ЖаңалықтарЭкономика

Бердібек Сапарбаев: Нәтиже былтырғыдан кем болмауы керек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен мемлекеттік кірістер департаментінде кеңейтілген кеңес өтті.

Оған осы саланың қызметкерлерімен бірге, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары шақырылды. Салық және басқа да төлемдер мәселесін қозғап, өткен жылғы жұмыстарға баға берген облыс әкімі Бердібек Машбекұлы бұл саланың қызметкерлерінің алдына былтырғыдан нәтиже кем болмау керек деп жаңа  міндет қойды. Осының өзінен-ақ мемлекеттік кірістер органдарының  жұмыс нәтижесінің өткен жылы жоғары болғанын байқауға болатын еді. Ол жөнінде аталған кеңесте Ақтөбе облысы жөніндегі мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айбек Паяев  кеңінен таратып айтты.

Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттерінің бірі — бюджеттің кіріс бөлігін атқарудағы жұмыстарына тоқталған басшы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Мәселен, департамент басшысының кеңесте мәлімдегеніндей, өткен жылдың қорытындысы бойынша шоғырланған бюджет 107,3 пайыз орындалған. Яғни жоспар 440,5 миллиард теңге болса, нақты түсім 472,6 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсу қарқыны 137,4 пайызға жетіп немесе 128,7 миллиард теңгеге артық түскен.

Республикалық бюджет бойынша жоспар 100,8 пайыз орындалды. Бұл жерде де өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 75,7 миллиард теңге артық түскен.

Сондай-ақ жергілікті бюджет бойынша да жоспар артығымен, яғни 103,2 пайыз орындалып, 3,1 миллиард теңге қаржы  көзделгеннен артық түскен.

Өткен жылы кірістер органдарының қызметкерлері  жоспарды толық және асыра орындаудың барлық шаралары алды.

— Кіріс бойынша жоспардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында көлеңкелі айналымды қысқарту және қосымша резервті анықтау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде облыс бюджетіне 47,8 миллиард теңге кіріс түсті, — деп атап көрсетті  департамент басшысы өзінің баяндамасында.

Бұл табысқа кірістер органдарының қызметкерлері жүргізілген тексерулердің, камералдық бақылаудың, салықтық, кедендік  тексерулердің, басқа да жүргізілген көптеген тиянақты шаралардың нәтижесінде қол жеткізді.

Өткен жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда  аяқталмаған қылмыстық істер бойынша кейбір шығын көздерінің төмендегені байқалды.

— Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеті — еліміздің бюджетін толтыру, қылмыстық іс-әрекет салдарынан мемлекетке келтірілген залалды өндіру және орнын толтыру болмақ. Бұл бағытта да бізде нәтижелі жұмыстар бар. Экономикалық тергеулер қызметімен өткен жылы анықталған залалдың орнын  толтыру бойынша барынша жұмыс атқарылып, нәтижесінде 7,6 миллиард теңге көлемінде залалдың орнын толтыру қамтамасыз етілді, — деді департамент басшысы. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда залалдың орнын толтыру үлесі 50 пайыз өскен.

Департамент басшысы кеңесте үстіміздегі  жылы да мемлекеттік кірістер органдары алға қойылған міндетті толық орындайды деп сендірді.

Кеңесте облыс әкімі  кірістер органдары қызметкерлерінің өткен жылғы жұмыстарын  жан-жақты талдап, жоғары баға беріп, алдарына жаңа міндеттер қойды. Салық, өзге де төлем түрлерін төлеуді жақсартуға, оның көздерін ұлғайтуға қатысты кеңесте көтерілген мәселелерді толық қолдайтынын білдірді. Әрбір салық төлеуші  біздің өңірге тіркелуге тиісті екенін айрықша ескертті. Бұл бағыттағы шешілуге тиісті  мәселелерді атады. Салық төлемдеріне байланысты саяжайларда тұратын тұрғындармен жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.

— Халықтың әл-қуатын, жағдайын жақсарту үшін экономика жұмыс істеу керек. Оның ішінде бюджет, бюджеттің кіріс бөлігі айрықша орын алады. Неғұрлым бюджетке көбірек қаржы түсетін болса, соғұрлым шешілмей жатқан мәселелерді біз тезірек шешеміз. Сондықтан осы мәселелерді тиянақты шешуде сіздердің орындарыңыз бөлек. Өткен жылғы көрсеткіш жоғары болды, — деп атап өтті облыс басшысы.

Алайда қол жеткен нәтижемен шектеліп қалмай, осы жұмысты одан әрі табысты жалғастыруды міндеттеген облыс әкімі  салық көзін молайтуға қатысты кейбір мәселелерді  түйіндей түсті.

— Салық мемлекетке толық көлемінде, дер кезінде түсу керек. Қазір көпшілік салық төлеушілер салықтың мәдениетін үйреніп қалды. Бірақ, өкінішке қарай, әлі де болса салықтан жалтарғысы келетіндер, аз төлегісі келетіндер бар. Сондықтан бәріміз бірігіп жұмыс жасауымыз керек. Басты мақсат — үстіміздегі жылы түсетін салық, нәтиже былтырғыдан кем болмауы керек, — деді Бердібек Машбекұлы жауапты сала қызметкерлеріне.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button