Мәдениет

«Жырлаймын сені, Астана»

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында Астана қаласының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Астана — Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздік тірегі» атты онкүндік іс-шараларына арналған «Жырлаймын сені, Астана» атты гала-концерті өтті.

Кештің шымылдығы «Тарлан» көпсалалы колледжінің актерлік шеберлік мамандығының оқушылары оқыған Астана тақырыбындағы өлеңдермен ашылды.

Шара барысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облысы бойынша төрағасының орынбасары Нұрбақыт Барбосынов:

 — 20 жыл уақыттың ішінде Астанамыз дүниежүзіне мақтанатын көрікті шаһарға айналды. Биыл Елорданың мерейтойына арналған қоғамдық шаралар басталды. Ақтөбе өңірінде жылдың басында Астана қаласының 20 жылдығына байланысты 10 күндік жарияланды. Оқушылардың қысқы демалысы кезінде Астана қаласы туралы өлең, шығарма жазу, суретшілер байқауы ұйымдастырылды. Әсіресе, «Жас сәулетшілер» номинациясы бойынша қатысуға ниет білдіргендер саны көп болды. Бұл номинацияда барлығы 37 қолдан жасалған жұмыс іріктелді. Бұдан бөлек, дөңгелек үстелдер мен тақырыптық, әдеби-музыкалық кештер өтті, — деді.

Бұдан соң ол аталған онкүндік аясында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын марапаттап, оларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.

Олардың қатарында қазақ және орыс тілдерінде шығарма жазудан бас жүлдеге ие болған Ақтөбе техника-технологиялық колледжінің оқушысы Альбина Хабибулина (жетекшісі — Ерболат Аманғосов), Ембі қызмет көрсету саласы колледжінің оқушысы Әділжан Мерейұлы (жетекшісі — Ертуған  Ахметжанов), «Жас сәулетшілер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Ақтөбе қаласындағы № 24 лингвистикалық мектеп гимназиясының 2-класс оқушысы Даниела Сарбаева (жетекшісі — Айгүл Сарымсақова) сынды басқа да жеңімпаздар бар.

— Мен бұл байқауға «Бәйтерек» монументінің макетін жасадым. Себебі Бәйтерек — достықтың, ынтымақтың символы. Макетті екі күннің ішінде дайындадым. Ол үшін маған анам мен жетекшім көмектесті, — дейді байқау жеңімпаздардың бірі Даниела Сарбаева.

Кештің бір ерекшелігі, Астана туралы танымал әндерді өзге ұлт өкілдері өз тілінде шырқады. Әсем әнге бөленген мерекелік шарадан жұртшылық көңілді күймен тарқасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button