Билік

2020 жылға белгіленген негізгі мақсаттарға таяудағы бес-алты жыл ішінде жетпек ойымыз бар

Елеусін Сағындықов:

2020 жылға белгіленген негізгі мақсаттарға таяудағы бес-алты жыл ішінде жетпек ойымыз бар

Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов «Казахстанская правда» газетінің тілшісіне сұхбат берген болатын.  2010 жылғы 17 сәуірде (№94-96)  жарияланған «2020 жылға белгіленген негізгі мақсаттарға таяудағы бес-алты жыл ішінде жетпек ойымыз бар» деп аталатын бұл сұхбаттың авторлық толық нұсқасын ұсынып отырмыз.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында таяу онжылдықта көш бастаушысы болудың қазақстандық жолының негізгі бағыттарын белгілеп берді және  бұл ретте экономиканы үдемелі индустриялды-инновациялық тұрғыда

дамытуға баса назар аударды. Қазір осы бағдарламаны жүзеге асырудың әр аймақтағы нақты жоспары жасалды. Біз Президентіміздің жаңа стратегиясына әзірлік және оны жүзеге асыру жолдары жөнінде Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовпен әңгімелескен едік.

— Облыс халқы қай кезде де Президентке ықыласты сенім білдіріп келеді, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды бірауыздан қолдап отыр. Қазір, әсіресе, Қазақстанның беделі әлемдік деңгейде әбден нығайып болған кезеңде, бұл тіпті анық байқалады. Дегенмен жаңа стратегияларды қабылдау бұрынғының барлығынан бас тарту болып саналмайды, тек жаңа жағдайларға байланысты тиесілі түзетулер енгізіп отыру қажет, — дейді Елеусін Наурызбайұлы. — Айталық, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену мақсаты қазір де көкейкестілігін жойған жоқ. Алайда жаңа онжылдық барысында бұл мақсатқа заманмен үндесе алатын әдістер арқылы ғана жете аламыз. Біздің еліміз үшін бұл — үдемелі индустриялдық-инновациялық даму міндеттерін еңсеру.

Соңғы бес жылда мынаған анық көзіміз жетті, Қазақстан өзінің дамуы барысында қысқа мерзім ішінде тек индустрияландыру арқылы ғана сапалы секіріс жасай алады. Мемлекет басшысының кезінде аймақтарға сенім артуы, олардың рөлін «ұлттық экономиканың локомотиві» дәрежесіне лайықтауы қапысыз ақиқат болып шықты. Көптеген аймақтар, тіпті дағдарыс кезінде де кедергілерді сәтті жеңіп, әлеуметтік саланың даму қарқынын тұрақты жолға сала білді. Бұл  Ақтөбе облысына да тән құбылыс. Біз жаңа онжылдықтың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға әзірміз, жаңа Қазақстанды орнықтыру үшін өз мүмкіндіктеріміздің тиімді механизмдері мен бағыттарын қарастырдық және бұл іске облыстың барлық кәсіпорындары мен тұрғындарын жұмылдырудың жаңа формаларын іздестіріп отырмыз. Себебі, Президентіміз айтқандай, бұл бүкілхалықтық шаруаға айналуы қажет.

— Елеусін Наурызбайұлы, сіз көпшілік алдындағы сөздеріңізде бұл ретте облыста барлық қажетті резервтер мен мүмкіндіктер бар екендігін, жеткілікті күш-қуат жинақталғанын талай рет айттыңыз…

— Мен мұны нақты цифрлар мен фактілер арқылы да дәлелдеп бере аламын.Облыстың үдемелі индустриялдық-инновациялық дамуының аймақтық бағдарламасы бойынша 2015 жылға дейін құны 12,8 миллиард доллар болатын 112 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеген едік. Бұл 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беруге тиіс еді. Біздің есебіміз бойынша, 2020 жылға дейін облысымызға барлығы 28-30 миллиард доллар көлемінде отандық және шетелдік инвестициялар тартылмақ. Міне, осының арқасында облыста алғашқы бесжылдықтың міндеттері параметрлердің басым бөлігі бойынша елеулі түрде ерте игерілмек.

Бұған қоса 2020 жылға бағдарланған Стратегияның негізгі ұзақ мерзімді мақсаттарына ақтөбеліктер жуықтағы бес-алты жылда қол жеткізуге тырысады. Мына жайды ескерте кетейін, бұл бағдарламалық міндеттерді жүзеге асыруға біз жыл басында-ақ кірісіп кеттік. Бірінші тоқсанда өнеркәсіп өнімдерін өндіру екі есе дерлік өсті, сөйтіп мемлекет қазынасына 98 миллиард теңге түсті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артық болып шықты. Өнімнің нақты көлем индексі 116 пайыз құрады. Тек биылғы жылы ғана инвестиция 1,3 есеге өседі және оның көлемі 400 миллиард теңгеге жуық болады. 43 инновациялық жоба іске қосылады, оның 25-і Индустрияландыру картасына енгізілгендер болмақ.

Құрылыс саласына келейік. Қазір құрылыс индустриясында 123 кәсіпорын тиімді жұмыс істеп жатыр, бұлардың көпшілігі осы заманғы технология бойынша және жаңа құрал-жабдықтармен аса қажет етіліп отырған өнімдерді шығаруда. Ескерте кетейін, 2014 жылға аяқ басар шақта құрылыс индустриясының жаңа объектілерінің іске қосылуы арқасында ішкі қажеттілікті жергілікті құрылыс материалдарымен қамту кем дегенде 80-85 пайызға жетпекші. Бұл жаңа кәсіпорындар шығаратын өнімдердің 70 пайызға дейінгісі экспортқа жіберіледі. Жаңа өнеркәсіп орындарын іске қосу есебінен, яғни екі ферроқорыту, металлургиялық, мыс балқыту зауыттары және басқа объектілер есебінен, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2015 жыл келген шақта 14 пайызға дейін өседі.

Бізде шағын және орта бизнес саласының іргетасы да мығым қаланған: жұмыс істейтіндердің саны барлық экономикалық белсенді тұрғындардың жартысынан астамын құрайтын болады, ал бұл экономиканың осы секторының үлесін жалпы аймақтық өнімге шаққанда 40 пайызға өсіруге мүмкіндік береді. 2012 жылғы кезеңге облыс халқын негізгі азық-түлікпен жергілікті өнімдер есебінен қамтуға қол жететіндігіне толық сеніміміз бар. Бұл жетістікке агроазық-түлік белдеуін дамыту арқылы ие боламыз. Осы кезеңге дейін халықтың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне деген сұраныстарын да қанағаттандырамыз. Тек биылғы жылы ғана бұл желі айтарлықтай кеңейтіледі және балаларды қамту 80 пайызға жетеді.

— Ақтөбе облысы республикада жоғары рейтингіге ие болып келеді. Өңіріміз осы көшбастаушылықты бұдан әрі қарай да ұстап тұра беруге әзір ме?

— Бұл сауалға қысқаша жауап қайтарайын. Көшбастаушылықты ешкімге бермеу біздің мақсатымыз емес, бірақ алдыңғы лекте болуға әрқашанда тырысып бағамыз. Бұл алдағы бесжылдыққа да қатысты айтылар әңгіме. Алғашқы орындарда жүру үшін қажымай еңбек ету керек және алға қойылған мақсаттан көз жазып қалуға болмайды. Басқалар секілді оң нәтижелерді ұдайы сақтап, оған қоса, проблемалардың шешімдерін таба отырып, біздің облыс, сөз жоқ, көшбастаушылық позицияны ұстап тұра алады.

— Ақтөбе облысында өңірлік индустриялық аймақ құру көкейкесті мәселе болып қала бере ме?

— Сөз жоқ, солай, себебі өнеркәсіп ұйымдарының формалары уақыт талабына жауап беруі қажет. Мұндай өнеркәсіптік ұйымдардың артықшылығы мынада. Рас, индустриялық аймақ құру (ИА) ешқандай да салықтық немесе кедендік жеңілдіктер әпермейді. Индустриялық аймақты дамытудың басты ынталандырушы факторы — кәсіпкерлерге іс бастарда кезігетін кедергілерді азайту және өндірістік бизнесті кеңейту.Яғни, жеке секторға өндірісін орналастыру үшін жер учаскелерін беру; кадрларды даярлау мен қайта даярлауға арналған оқу орталықтарын құру; өндірістік, көліктік-логистикалық, ақпараттық, офистік және көрмелік инфрақұрылымдар жасақтау, т.б.

Бұдан бес жыл бұрын өңірлік ИА құру  «Құрылыс материалдары» кластерін дамытумен байланыстырылды. Одан бергі уақыт ішінде құрылыс материалдары өндірісі әлдеқайда дамыды, оның мамандануы күшейді. Дегенмен бұл — индустриялық аймақты өңірлік өнеркәсіптік мамандандырудың бір варианты ғана. Инновациялық экономикаға көшу стратегиясы индустрияландырудың үдемелі міндеттеріне сәйкес жаңа басымдылықтарды айқындайтын болады.

Біздің облысымызда өнеркәсіптегі басты басымдылық кен-металлургиялық комплексті дамыту болып саналады, әсіресе, қайта өңдеу секторы мен жалпы өңдеу өнеркәсібіне ерекше назар аударылады. Жаңа бағыттарды өнеркәсіп ұйымдарының мамандандырылған формаларында, соның ішінде индустриялық аймақ шеңберінде пайдаланып көру оңды іс болмақ, бұл ретте пилоттық кластер түрінде байқаудан өткізілгені жөн болар еді.

Сондай-ақ сирек кездесетін металлургия, қатты қорытпа, мыс кластері, минералдық тыңайтқыштар өндіру кластері, т.б. аймақтық кластерлерді жасақтау  мәселелерін де қолға алу кезегі жетіп тұр. Бұл тұрғыда біз барлық кәсіпкерлік құрылымдармен, ассоциациялармен,сондай-ақ аймақтық индустрияландыру тәжірибесі жинақталған шетелдік әріптестермен қарым-қатынас жасауға даярмыз.

— Елеусін Наурызбайұлы, қазіргі кезде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) аймақтық компанияларға айналдырылып жатыр. Олардың қызмет өрісі өзгеруіне байланысты облыста бірігіп жұмыс істеудің тиімдірек механизмдері ойластырылып жатқан шығар?

— Әлемдік тәжірибеде ӘКК — өз қызметін өндіріс пен тауарлар, қызметтер сатудан пайда түсіруді мақсат ету арқылы жүргізетін мығым бизнес-құрылымдар. Олардың коммерциялық корпорациялардан негізгі ерекшелігі, түскен пайданы осы ӘКК құрылған жердегі тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттары үшін қайта инвестициялау болып табылады. Қазақстанда ӘКК-лер  аймақтық және аймақаралық ұлттық компаниялар ретінде жасақталды.

Үкіметтің тұжырымдамасына сәйкес олардың қызметі жаңа жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, өндірістік және экономикалық корпорацияларды күшейтуге бағытталуы тиіс еді. Әрине, бәрі де ойлағандай жүзеге аса қойған жоқ. Дегенмен олардың қызметтері оң нәтижелі тиімділіктер бергені де рас.

Біздің өңірімізде «Батыс» ӘКК-мен бірлесе отырып өндірістік кооперацияларды жаңғырту механизмдері, әлеуметтік мақсаттарға қосымша қаржылар тарту мәселелері атқарылды. Бірқатар маңызды инфрақұрылымдық объектілер тұрғызылды. Дегенмен бұл мемлекеттік құрылым ақырына дейін жетілдірілмеді, бәрінен бұрын ӘКК мен облыстық әкімшіліктер арасында өзара қарым-қатынас механизмі орнаған жоқ, сол себепті де проблемалық жайлар пайда болды.

Мына мәселе айқын, қалай болғанда да аймақтарда ӘКК немесе басқа бір мемлекеттік кәсіпкерлік құрылымдар құрылуы қажет, себебі кейбір салалардың нашар дамуы немесе жаңғыртылмауы салдарынан кластерлік әдісті пайдаланудың мүмкіндігі жоқ. Аймақтық әлеуметтік даму және кәсіпкерлік корпорациялары өңірлерді дамытудағы қосымша құрылым ретінде емес, жергілікті билік пайдалана алатын құрал есебінде қажет. Қазір ӘКК-лер аймақтық компанияларға айналдырылып жатыр. Біздің міндетіміз солардың базасында экономикалық дамудың аймақтық «локомотивтерін» жасақтауға бірлесе кірісу болмақ. Жаңа ӘКК-лерден біз мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің тағы бір ұйымдық формасын көргелі отырмыз.

Осы себептерден де ӘКК-лерді қайта құру кәсіпкерлердің аймақтық ассоциацияларының, республикалық «Атамекен» бірлестігі филиалдарының назарынан тыс қалмауы қажет. Ал барлығымыз  территориялық даму басымдықтарын нысанада ұстауымыз керек, себебі, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиясында көрсетілгендей, бұл тараптағы табыстарға инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ғана жете аламыз.

— Инфрақұрылым мәселелері алдағы уақытта да облыстың бәсекеге қабілеттілігін нығайтудағы басымдылық болып қала бере ме?

— Әрине. Көптеген ілгерілеулерге қарамастан, біздің еліміз инфрақұрылымдық салада жалпыға ортақ қазігі заманғы халықаралық стандарттардан әлі де қалыңқы келеді. Бүгінгі таңда осы заманғы аймақтық инфрақұрылым жасақтау территорияны дамытудың басты міндеттерінің бірі. Ал жаңа, «осы заманғы территориялық даму стратегиясы» қежеттігіне Мемлекет басшысы соңғы бес Жолдауының барлығында да ерекше назар аударды. Бұл стратегияның негізіне түрлі варианттар алынып отыр: экономикалық кеңістік құру мен халықты жаңа жерлерге орналастырудан бастап осы проблемаларды шешу үшін аймақтарға толық дәрежеде дербестік беруге дейін. Бірақ, басты мәселе сол, инфрақұрылым қамтамасыз етілмейінше территорияның дамуы мүмкін емес.

Менің ойымша, стратегиялық жоспарда бұл міндеттер кезеңдерге бөлінуі керек, 2015 жылға дейін, одан әрі екінші бесжылдыққа белгіленсе. Бұл ретте аймақтардың экономикасын теңгерудің нақты мүмкіндіктерін қапысыз ескеруге қол жетер еді. Оңтайлы территориялық ұйым еліміздің экономикалық потенциалын табиғи, экономикалық және еңбек ресурстары, облыстың транзиттік жай-күйін тиімді пайдалану арқылы нығайтуы қажет.

Бұл модель серпінді дамып келе жатқан, аймақтық ірі рыноктарға айнала бастаған қалалар мен аймақтардың базасында «өсу полюстерін» құру міндетіне сәтті кірігіп кетер еді. Әрине, сондай-ақ жергілікті деңгейлерде де аймақтық проблемалар мен жалпы ұлттық міндеттерді шешуге ықпал ететін кіші индустрияландыру жобалары да орындалуы керек.

— Елеусін Наурызбайұлы, стратегиялық міндеттердің негізі — инновациялық экономиканы жасақтау туралы не айтар едіңіз, бұл ретте қандай шаруалар жасалып жатыр?

— Біздің аймағымыз Президенттен, ең әуелі, осы мақсатта істеліп жатқан шаруаларымызға байланысты жоғары баға алды. Сол себепті де инновациялық экономикаға қашанда баса назар аударылады. Оның үстіне барлық озық елдер осы жолмен жүріп келеді. Әрине, таяудағы міндеттердің бірі — бізден Үкімет талап етіп отырған мәселе: шикізат саласын жаңа жағдайда дамытуға көшіру жөніндегі нақты шаралар. Үкімет көңіл бөліп отырған талаптардың бірі — мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік мүмкіндіктерін пайдалану. Міне, бұл тұста әзірге пайдаланылмаған көптеген резервтер бар.

Соған қарамастан тоқтап қалуға болмайды, жан-жақты шолып отыру керек. Бізге бәсекелестіктегі табиғат берген артықшылық 1-2 ойыншының мүддесіне, мейлі, олар өз саласында көшбастаушы болған күнде де, пайдаланылмауы керек. Оның үстіне жаңа стратегияда барлық аймақтардың және жалпы еліміздің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру міндеті қойылды.

Біздің облысымызда барлық жүйе құрушы және ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының орта және шағын бизнеспен бірігіп  атаулы-қосалқы өндіріс құруы жөніндегі жұмыстарын өрістету керек. Ірі компаниялардың қуатын аймақтың өзінде тауар өндіру, жұмыс және қызметтерді көбейту ісіне мол пайдалану керек. Және бұл құрылымдар өндіріс қажет ететін қазақстандық мазмұнның үлесін көбейту міндеттерімен шектеліп қалуына болмайды.

Ақтөбе ферроқорыту зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Дөң тау-кен байыту комбинаты, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қазақойл-Ақтөбе», т.б. ірі өндіріс кәсіпорындары шағын және орта бизнес кәсіпорындарының дамуына қуатты күш беретіндей тиімді тұжырымдамалар қажет. Мұны инновациялық экономиканы жасақтау шеңберіне кіріктіруге болады, себебі бұл стратегияның орындалуына біз ұдайы назар аударып отыратын боламыз.

— Шағын және орта бизнесті қолдауды стратегиялық міндеттің қай дәрежесіне жатқызуға болады? Бұл сектордың келешектегі рөлі мығымдана түсуін сіз көз алдыңызға қалай елестетесіз?

— Стратегиялық мақсатқа жүгінсек, шағын және орта бизнесті қолдау қай кезде де қажетті іс. Бүгінгі таңда өңірімізде шағын және орта бизнес жеткілікті түрде табысты дамып келеді. Дегенмен, әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің позициясынан қараған шақта, біздің резервтеріміз толық пайдаланылып жүр деуге болмайды. Мен мынандай бір мысал келтіргенім бар. Әлемнің бақуатты елдерінің бірінде, Германияда 2003 жылы 3,3 миллион шағын және орта кәсіпорын болды немесе бұлар елдегі барлық кәсіпорынның 99,0 пайызын құрады. Олардың үлесі Герман Федеративтік Республикасында 57,5 пайыз болды және барлық салық салынатын айналымның 44,8 пайызын құрады. Біздің облысымызда, соңғы бес-алты жыл ішінде, шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыс істейтіндер мөлшері экономикада қызмет ететіндердің жалпы санының 30 пайызынан 40 пайызына дейін өсті, олардың бюджетке түсіретін аударым үлестері де көбейді.

Кәсіпорындар саны нашар өсіп келе жатқанын айта кету керек, әсіресе, бұл заңды тұлғалар формасындағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына қатысты әңгіме. Ал бұлар, мысалы, ауылдық жерлердегі негізгі жұмыс берушілер ғой. Тағы бір үлкен мәселе — шағын және орта бизнес кәсіпорындарын саудадан индустриялдық секторға және инфрақұрылым салаларына үдемелі тұрғыда аудару. Алдағы уақытта қағаз жүзіндегі емес, нақты территориядағы нақты кәсіпорындардың құрылуына жағдай жасау жөнінде аудан әкімшіліктерінің жауапкершілігін арттыру керек.

— Қазіргі энергетикалық сала туралы не айтар едіңіз, себебі өңіріміздің өндірістік қуатының артуы көбіне-көп осы салаға байланысты ғой?

— «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» электр желісі іске қосылғаннан кейін біздің облысымыздағы электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Энергетикалық қуатты қажет ететін өнеркәсіп өнімдерін өндіруге жұмсалатын шығынның жалпы көлемі төмендеді және бұл жағдай 2020 жылға дейін сақтала береді. Бірақ тек сол кезге дейін ғана солай болмақ, өйткені өнеркәсіп қуатының дамуы мен үдемелі индустрияландыру міндеттері бұл есепке кіргізілмеген болатын.

Жаңа өнеркәсіп алыптарының құрылыстары жүргізілетінін есепке алатын болсақ, өңіріміз енді 2-3 жылдан кейін-ақ энергетика монополистерінің қармағына ілігеді. Әрине, бұл бағытта тиісті шаралар алынуда, бірақ бұлар, айталық, Қандыағаш газ-турбиналық электр стансасы тәрізді жекеленген мысалдар ғана.

Облыстағы жылу-электр комплексі дамуында энергия көздерінің дәстүрлі емес жаңа көздері өз биігіне шыққан жоқ. Соның ішінде территорияны дамытудың бұдан бұрынғы бағдарламаларына енгізілген сұйық синтетикалық жылу беру зауытының құрылысы да бар. Бұл кәсіпорын облысымызда өнеркәсіптің химиялық саласын дамытуға серпін берген болар еді. Сол себептен де кезінде осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеген, химиялық саланы дамыту Бағдарламасын жасаған Жұмысшы тобының қызметін қайта жаңғырту керек.

— Көлік стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі жоспарларды сөз етсек…

— Қазіргі кезде бұл стратегия республиканың таяу жылдардағы транзиттік қуатын нығайтумен тығыз байланысты. Бұл стратегияның ең белгілі және жаһандық жобасы — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік жолы дәлізі құрылысы, бұл жолдың елеулі бөлігі біздің облысымыздың территориясына тиесілі. Экономикалық есептер тұтас республикамыз үшін бұл жобаның стратегиялық табыстылығын дәлелдеп болды, ал біздің өңіріміз үшін бұл және ғажайып әлем. Жобаны жүзеге асыру Қазақстан территориясын дамыту стратегиясына толық сай келеді. Себебі бұл территориялық кеңістікті жасақтаудың негізі мағынасы — тиімді көліктік-коммуникациялық дәліз арқылы сыртқы рынокқа шығуды қамтамасыз ету.

Республикамыздың Көлік стратегиясы шеңберінде таяу жылдарда Ақтөбе облысында көліктің барлық түрлері — автомобиль, темір жол және әуе жолы  көліктері дамитын болады. Дегенмен қазіргі таңда біз үшін қолда бар көлік қуатын пайдалану, жолдардың жай-күйі мен сапасы проблемалары бұрынғыша ең көкейкесті мәселе болып қалып отыр.Біздің облысымызда тек халықаралық және республикалық маңызы бар автомобль жолдарының ұзындығы ғана 2,0 мың шақырым (1872 шақырым) құрайды, бұл жолдармен автокөліктік тасымалдардың 50 пайызы атқарылады.

Бұдан бес жыл бұрын бізде ішкі аймақтық автожолдар жоқтығы туралы ащы әзілдер айтылатын. Көптеген аудандарда расында да ауыз толтырып айтарлықтай жолдар болған жоқ, тек бағыттар ғана бар еді. Басқа жолдардың да келісіп тұрғаны шамалы болатын. Солардың біразы қазір де әрлі-берлі қатынауға онша қолайлы емес.

Қазір, әрине, жағдай өзгеріп қалды. Соңғы бес жыл ішінде Ақтөбе облысының республикалық маңыздағы 3,0 мың шақырымдай көлік жолдарында қайта жаңғырту, оңдау және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс ішіндегі, ауданаралық және ауданішілік  көлік жолдарын күтіп ұстау мен дамыту жөнінде аудан әкімдері мен сала басшыларының жауапкершілігі ұлғайтылды. Халықаралық стандарттағы көлік жолдарының құрылысы мен пайдаланылуына Ақтөбе облысының климаттық жағдайына сай тиісті бақылау жасап отыру жөніндегі жауапкершілік те едәуір арттырылды. Дегенмен бұл бағыттағы өзгерістер бізді толық қанағаттандыра қойған жоқ.

Көлік коммуникациясы саласында барлық жұмыс ҚР Көлік Стратегиясына сай жүзеге асырылуы керек. Көлік паркін жаңғырту мен жаңаша жасақтау, жүк және жүргіншілер легіне лайықтап логистикалық басқару орталықтарын құру жалғастырылуы керек. Бұның алғашқысы Ақтөбе қаласында бірінші жартыжылдықтың соңына дейін ашылмақшы. Өңірдің одан әрі экономикалық өрлеуі үшін транзиттік қуатты бұдан да тиімді пайдалану керек. Аймақтық стратегияның басты міндеті — облыстың барлық республикалық және халықаралық көлік дәліздеріне тезірек шығуын қамтамасыз ету, т.б.

— Облыс әлеуметтік проблемаларды шешуге қаншалықты дәрежеде дамып отыр?

— Мен Ақтөбе облысы экономикалық және географиялық жағынан тиімді аймаққа орналасқанын жиі айтып жүремін. Бұл, әрине, әлеуметтік проблемаларды шешу үшін өз күш-қуатын да, территориялық һәм шекаралық қарым-қатынастырды да тиімді қолдануға мүмкіндік береді. Тек бұл мүмкіндіктерді жаңа жағдайларға сәйкес тиімді пайдалана білген жөн. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті білім жүйесін құру қажет; денсаулық сақтау саласында істі ұйымдастырудың осы заманғы принциптері мен стандарттарына көшу керек; халықтың өмір сүріп жүрген ортасы мен жағдайын мүлде жаңа белестерге шығаруға міндеттіміз. Ең бастысы, 2020 жылға дейінгі территориялық даму аймақтық басқару органдарынан масштабтық әлеуметтік өзгерістердің нақты саясатын жүзеге асыруды талап етіп отыр.

Міне, іске тек осындай мақсатпен кірісу ғана территориямыздағы халықтың мазмұнды өмір кешуіне ықпал ете алады. Дамыған елдерде орта таптың ұлғаюына бас назар аударылатыны мәлім. Бұл сондай-ақ ұлттық бизнес пен елдің әлуметтік бақуаттылығының да көрсеткіші болып саналады. Сонымен қатар әлуметтік масылдықпен күресті де жалғастыра беру қажет.

Жыл өткен сайын өңірімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тұрақты түрде қысқарып келеді, кедейлер саны азаюда, нәсібін өзі табатындар көбеюде. Бұл проблеманы одан әрі шешудің ең бірегей жолы тұрғындарды өз шаруашылығын жүргізуге және өз бизнесін ашуға тәрбиелеу деп ойлаймын. Мемлекеттік дамудың жаңа идеологиясы әлеуметтік ойлау жүйесі менталитетін икемді бейімдеуді және бір-біріне сәйкес қоғамдық қарым-қатынастар жүйесін орнатуды қалайды.

Міне, осының арқасында облыста жұмыссыздық 6,4 пайыздан 5,9 пайызға дейін төмендегенін айтпай кетуге болмайтын сияқты. Өңіріміздің экономикасының үздіксіз дамуы арқасында 2015 жылы бұл көрсеткіш 3,5 пайызға төмендейтіндігіне, ал күн көрістің ең төменгі шегінен аз табысы бар тұрғындар үлесі 3 пайыздан аспайтындығына сенімдімін. Тәжірибелер қазіргі таңда өңірлік менеджмент сапасы алда тұрған стратегиялық мақсаттардың орындалуына тікелей байланысты екенін дәлелдеп отыр. Бұл ретте маңыздысы инвестициялық жобалардың жинақталған саны да емес, оларды жүзеге асыру барысындағы нақты көрсеткіштер.

Кез келген басқару әдісі, соның ішінде аймақтық басқару формасы, субъекті құрамы, алға қойылған мақсаты, оған қол жеткізу тәсілі, т.б. жөнінен көнерген қалпында қалмауы тиіс. Сол себепті бүгінгі таңда қай кездегідей де процестерге ықпал етудің жаңа формаларын тауып, басқарудың мазмұны мен құрылымын жақсартып, алға қойылған мақсаттарға жету қажет, жаңа міндеттерді ұғынатын және қабылдай білетін адамдарды іздеу керек.

Басты ерекшелік мынада, аймақтық басқару қазір айқын әлеуметтік сипат алды және ол ғылыми негізделген тәсілдерге арқа сүйеуі қажет. Сол себептен де аймақтық басқару сапасы әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуге, Қазақстанның гүлденуіне жеткізетін нақты шарт болып қала береді.

Жұбаныш БАЙҒУРИНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button