«Бақытты бала»

«Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылуда

«Облыстың кәсіпорындары мен мемлекеттік органдары мыңға жуық жетім баланы өз қамқорлығына алды» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен  өткен кеңесте «Бақытты бала» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

2018 жыл Ақтөбе облысында балалар жылы деп жарияланды. Оның аясында «Бақытты бала» ауқымды жобасы жүзеге асырылады. Жоба Білім және ғылым министрлігінен қолдау тапты. Оған отбасы мен бала мәселелерімен шұғылданатын халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлары қатысады.

— Жобаның басты мақсаты — балаларға қолайлы жағдай жасау, оларды интеллектуалдық, дене тәрбиесі, рухани-адамгершілік жағынан дамыту. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін білім басқармасы мен басқа да мүдделі органдар тарапынан жұмыстар үйлесімді ұйымдастырылуы керек. Балаларға  достық орта құру үшін біз барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек, — деп атап көрсетті кеңесті ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның мәліметі бойынша, қазіргі кезде жоба барлық 8 блок бойынша белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Мәселен, баланың дүниетанымын дамыту бағытында интерактивті жабдықтармен, кешенді робототехникамен, 3D принтерлермен облыстың білім беру мекемелерін жарақтандыруға жыл басынан бері 116,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Барлық мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базаларын жақсарту үшін 981 миллион теңге бағыттау жоспарланып отыр.

«Сандық сауаттылық — мүмкіндіктің матрицасы» блогы аясында 30 миллион теңге халықаралық дәрежедегі авиамодель кордодромының құрылысы бойынша сметалық жоба дайындалды.

«Кегельрингтен» робототехника бойынша облыстық ашық чемпионат өткізілді. Ал бірінші маусымға дейін облыстың аудандарында робототехника бойынша ресурстық орталық ашылатын болады. Сондай-ақ «Бағдарламалау негіздері» бойынша факультеттік курстар, семинарлар, конкурстар мен цифрлық сауаттылығы деңгейін арттыру бойынша халықаралық біріншіліктер өткізу көзделуде.

Өңір басшысы балаларды қазіргі заманғы компьютерлік ғылымға үйрету үшін сауатты маман керек екенін атап көрсетті.

— Барлық сатып алынған техникалар музейдің жәдігері құсап текке тұрмай, оқуға пайдаланылуы керек. Ол үшін басты назар педагогтар даярлауға аударылғаны жөн, — деді Бердібек Сапарбаев.

Ерекше оқытуды қажет ететін балалар да назардан тыс қалмайды. Оларға арналған «Кедергісіз білім» блогы бар. Оның аясында мұндай балалардың білімін дамытудың барлық шаралары қарастырылған. Оларға арналған үйлестіру орталығын ашу үстіміздегі  жылдың мамыр айына жоспарланған.

Мұнымен бірге, ерекше қажеттілікті қалайтын балалар үшін 180 орындық балалар бақшасы мен қозғалысы қиын балалар үшін сауықтыру орталығы ашылады.

«Салауатты болашақ» блогы аясында облыс мектептерін спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері 95 миллион теңге  қаржы бөлінді.

Жобаны жүзеге асыруда басты назар  жетім балалар мен ата-аналарынан айырылған балаларды жан-жақты қолдауға аударылып отыр. Бүгінгі күні кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар өздерінің қамқорлығына 938 жетім бала мен ата-аналарынан айырылған балаларды алды. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында балалардың жинақ есептерін 12,7 миллион теңгемен толтырды. Жоба басталғалы 3 жетім тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Кеңесте мұнымен бірге, білім беру мекемелерінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «Аналарға тағзым» жобасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Бұл мәселені талқылау қорытындысында өңір басшысы аталған жобаны жүзеге асыру бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button