«Бақытты бала»

Б.Сапарбаев: Балалар үлкендердің қамқорлығын сезінуі керек

Наурыз мерекесінде балалар да назардан тыс қалған жоқ. «Бақытты бала» жобасы аясында мереке күндері облыс бойынша отыз мыңға жуық балаға сыйлық беріліп, түрлі қайырымдылық шаралары жүзеге асты. Ал Ақтөбе қаласы бойынша 5 мыңнан аса бала қамтылды.

Ақтөбе қаласындағы ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалар балдырғандарға арнап дастарқан жайып, оларға түрлі сыйлықтар берді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған жергілікті билік өкілдері  «Керуен сити» ойын-сауық орталығындағы мерекелік кешке қатысты. Бұл жердегі қайырымдылық шарасына бес жүзге жуық бала шақырылды. Жүзден аса бала мұзда тегін сырғанаса,  «Таксим» мейрамханасы жүз балаға дастарқан жайып, тәттілер үлестірді. 150  бала кинотеатрдан мультфильм  көрді. «Медиапро» продюсерлік орталығының балдырғандары ән айтып, би биледі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балаларды Наурыз мерекесімен құттықтады.

— Еліміздің болашағы — балалар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балалардың білім алып, олардың еркін өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының шеңберінде біз осы жылды балаларға арнадық.  Мақсат — барлық мүмкіндікті пайдаланып, ақтөбелік балаларға жағдай жасау. Біздің елдің балалары қатарластарынан қалмауы керек. Білім алып, спортпен айналысып, жетістікке жетуі тиіс. Сондықтан балалардың игілігі үшін мектептер мен орталықтарды көптеп салып жатырмыз. Балалар үлкендердің қамқорлығын сезінуі керек, — деген облыс әкімі ақтөбелік кәсіпкерлерді акцияға қатысуға шақырды. Түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп, көмек көрсетуге үндеді.

Сондай-ақ бұл күні облыс әкімі «Очаг» мейрамханасындағы мерекелік кешке қатысты. Бұл жерде мейрамхана басшылығы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және ата-анасыз өскен 100 балаға арнап дастарқан жайыпты. Облыс әкімі балаларды Наурыз мерекесімен құттықтап, жақсы оқуларына тілектестігін білдірді. Шығармашылық академиясының жас дарындары мерекелік концерт қойды. Балаларға арнайы сыйлықтар таратылды. Кішкентайлардың қуанышында шек болмады. Өнерлі балдырған Кәмила Балуаншинаның қуанышы тіпті ерекше.

Бүгінгі кеш біз үшін ұйымдыстырылып жатыр. Өте қызықты болды. Осы шараны өткізген аға-апаларыма ризамын. Барлығыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын, — деді кішкентай қыз. Ал Сазды ауылындағы №4 мектептен келген Жансая Орынбасар бұндай шараға бірінші рет қатысып отырғанын, кештің өте қызықты өтіп жатқанын айтты. Осыдан жеті жыл бұрын Ресейдің Барнаул өлкесінен көшіп келген қаладағы №22 мектептің 7-сынып оқушысы Алена Шутова да өз тілегін айтты.

— Дастарқан жайып, сыйлық берген үлкендерге алғысымыз шексіз. Кеш керемет өтті. Ән айтылып, би биленді. Өзім қатарлы балалармен таныстым. Мені осындай кештерден қалдырмайтын ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, — деді ол. Алена әжесінің тәрбиесінде. Мектептегі белсенді оқушының бірі.

Жиынның соңында жергілікті жас өнерпаздар ән шырқады. Ал қатысушы қонақ балалар бірге билеп, қосылып ән айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button