АуылЖаңалықтар

Кәсіпкер туған ауылына спорт алаңын салмақ

Ырғыздық кәсіпкер Ибраһим Сәрсенбаевтың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. «Наурыз-Сим» ЖШС-ын басқаратын азамат туған жерінде түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп, мұқтаж жандарды қолдап жүреді.

Кәсіпкер биыл 19 миллион 500 мың теңгеге аудан орталығынан балаларға арналған спорт алаңын салмақ. 230 адамның отырып көруіне арналған алаңда балалар жазда футбол ойнаса, қыста хоккей тебеді.

— Облыс әкімі өз есебінде биылғы жылдың балаларға арналатынын, «Бақытты балалық шақ» жобасының жүзеге асатынын айтқан еді. Өңір басшысының бастамасын біз қуана қолдаймыз. Балаларға барлық мүмкіндіктің жасалғанын қалаймыз. Қалада бар нәрсе ауылда да болуы керек. Жалпы өзім шетелде жиі боламын. Байқағаным, Еуропада балалар үшін барлық жағдай жасалған. Сондай мүмкіндіктер біздің елімізде, оның ішінде ауыл балаларына жасалса, тіпті қуантарлық жағдай болар еді, — деді кәсіпкер.

Ибраһим Сәрсенбаев былтыр «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан орталығынан балалар үйінің  жеті тәрбиеленушісіне үй салып берді.

— Ырғызға көгілдір отынның тартылуы кәсіптің жандануына себеп болды. Бұрын екі-үш ғимаратты жылыту үшін айына 600-700 мыңға дейін ақша төлейтін едім. Қазір газ келіп осы қиындықтардан құтылдық. Жаңа істерді қолға ала бастадық. Ата-анасыз өскен балаларға арналған үйдің құрылысы желтоқсан айында бітті. Қазір балалар заттарын әкеліп, жартылай көшіп қойды. Тек газ кіргізуді күтіп отыр. Себебі газдың кейбір мәселелері облыс деңгейінде шешіледі екен, — дейді ырғыздық азамат.

Кәсіпкер бұндай қайырымдылық шаралары әлі де жалғасатынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button