Білім

Шағын жинақты мектептер мәселесі қалай шешіледі?

Шағын жинақты мектептер мәселесі біздің облыста ғана емес, еліміз бойынша өткір болып тұр. Таразы басында екі мәселе: мектептерді сақтап қалу және мектептерді жабу, оңтайландыру мәселесі тұр. Шағын жинақты мектептердің басым бөлігі ауыл мектептері. Ауыл — ұлттың ұйытқысы. Мектеп — ауылдың тірегі. Өкінішке қарай, мектебі жабылып қалған ауылдың тұрғындары Ақтөбеге көшіп келіп, үйсіз-күйсіз жүрген  жағдайлар да кездеседі… Ал таразының екінші басында тұрған ауыл мектептерін оңтайландыру, шағын жинақты мектептерді жабу мәселесінің де басқа амалдың жоқтығынан солай етуге мәжбүр болғандықтан қолға алынғаны түсінікті. Өйткені шағын жинақты мектептердің мәселесі көп: білім сапасы төмен, кадр тапшы. Бар кадрдың сапалық құрамы төмен. Материалдық база сын көтермейді, т.б. Яғни мұндай мектептер әлемдік тәжірибиенің озық үлгісі —  12 жылдық білім беру жүйесінің көшіне ілесе алмайды. Екі мәселенің де жүгі ауыр: екеуі де ұлт болашағы үшін жасалған, жасалуы тиіс жұмыстар. Сонда не істеу керек?  Біз бұл сауалды облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваға қойып, мәселені оңтайлы шешу үшін қолға алынған жұмыстар мен жоспарларды білген едік. Сонымен…

ХАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЕСКЕРІЛЕДІ

Екі мәселеде де: мектептерді жабу, жаппауда ең алдымен халықтың жағдайы ескеріледі. Мектепті тарату мәселесі негізсіз көтерілмейді. Ел Үкіметінің қаулысы бар. Шағын жинақты мектептердің мәртебесі соған сәйкес анықталады. Яғни, бастауыш мектепте 5 бала, негізгі мектепте 41 бала, ал орта мектепте 180 баладан  кем болмауы тиіс. Егер бұл талапқа сәйкес келмесе, онда мектептерді жабу мәселесі міндетті түрде көтеріледі. Шағын ғана ауылдағы 10-12 балаға бола мектепті ұстап тұру — экономикалық шығын. Мамандардың жалақысы, коммуналдық төлемдер, мектепті күтіп ұстау — ағымдағы жөндеу, орташа жөндеу жұмыстары, басқа да шығындар бар. Оның үстіне әлгі ауыл интернаты бар мектеп орналасқан аудан орталығы немесе ауылдан 25-50 шақырым қашықтықта болса, онда бұл ауылдағы балаларды интернатқа орналастырған тиімдірек. Бұған сол ауылдың тұрғындары да түсіністікпен қарағаны жөн. «Мектепті жабайын деп жатыр» деп шу шығармау қажет. Баланың болашағын ойлаған дұрыс. Ең бастысы, баланың сапалы білім алғанына көңіл бөлуіміз керек.

Оқушы саны аз, шығыны көп, бірақ білім сапасы төмен 105 мектепті оңтайландыру жолдарын қарастыру ұсынылды. Бұл орайда ең бастысы — қаражат үнемдеу емес, оқушыларға сапалы білім беруге басымдық беріліп отыр. 

Жақында Мұғалжар ауданының тұрғындарымен өткен жиында бір ақсақал өз ауылының мектебін сақтап қалу туралы сауал қойды. Ол кісі мектепте бала санының азайып бара жатқанын, соған байланысты болашақта мектептің жабылып қалу қаупі бар екенін біліп тұр. Егер ауылда жас отбасылар болса, оларды ауылда алып қалуға тырысу керектігін, жалпы ауыл тұрғындары жан-жаққа көшіп кетпей ауылда қалатын болса, онда мектеп мәселесі қаралғанда бұл жағдай, демографиялық өсім ескерілетінін айттым.   

Сөзімнің басында мектептерді оңтайландыру, жабу мәселесінде халықтың жағдайы ескерілетіндігін айттым. Егер бала саны өте аз шағын жинақты мектеп аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасса, ондай жағдайда  ауылдың мектебін жауып, ондағы балаларды орталықтағы мектепке көшіру қисынсыз. Мысалы, Байғанин ауданындағы кейбір ауылдардың аудан орталығынан қашықтығы — 180-220 шақырым. Сондықтан мұндай жағдай да ескеріледі, — дейді Ләззат Оразбаева.

ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮР…

Облыс бойынша 410 мектеп бар. Соның тең жартысынан астамы — 213-і (51,9 пайыз) — шағын жинақты мектеп. Сондай-ақ, 52 мектептің контингенті нормативтен төмен. Бұдан 5 жыл бұрын шағын жинақты мектеп үлесі 69 пайыз болса, қазір 17,1 пайызға немесе 99 бірлікке азайып отыр. 2011 жылы облыста 312 шағын жинақты мектеп болды. Былтыр оқушы саны аз 13 мектеп қызметі тоқтатылды.

Жабылған мектеп оқушыларын тиімді орналастыру — маңызды мәселе. Бұл туралы Ләззат Аманжолқызы былай дейді:

Соңғы жылдары мектептермен бірге интернат та салынып жатыр. Бұл да сол шағын жинақты мектептер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында қолға алынған шаруа.

Облыс бойынша 7 интернат құрылысын салу жоспарланып отыр (Алға, Байғанин, Ырғыз, Мәртөк, Хромтау және Темір ауданында 2 интернат).

Баланы интернатқа орналастыру үшін ол жерде ең алдымен жағдай жасауымыз керек. Интернаттардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, көліктермен қамту шаралары қабылдануда.

Кеңес дәуірінде кеңшарлардағы мектептер интернаттарымен бірге болған еді. Шағын ауылдардың, ұжымшарлардың балалары  сол мектептердің интернаттарына орналасты. Қазір де осы жүйені жандандыру керек деп ойлаймын.

Мектеп жанындағы интернат барлық ауданда бар. Дегенмен, бала саны аз. Мысалы, 1280 орынға арналған 29 интернатта 806 оқушы орналасқан. Бос орын — 474.

БІЛІМ САПАСЫ ТӨМЕН БЕ?

Шағын жинақты мектептерде білім сапасы төмен деп айтсам, қателескен болар едім. Өйткені, мұндай мектепердің бәрінде бірдей сапа төмен емес. Дегенмен, педагог ретіндегі пікірім, бала жан-жақты білім алғаны дұрыс. Бір кабинетте бірнеше сыныптың балалары топтасып отырады. Әр сыныптың балаларына әртүрлі тапсырмалар түсіндіріледі. Мұндай жағдай баланың жан-жақты білім алуына кері әсер етпей қоймайды. Облыс басшысы Бердібек Машбекұлының бала саны аз шағын жинақты мектептердің балаларын интернатқа көшіру мәселесін көтеруі де содан, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орта балы 90 балдан жоғары 57 мектеп бар. Соның 12-сі — шағын жинақты мектептер. Яғни, 12 шағын жинақты мектеп үздіктер қатарына еніп отыр.

Назарбаев университетінде де шағын жинақты мектептердің түлектері білім алуда. Ал бұл оқу орнының студенті атану үшін талап өте жоғары екені белгілі. Басты талаптардың бірі — ағылшын тілін еркін меңгеру керек. Физика, математика пәндері бойынша ағылшын тілінде емтихан қабылданады.

Дегенмен, шағын жинақты мектептердің бәрінде бірдей сапа жоғары емес. Аз ғана оқушыны 11 жыл бойы оқытып, сапалы білім бере алмайтын мектептер бар. Ең төмен білім сапасын көрсеткен 24 мектептің 65 пайызы — шағын жинақты мектеп, — дейді Ләззат Оразбаева.

Оның айтуынша, Әйтеке би ауданындағы Белқопа орта мектебін небары 2 түлек бітірді. Соның біреуі ұлттық бірыңғай тестілеуде өту балын жинай алмады. Әйке мектебіндегі (Әйтеке би ауданы) 10 түлектің екеуі,  Еңбекші мектебін бітірген (Темір ауданы) 7 оқушының 3-еуі шектеулі балды жинай алмапты. Шалқар ауданындағы Тоғыз орта мектебінің 22 түлегінің 9-ы тестілеуге қатысып, сол 9 баланың 5-еуі ең төменгі көрсеткіш көрсеткен. Ырғыз ауданындағы Ө.Қанахин, Т.Жаманмұрынов атындағы мектептердегі жағдай да осыған ұқсас.

Шағын жинақты мектептерде кадр жетіспеушілігі мәселесі өткір болып тұрған жоқ. Дегенмен, ауыл мектептерінде физика, химия, орыс тілі пәнінің мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, Ырғыз ауданындағы бір мектепте физика пәнінің мұғалімі осымен екінші жыл Түркістан қаласынан келіп жұмыс жасап жатыр. Ырғыздағы шағын жинақты мектепте Ақтөбе қаласынан келген  жас маман биыл төртінші жыл жұмыс жасауда.

Қазір кейбір мұғалімдердің зейнеткерлікке шығатынына байланысты алдағы оқу жылдары қай мектепте қандай мамандар тапшы болатындығын сараптап жатырмыз. Бұл орайда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен тығыз байланыс орнаттық, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Шағын жинақты мектептер интернет игілігін көріп отыр ма? Бұл туралы Ләззат Аманжолқызы былай дейді:

Шағын ауылдардағы шағын жинақты мектептерде компьютер интернет желісіне дұрыс қосылмаған. Жылдамдығы төмен. Мұғалімдер электронды поштаға түскен хатты қабылдап алғанға «интернеттің игілігін көріп отырмыз» деп мәз болады. Интернеттің игілігі хат қабылдаумен өлшенбейді. Бала электронды оқулықтарды пайдалана білуі тиіс. Ырғыз ауданына іссапармен барғанда 7 мектепте болдым. Соның алтауында телефон жоқ. Интернет анда-санда қосылады екен.

P.S.

Облыстағы шағын жинақты мектептердің жағдайы осындай. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2020 жылға дейін 24 мектепті жабу, 35 мектепті қайта құру жоспарланып отыр.

— 24 мектепті жабу облыс мектептерінің саны 24-ке қысқарады деген сөз емес, жаңа мектептер салынып жатыр. 2016 жылы 31 мектептің құрылысы басалды. Оның 15-і былтыр ел игілігі үшін пайдлануға берілді. Биыл 7 мектептің құрылысы басталады. Яғни екі жылда 38 жаңа мектептің құрылысы басталып отыр. Мұның ішінде 20-дан астамы —  желіге жаңадан қосылатын мектептер. Шағын мектептер жабылғанмен, оңтайландырылғанмен, заман талабына  сай еңселі мектептер салынып жатыр. Мұның бәрі мемлекет тарапынан халық үшін, ұлт болашағы үшін жасалып жатқан игі шаруалар, — дейді Ләззат Оразбаева.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button