Жаңалықтар

Биыл…

Қазақстан тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді

2018 жылғы қаңтардың 1-нен 31-не дейін Қазақстан тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының өкілеттілігін орындауға кіріседі. Төраға Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне жалпы басшылық етеді, БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік Кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Төрағалықтың міндеттеріне Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің келісімі бойынша Кеңестің атынан, сондай-ақ бейресми консультациялар барысындағы талқылаулардың қорытындылары бойынша қандай да бір құжаттың мәтіні бойынша келісімге қол жеткізген кезде баспасөз алдында мәлімдемелер жасау кіреді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері қаңтар айында төрағалықтың бағдарламасын қарастырып, қабылдайды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері болып табылмайтын БҰҰ-ға мүше елдер, баспасөз бен үкіметтік емес ұйымдар үшін Кеңес жұмысының бағдарламасы туралы брифингтер өткізеді. Қазақстанның бастамасымен Кеңестің тұрақты емес мүшелері ретінде екі жылдық мерзімге сайланғанына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет Кот-д’Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша және Экваториалды Гвинея елдерінің байрақтарын ресми түрде орнату рәсімі өтеді. 18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастар өтеді. 19 қаңтарда «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы өтеді. Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп күтілуде. 25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде «Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі» тақырыбында тоқсан сайынғы ашық пікірталастары өтеді. Сонымен қатар дәстүрлі түрде қаңтар айында Қазақстан төрағалығының аясында Кеңесте Сирия, Ливия, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка және Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай бойынша ашық және жабық пікірталастары өтеді. Төрағаның бірқатар қарарлары мен мәлімдемелерінің қабылдануы жоспарлануда.

2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін  жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси Жолдауында көрсетілген. Оларды атап айтсақ: 1) ядролық қарусыз әлемді жақындату; 2) жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; 3) өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; 4) терроризмге қарсы күрес; 5) Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері; 6) қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланыстарды қамтамасыз ету; 7) Қауіпсіздік Кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне бейімдеу.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету — жоғары халықаралық мәртебе, себебі Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті.

Зейнетақы өседі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, «Қазақстан Республикасының «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» Заңына сәйкес биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мөлшері ең төмен зейнетақы 33 745 теңгені, ал базалық зейнетақы 15 274 теңгені құрайтын болады. Еңбек еткен жылдары мен жасы бойынша 2018 жылдан бастап зейнетақы көлемі 8 пайызға артады. Осылайша 2018 жылдың 2 қаңтарынан бастап, базалық зейнетақыны қосқанда минималды зейнетақының мөлшері 49 019 теңге болмақ. Бұл зейнетақы қазіргі уақытта елімізде зейнет жасында отырған 2 миллион зейнеткерге беріледі. Сондай-ақ биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесінде қатысуына қарай базалық зейнетақы жаңа әдіспен есептелмек. Нақтырақ айтқанда, егер еңбек өтілі 10 жыл немесе одан да көп болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54 пайызға артық болады. 10 жылдың үстінен әр жыл сайын оның мөлшері 2 пайызға көбейіп отырады. Ал еңбек өтілі 33 жылдан асса, зейнеткерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайыздық мөлшері беріледі. Осыған байланысты, барлық зейнеткерлер үшін 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны бір жолғы қайта есептеу жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша зейнеткерлердің 44,1 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайыздық мөлшерін, ал 44,5 пайызы 74-тен 100 пайыздық мөлшерін алатын болады деп күтілуде.

Жәрдемақы төлеу тәртібі өзгереді

Биылдан бастап елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақы тағайындау рәсімі едәуір жеңілдейді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек қазіргі қолданыстағы жәрдемақылардың үш түрін алмастырады, осылайша жәрдемақыны алуға қажетті құжаттардың саны айтарлықтай қысқарады.

Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмекке бөлінген. Мысалы, шартсыз көмек еңбекке жарамды мүшелері жоқ барлық отбасыларға, мысалы, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына немесе еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты аналарға беріледі. Аталған отбасыларға жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Сондай-ақ, шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде еңбекке жарамды бір мүшесі бар отбасылар үшін тағайындалады. Онда отбасы әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, содан кейін ғана отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі (егер еңбекке жарамды мүшесі бар болса) жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, әлеуметтік көмек жүйесіндегі реформа нәтижесінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің әрбір алушысы үшін жәрдемақы сомасы 2018 жылы орташа есеппен 25 пайызға ұлғайтылады. Әлеуметтік көмек алу ережелеріне енгізілген өзгерістерге халықты дайындау үшін еліміздің үш өңірінде 2014 жылдан бастап пилоттық режимде «Өрлеу» жобасы іске асырылған. Бағдарламаға шамамен 79 мың азамат қатысқан, олардың 19 мыңға жуығы еңбекпен қамтылған.

Сондай-ақ биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, отбасында төртінші бала туғанда арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленбейді. Бірақ 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін жәрдемақының осы түрін алып келгендер ары қарай ала береді.

Жаңа кедендік кодекстің артықшылықтары қандай?

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа кедендік Кодексі өз күшіне енді.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекшиннің айтуынша, Кодекстегі маңызды өзгерістердің бірі — электронды кедендік декларациялаудың енгізілуі. Енді қағаз түріндегі декларациялау тек қана ақпараттық жүйе апат болып істемей қалған ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ Кодексте «Бірыңғай терезе» тетігі қарастырылған. Кеден органдары мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуға болатын құжаттарды декларанттан сұрамайтын болады. Осы екі ережені жүзеге асыру тауарларды автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жаңа Кодексте сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына өз шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін тәсілдер көзделген. Бұрындары алдын ала кедендік бажын төлемейінше тауар шығарылмайтын болса, жаңа ережеге сәйкес, кедендік баждарды төлеу мерзімін бір айға, алты айға ұзартуға болады.

«Мемлекет декларантқа баж төлемін пайыздық үстемемен бір айға кейінге қалдыру құқығын береді. Жекелеген жағдайларда, мәселен, халықаралық шарттар аясында жеткізілімдерді жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы техникасын, егін жұмысының материалдарын, асылтұқымды жануарларды әкелуде, табиғи апат, зілзала кезінде төлеушіге залал тиген жағдайда пайыздарды төлемей, баж салығын алты айға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі», — дейді Б.Бекешев.

Жаңа кеден кодексінің тағы бір ерекшелігі — бақылау уақытының қысқартылуы. Атап айтсақ, декларациялау мерзімі 24 сағаттан 4 сағатқа дейін, ал бақылау жұмысы он күннен бес күнге дейін қысқарды.

Педофилдерді химиялық кастрациялау туралы заң күшіне енді

1 қаңтардан бастап елімізде педофилдерді химиялық кастрациялау туралы заң күшіне енді.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кәмелетке толмағандарды жыныстық қорлау қылмысы өткен жылы 31%-ға азайған. Яғни, 2016 жылы ел бойынша аты жаман қылмыстың 531 дерегі тіркелген болса, 2017 жылы бұл дерек 364-ке дейін төмендеген.

Биылдан бастап кастрациялау процесі елімізде сот шешімі арқылы жүзеге асады. Яғни, тергеу процесі кезінде күдіктіге сот-психиатриялық сараптама тағайындалады, нәтижелер негізінде сот арнайы үкім шығарады. Ал химиялық кастрациялау процесінің өзі түрмелерде немесе бостандыққа шыққандарға амбулаторияларда жасалатын болады. Қазақстан таңдаған препараттың бір ампуласының құны 4 мың теңге тұрады. Биыл педофилдерді химиялық кастрациялауға 9,6 млн теңге бөлініп отыр.

Әскерилердің баспана мәселесін шешуде оң нәтиже күтіледі

Өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделін, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік-құқықтық мәртебесін көтеруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Осыған сәйкес биыл баспанасыз әскерилер өтемақы есебінен пәтер алады.

Заңның мақсаты мен маңызы — тұрғын үйге мұқтаж барлық әскери қызметшілердің санаттарын жеке баспанамен қамтамасыз ету. Соған сәйкес, әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есепшотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі баспананың бір шаршы метр құнын әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі. Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемін келесі мақсаттарға жұмсай алады:

  • ипотекалық несиені пайдалана отырып, баспананы сатып алуға;
  • тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға;
  • үлестік баспана құрылысына тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге;
  • тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және баспана жағдайларын жақсартуға.

Атап айтқанда, құжат әскери қызметшілердің баспана проблемасының басқа да түйткілді түйіндерін тарқатуға бағытталған. Бірінші кезекте, 20 жыл және одан көп ғұмырын қорғаныс саласына арнаған әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызды мәселесі шешімін таппақ. Олардың біразы көшіп кетуге мүмкіндігі болмағандықтан, әлі күнге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда төл баспанасыз қызметтік тұрғын үйлерде өмір сүруге мәжбүр. Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешқандай баспана берілмей қызметтен шығарылған. Бұл ретте заңнамамен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған осы әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны биылғы жылы алатын болады. Яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады. Сонымен қатар, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ашқалай өтемақы төлеу көзделген. Заңдағы тағы бір жаңашылдыққа тоқталсақ, әскери қызметті өткеру барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға әскери қызметшінің өмірі қиылған өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделіп отыр. Сондай-ақ, заңнамада әскери қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдығу нәтижесінде әскери есептен шығарылған қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл санаттағы әскерилерге де қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады.

Айта кету керек, алдағы уақытта Қазақстанда 60 мыңнан астам әскери және күш құрылымдардың өкілі баспаналы болады деп күтілуде.

Екі жер серігі ұшырылды

Биылғы жылы бірлескен қазақстандық-британдық команда инженерлері құрып жатқан ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінің екі жер серігін ұшыру жоспарлануда.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, технологиялық мақсаттағы жер серігіне Жерді қашықтықтан зондтау пайдалы жүктеме орнатылған. Ал ғылыми мақсаттағы жер серігінде Жердің ионосферасын зерттеу үшін ғылыми пайдалы жүктеме орнатылған.

Технологиялық мақсаттағы жер серігі ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның «Ғалам» ЖШС мен «Surrey Satellite Technologies Limited» (Ұлыбритания) ғарыш саласындағы жетекші еуропалық компаниясымен оның өндірістік базасында бірлесіп құрылған. Бұл заманауи ғарыштық технологияларды Қазақстан тарапына беру бойынша барлық шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді.

Ғылыми мақсаттағы жер серігін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар» АҚ-ның «Ғарыш техникасы және технологиялары институты» ЕЖШС-ның ғалымдары, мамандары жасаған. Яғни толықтай қазақстандық мамандардың күшімен әзірленген.

«ҚазАқпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button