Мереке

Жарапазан айтылып, дастарқан жайылды

Хромтау ауданының әкімдігі мен аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қалалық білім мекемелері және Тау-кен техникалық колледжі ұжымдарының қатысуымен шеру өтіп, жарапазаншылар қаланы аралап, жарапазан жырын айтты.

Жарапазан айтқан жарапазаншы жігітке жоралғы беріліп, шерушілерге қазақтың ұлттық тағамдары мен бауырсақ ұсынылды.

Шеруден кейін халық аудан өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалап, флешмобқа қатысып, «Қара жорға» биін биледі.

Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында аудан орталығындағы «Қазақстан» мейрамханасында кәсіпкер Еламан Избастиннің демеушілігімен балаларға арналып «Балаға мейірім сыйлайық!» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Шараға аудан әкімі Аманғали Бердалин, аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев, аудандық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева, сондай-ақ аудандағы мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан дарынды балалар мен үздік оқушылар қатысты.

Шара барысында Наурыз мерекесін кеңінен насихаттау негізінде балаларға қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, көрме ұйымдастырылды. Мектептен тыс білім беру орталығының дарынды балалары қонақтарға арнап өз өнерлерін көрсетті.

Мерекелік дастарқаннан дәм татып, ұлттық ойындар арқылы көңілі көтерілген балалардың аға-апаларына игі тілектерін жеткізді.

Айта кету керек, Наурыз мерекесіне орай Хромтау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен Көктау ауылдық округінің Нұрлыкөш орта мектебінде қазақ күресінен біріншілік өтті. Аталмыш жарысқа 100-ге жуық спортшы қатысты.

Д.ТАУАНОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button