Билік

Салықтан жалтарғандар назарға алынады

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжіліс бюджетке салықтар мен жиналымдар түсімдерінің толықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

Мәжіліске облыстық және қалалық салық органдарының, жылжымайтын мүлік орталығы, облыстық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары, бақылау және әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, көлік бақылау департаменттері, көші-қон полициясы және облыстық ІІД жол полициясы басқармалары, қалалық прокуратура, қалалық ішкі істер, сәулет, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары қатысты.

2010 жылғы І тоқсандағы кірістер жоспарының орындалу қорытындылары және  бірінші жартыжылдықтағы, соның ішінде сәуірдегі күтілетін түсімдер туралы Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасының бастығы Сергей Ли баяндама жасады. Ол хабарлағандай, биылғы жылдың бірінші тоқсанында қалалық бюджет бойынша болжамды 2 млрд. 498 млн.теңгенің орнына 2 млрд. 775 млн. 572 мың теңге түсті. Сөйтіп, бірінші тоқсанда қала бойынша бюджеттің орындалуы 111 пайызды құрады. Сонымен қатар қалада бюджетке қосымша түсімдер іздестіру үшін әлі де резервтер аз емес.

С.Лидің айтуынша, заңды тұлғаларға тиесілі ғимараттың бірінші және нөлінші қабаттарында орналасқан кәсіпкерлік қызмет объектілері бойынша тіркелмеген, демек есепке алынбағандарды түгендеуге сәйкес жүргізілген рейдтер нәтижесінде көптеген тәртіп бұзушылықтар анықталды. Солардың арасында бағалау құнын төмендету, кәсіпкерлік қызметті салық органында тіркетпей жүзеге асыру, алкоголь өнімдерін лицензиясыз сату, жарнаманы заңсыз пайдалану, жолаушылар тасымалдау, сату және басқа деректер бар. Айыппұлдар төлету және есепке қоюға сәйкес алынған шаралар нәтижесінде бюджетке миллиондаған теңге түсті.

«Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК бастығы Т.Әбдіхалықов, ІІД көші-қон полициясы басқармасы басшысы А.Құрметов, көлік-бақылау басқармасы бастығы Б.Дабыл бірлескен қызметті үйлестіруге сәйкес нақты ұсыныстар айтты. Мемлекеттік органдардың тексеру жүргізу тәртібі, жасалған бақылау-қадағалау қызметтері туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Ақтөбе облысы бойынша Статистика және есепке алу басқармасының бастығы Ә.Мырзалин хабарлама жасады.

Қала әкімі А.Мұхамбетов атап көрсеткендей, салық органдарының ауқымды жұмысына қарамастан, бүгінгі күні түрлі бақылаушы органдар жұмысында нақты өзара байланыс жоқ. Жекелеген азаматтар ұзақ уақыт бойы заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырып, сатумен айналысады, халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік алады. Олардың рұқсат құжаттары жоқ, салық төлемейді, азаматтарға заңсыз бәсекелестік туғызады, салық, жер, сәулеттік, құрылыс заңнамасын, санитарлық-экологиялық ахуалды бұзады. Әрине, мемлекеттік органдар шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтірмейді. Билік заңды жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді қолдайды және көмектеседі. Бірақ қала әкімдігі тәртіпті бұзатындармен ымыраға келмейді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша облыстық және қалалық бақылаушы органдар жұмысының бірегей жүйесін жасап, салық заңнамасының орындалуын және салық салынатын негіздің кеңеюін қамтамасыз етуге сәйкес бірқатар нақты шаралар әзірленді.

Заңды және жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге тиесілі жылжымайтын мүліктерді қайта бағалау жөніндегі іс-шаралар жалғасатын болады. Мамырда халыққа қызмет көрсету үшін пайдаланылатын сауда павильондарына, дүңгіршектерге түгендеу жүргізу жоспарлануда. Өйткені биылғы 1 қаңтардан бастап оларға мүлік салығы салынады.

Еңбекақы бойынша берешектері бар кәсіпорындар қатаң бақылауға алынады.

Арнаулы жұмыс тобы Ақтөбе облысының аумағына келген заңсыз мигранттарды, қала базарында сауда жасап жүрген, шетел жұмысшыларының еңбегін әлеуетті түрде пайдаланатын салаларда жұмыс істейтін шетелдіктерді анықтауға сәйкес жұмыс жүргізеді.

Ойын автоматтары бойынша тіркелген салықты анықтау мақсатында ойын салондарына, сондай-ақ алкоголь өнімдерін сататын қаланың сауда нүктелеріне рейдтер жүргізіледі. Жолаушыларды жеке тасымалдауды, сауда, жарнама қызметін  жүзеге асыратын салық органдарында тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтап, оларды есепке қою және салық төлеуге тарту шаралары жалғасады.

Мәжілісте талқыланған маңызды мәселелердің бірі жалдайтын, бірақ иелері заңмен белгіленген тәртіпте салық төлемейтін пәтерлерді анықтау болды. Бұл мақсатта салық комитетіне ішкі істер басқармасы, «Жаңа үй» ЖШС, «Табыс Ақтөбе» ЖШС -мен бірге «Болашақ», 12-шағын аудандардағы, Набережный-Қонаев, Пожарский көшелеріндегі пәтер жалдаушыларды анықтауға сәйкес түгендеу жүргізу тапсырылды.

Қала әкімі сондай-ақ жалдамалы жер учаскелері бар, бірақ бір және одан да көп жыл бойы салық төлемейтіндермен жұмыс белсенділігін арттыруды тапсырды. Салық бойынша қарыздарын өтемеген жағдайда жалдау шарты бұзылатын болады.

Мұның бәрі, әрине, жоспарланған іс-шаралардың бәрін қамтымайды. Алынған шаралар азаматтардың салық заңнамасын орындау және бюджетке түсімдерді ұлғайту жөніндегі жұмысты жүйелендіруге мүмкіндік береді. Барлық бақылаушы органдар тапсырмалар бойынша қала әкімдігіне апта сайын есеп беретін болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button