Басты жаңалықтарДенсаулық

Көктемгі әлсіздіктен қалай құтыламыз?

Қазақ әу бастан көктемді «қараөзек шақ» немесе «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп атайды. Осы мезгілде көпшілігіміздің көңіл-күйіміз нашарлап, жұмысқа деген қабілетіміз  төмендеп, бойда енжарлық пайда болады. Ал дәрігерлер бұның адам бойындағы дәрумендердің азаюынан туындайтынын айтады. Ағзада дәрумен тапшылығы сезілсе түрлі аурулар өршиді. Ал әлсіздіктен қалай құтыламыз? Дәрігер қандай кеңес береді?

Дәрігер не дейді?

 Дәрігерлердің пайымдауынша, көктемде адам бойындағы әлсіздіктің барлығы  дәрумен жетіспегеннен пайда болады. Дәрумен жетіспеушілігінің де түрлі себептері бар. Егер дәрумендер ағзаға жеткіліксіз мөлшерде түссе, асқазан ауырса,  дәрумендер ағзаға сіңбейді. Бұның соңы дәрумен тапшылығына әкеледі. Бұл, әсіресе көктемде ерекше байқалады. Осы кезде ағзадағы дәрумендер қорын толтырып отырмаса, эндокринді жүйенің  жұмысы нашарлап, созылмалы аурулардың өршу қаупі артады екен. Бұған қоса ауа райының өзгеруі де адамның көңіл күйіне әсерін тигізеді. Осы кезде адамдардың көпшілігінің қан қысымы төмендеп, басы ауырады. Ақтөбе қаласындағы №2 емхананың учаскелік терапевті Айгерім Жапишеваның айтуынша, көктемде созылмалы аурулар өрши түседі. Әсіресе асқазан, ішек жолдарының аурулары асқынады.

— Көктемде барлық адамның бойында әлсіздік пайда болады. Оның ішінде созылмалы сырқатқа шалдыққандарға тіпті қиын. Сондықтан гастрит, панкреатит, холециститпен ауыратындар және  асқазан жарасы бар науқастар диета сақтағаны жөн. Көктем мезгілінде емханаға үлкендер жиі келеді. Әсіресе, жоғары қан қысымы, қан аздық, бүйрек дертіне шалдыққан адамдар кеңес сұрайды. Оның ішінде тіркеуде тұрғандарға диагнозына қарай  тегін дәрілер беріледі. Жалпы емханаға келген  науқастар жан-жақты тексеріледі. Егер қаны аз болса, асқазан жарасына шалдықса, тіркеуге аламыз. Осы ретте айтарым, дене  әлсіздігіне ұшыраған адамдар алдымен дәрігерге қаралғаны жөн. Өз бетінше дәрі-дәрмек, дәрумендерді қабылдамағаны абзал, — дейді дәрігер.

Айгерім Жапишеваның айтуынша, көктемде әлсіреудің тағы бір себебі, адамдар қыс бойы күннің қуатын алмайды. Күн болмағандықтан дәрумендер ағзаға сіңбейді. Мәселен, Д дәрумені күн арқылы бойға жақсы сіңеді екен. Ал қыс бойы бойдағы дәрумендердің қоры таусылып, көктем туған кезде  адамның басы айналып, ұйқы басады. Жүйкесі жұқарып, сәл нәрсеге ашу шақырады. Кейде қан қысымы төмендейді. Дене салмағы азайып, шаш жиі түсіп, көздің көру мүмкіндігі нашарлайды. Дененің терісі құрғап, тіпті қабыршақтанып кетеді. Бұндай кезде бұрыннан созылмалы аурумен ауыратын адамдардың дерті қайта қозса, кейбіреулер жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін. Әсіресе, ер адамдарға қарағанда әйелдер дәрумен тапшылығына жиі ұшырайды. Өйткені жүктілік, өзге де физиологиялық жағдайлар ағзадағы дәрумендерге әсерін тигізіп отырады.

— Дәрумен жетіспеген кезде құнарлы тамақтану керек.  Ет жеп, сүт ішіп, тағамдық мәзірге көкөністерді молынан пайдалану қажет. Дәрілік  дәрумендерді де қабылдаған жөн. Сондай-ақ пайдалы шөптердің тұнбасын ішкен жақсы. Мәселен, итмұрын шөбінің тұнбасы адам ағзасына өте пайдалы, — дейді Айгерім Жапишева.

Адам бойындағы әлсіздікті жеңу үшін қолданылатын дәрілік дәрумендердің табиғи көздерден алынатын дәрумендерге қарағанда ағзаға аз сіңірілетіндігі дәлелденген. Сондықтан дәрігерлер көктемде ас мәзіріне көкөністерді мейлінше көп пайдалану керектігін айтады. Әсіресе, сары май, жұмыртқа, балық, ет, сүт, ірімшікпен  күнделікті тамақтанып тұру керек. Себебі аталған тағамдарда дәрумендердің қоры көп. Мәселен, сүттің құрамындағы Д дәрумені кальций жетіспеушілігінің алдын алады. Алайда дәрумендерді қабылдамас бұрын әлсіздіктің себебін білген жөн. Яғни алдымен негізгі дертті емдеп алу керек. Осыдан кейін барып дәрігердің нұсқауымен дәрумендерді ішуге болады. Жалпы, көктемде барлық адамдарда әлсіздік пайда болады. Егер әлсіздіктен дер кезінде құтылмаса, адам жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Өйткені әлсіздік жүрекке күш түсіреді.

 АШУШАҢДЫҚ, ӘЛСІЗДІК, ҰЙҚЫШЫЛДЫҚ…

  1. А дәрумені жетіспеген кезде тері құрғайды. Шаштың түсі өңіп, жылтырлығынан айрылады. Иммунитет төмендеп, ағзаның ауруға қарсы тұру қабілеті азаяды. Бұндай кезде сәбіз, өрік, қызылша және куркума дәмдеуіші қосылған тағам жеген жөн. Ежелгі үнділіктер сүтке куркума, бал қосып қосып ішкен. Бұндай сүт көптеген жұқпалы және қабынбалы аурулардың алдын алуға септігін тигізеді.
  2. Басыңыз айналып, құлағыңыз шуылдай ма? Бұл Вжәне Е дәрумендерінің, марганец пен калийдің жетіспеушілігінен пайда болады.
  3. Көзіңіз қызарса, қараңғы жерге бірден үйренісе алмасаңыз, А және В2дәрумені жетіспейді.
  4. 4. Егер В12, В6, Р және селен жетіспесе, баста қайызғақ көбейіп кетеді.
  5. 5. Шашыңыздың түсі солғын, ұштанғыш болса, В9, С витаминдері жетіспейді.
  6. 6. Ұйқысыздықтың себебі— В тобы дәрумендерінің, калийдің, кальцийдің жетіспеушілігінен.
  7. Dдәруменінің жетіспеушілігі әлсіздікке, бүйрек пен қан тамырларының проблемаларына әкеп соғады. Бұндай кезде сүт, сүт өнімдерін, жұмыртқа мен балықты молырақ жеу керек.
  8. Теміржетіспеген кезде, ағза әлсірейді. Ал  йод жетіспеген кезде  ашушаңдық және ұйқышылдық пайда болады. Кальций жетіспеген кезде, шаш пен тырнақтың сынғыштығы,  магний жетіспеген кезде сіңірдің тартылуы және жүйкенің тозуы пайда  болады.
  9. Егер кез келген жеріңізді соғып, көгертіп алып, ол көпке дейін қалыпқа келмесе, сізде С дәрумені жетіспейді. Сондай-ақ қызыл иек қанап, жүрек жиі қағып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз де С дәрумені тапшы болуы мүмкін.

 СЕРГУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

  1. Дұрыс ұйқы — денсаулық кепілі. Күніне кем дегенде 8 сағат ұйықтап, түс уақытында мүмкіндік болса, бір мезгіл тынығып алғаныңыз дұрыс.
    2. Көктемде ашық түсті киімдер киіңіз. Әдемі киім көңілді көтереді. Гардеробыңызда ашық түсті киімдер мен аксессуарлар көбірек болсын. Сарғыш түсті көйлек немесе орамал күйзелістен арылуға септігін тигізеді.
    3. Шаршап жүрсеңіз сергудің ең тиімді жолы — моншаға түсу, ыстық ванна қабылдау. Мандарин немесе басқа да өзіңізге ұнайтын май қосылған хош иісті ванна қабылдасаңыз сергіп қаласыз.
  2. Сергек жүрудің тағы бір құпиясы — көбірек қимылдау. Физикалық белсенділік жоғары болса, ауру-сырқаудан, әлсіздіктен ада боласыз.

ФИТОТЕРАПИЯНЫҢ  ПАЙДАСЫ

Көктемгі әлсіздіктен құтылудың бір жолы — дәрілік шөптерді ішу. Мәселен, әлсіздіктен құтылу үшін өгейшөп (мать и мачеха), қалақай (крапива) мен бақбақтың (одуванчик) жас жапырақтарын 1 литр суда қайнатып, оны күніне жарты стақаннан ішіп жүрсеңіз, тәуліктік витамин мен микро­элеменеттердің орнын толтырасыз. Бұл — С витамині, кальций, темір, фосфорға бай тұнба.

Сондай-ақ шаршап, бойыңызды енжарлық билесе  қарағай қылқаны (хвоя), шүйгіншөп (валериана), сасықшөп (пустырник) жапырақтарының қайнатындысы қосылған ванна қабылдау керек. Бұл  терінің көктемде түлеп, құрғап, қабыршықтануына жол бермейді. Әрі жүйкені тыныштандырып, ұйқыны жайландырады. Ал жақсы ұйқы ертеңгі күннің көңілді басталуына жол ашады.

 САРЫМСАҚ МИКРОБТЫ ЖОЯДЫ

Көктемде сарымсақтың пайдасы зор. Ол В1 тобының дәрумендері мен С, Д дәрумені, йод, май, тағы да басқа заттарға бай. Оның құрамында ауру тудыратын микробтарды жоятын ерекше бактерицидтік заттар болғандықтан, ол медицинада кеңінен қолданылады. Жапон ғалымдарының пайымдауынша, сарымсақ адам миындағы қартаю процесін бәсеңдетіп,  оның жасушаларын тазартып отырады екен. Асқазан, ішек, жүрек аурула­рын емдеуге де сарымсақ пайдалы көрінеді. Қан айналымын реттейді, аурудың асқынуына жол бермейді.

Көктемде пайдалы тағамның бірі — пияз. Пияздың құрамында С дәрумені мен каротин көп. Көктемнің көкөніс шыға қоймаған кезеңінде пиязды ас мәзірінен түсірмеген жөн. Өйткені пияз ауру жұқтырмайтын және қырқұлақ ауруына  қарсы заттарға бай.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button