Жаңалықтар

Жаңа жылда 57 сәби өмірге келді

Табалдырықтан аттаған жылдың алғашқы түнінде облыста 57 нәресте дүниеге келді. Олардың 34-і — ер, 23-і қыз бала. 40 сәби аудан орталықтарындағы перзентханада туса, 17 бала Ақтөбе қаласындағы әйелдер босанатын бөлімшелерде дүние есігін ашқан. Дәрігерлердің айтуынша, сәбилердің денсаулығы жақсы.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов облыстық көпсалалы ауруханаға барып, өмірге сәби әкелген аналарды құттықтады. Оларға мерекелік сыйлық беріп, тілегін айтты.

Аурухананың әйелдер босанатын бөлімшесінде бір түнде төрт ана босанған. Олардың екеуі — қыз, екеуі ер бала. Заманауи технологиямен жабдықталған перзентхана бөлімшесіне денсаулығында күрделі ақауы бар әйелдер жатқызылады. Жалпы 2017 жылы облыста 19 мыңға жуық бала дүниеге келген. Олардың арасында 163 егіз, 5 үшем бар. Соңғы жылдары өңірде бала өлімі 6,5 пайызға азайып, туу көрсеткіші артқан.

Сәбилі болған ананың бірі — Әйгерім Мүсірепова.

—  31 желтоқсан күнгі түнде  толғағым қысып, перзентханаға түстім. Сол түні аман-есен қыз бала босандым. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге ризамын. Бұл менің төртінші бөпем, — деді Әйгерім.

Қала әкімі аналарға мықты денсаулық тілеп, әрқайсысына сыйлықтар үлестірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button