірақ оны әлі де жоғары деңгейде ұйымдастырудың барлық мүмкіндіктері бар. Сондықтан жобаны іске асыруды күшейтіп, оған кәсіпкерлерді белсенді тарту қажет. Ең алдымен, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету шаралары қарастырылуы тиіс, — деп облыс басшысы жиынды қорытындылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button