Мереке

Қаржы белгіленген мақсатқа сай жұмсалуы керек

15 қараша — Ұлттық валюта күні!

15 қараша — Ұлттық валюта — теңгенің және Қазақстан Республикасы қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл осы қаржылық бақылау жүйесінің 25 жылдығы да тұспа-тұс келіп тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұйымдасқан нысандағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетi жанынан Қаржы министрлiгiнiң бас бақылау-тексеру басқармасы негiзiнде мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi құрылды. Ел тәуелсіздігі орнаған күннен бастап тұтастай алғанда қаржы жүйесін жақсарту және нығайту бойынша бірқатар экономикалық реформалар жүргізілді. Қазіргі қызмет етіп отырған  Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті өзінің алғашқы құрылымдалған және кейінгі өзгерісті кезеңдерді бастан өткерген тұстарында мемлекет қаржысының белгіленген мақсатқа сәйкес жұмсалуына аудит жүргізеді, олардың басқа мақсатқа пайдалануының жолын дер кезінде кеседі, мемлекет есебінен тіршілік етудің кез келген көріністері мен сыбайлас жемқорлықтың түбіріне балта шабады.

Мемлекеттік аудитті жүргізу барысында қайталауды болдырмау және мемлекеттік аудит нәтижелерін тануды қамтамасыз ету үшін «Электронды үкімет» және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген мемлекеттік аудит және қаржы бақылауы бойынша деректердің бірыңғай базасы жұмыс істейді. Аталған база мемлекеттік аудиттің арнайы тізімі, мемлекеттік аудиттің нәтижелері, мемлекеттік және қаржы бақылау органдарының сараптамалық-талдау қызметі бойынша барлық ақпараттарды, сондай-ақ мемлекеттік аудит жүргізу үшін басқа да дерек көздерін құрайды. Бұл өз кезегінде тексеру архивін және ол бойынша ұсыныстарды құрылымдауға мүмкіндік береді. Аталған бағдарламаны қолдану қаржылық ахуалды талдауға, сонымен бір мезгілде болашақта проблемалардың туындауын болжамдауға мүмкіндік туғызады.

Қаржылық бақылаудың аумақтық органы қызмет еткен жиырма бес жыл уақыт ішінде бұл құрылымның басында К.Елібаев, Ж.Аманбаев, Л.Нарсеева, Н.Князов, А.Дүйсенбаев сынды кәсіби мамандар басшылық қызметте болды. Қазіргі уақытта департаменттің күрделі және ауқымды бақылау-қадағалау функцияларын орындау үшін қай кезде де орындаушылардың жоғары кәсібилігі, білім мен тәжірибенің сәйкесті деңгейі талап етілді. Қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысына шыққан аға буын өкілдері Ғ.Оразов, С.Овсиенко, Р.Есекенов, А.Суворова, Г.Гуртовенко, З.Данияр, Р.Құрманғазиева, Т.Иванова, Р.Бөстеков, У.Аяғанова, С.Есеркепов өз уақыттарында ылғи да алғы шептен көрінді. Біз олардың уақытпен санаспай, тиянақты атқарған еңбектерін ұмытпаймыз. Бұл орайда қаржылық бақылау жүйесінің аяққа тұруына өз үлестерін қосып, бүгінде бақилық болған К.Көздеуов, Б.Жұбатов, Л.Нарсеева, Қ.Құсайынов, И.Амантаев, А.Құлшаровтардың есімін атап өтпеуге болмайды.

Департаментте бүгінге дейін ұрпақтар сабақтастығы мен тәлімгерлік дәстүр берік сақталған. Бұл тағылым жас буынға алдыңғы толқынның жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесі мен білім-білік дағдыларын тәжірибеде қолдануды үйрету сабақтарынан өріс алады. Департамент басшылығы алдағы уақытта да ұжымдағы қызмет пен сапа менеджменті жүйесінің тиімділігін ұдайы көтеру бағытында жұмыс жүргізе беретін болады. Бұл ретте комитеттің аудиторлық шаралары көрсеткіштері бойынша жетекші ұстанымдарға қол жеткізу, меншік түріне қарамастан шаруашылық жүргізудің объектілері мен субъектілерін бақылауға бағытталған департаменттің имиджін ұдайы нығайтып отыру, ұжымдағы қызметкерлердің біліктілігін көтеру, құрылым қызметін жетілдіруді дамыту, корпоративтік мәдениетті бекіту тұрғысындағы шаралар атқарылады.

Бүгінгі таңда департаментте жас кадрларды саралап, іріктеп алмай, олардың кәсіби өсуін қамтамасыз етпей күрделі міндеттерді жүзеге асыру мүмкін емес. Аудиторлық қызметте А.Иргалиева,  Б.Меңдібаев, А.Сапарова, Д.Алматов, А.Бекжанов, Л.Құсайынованың жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін ерекше атап көрсетуге болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Қауіпсіздік кеңесі мәжілісінде құқық қорғау және бақылаушы органдар алдына сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бойынша бірқатар жаңа міндеттер қойды. Біз осы міндеттерден туындата отырып, қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит нысандарында тексеру жүргізген кезде сыбайластық құқықбұзушылыққа жол бермеу тұрғысынан шаралар кешенін белгіледік. Департаментте сыбайлас жемқорлық көрінісінің алдын алу және болдырмау, сондай-ақ қызметкерлер арасында теріс қылықтарға жол бермеуге бағытталған шаралар қабылдануда. Бұл реттегі негізгі міндет — қызметтегі сыбайластық салаларды неғұрлым алдын ала анықтау және бақылау кешені мен тексеруші арасындағы сыбайластық көріністеріне жағдай жасайтын факторларды  дер кезінде жою.

Департаментте жұмыс нәтижелері бойынша жиынтық-талдамалы кесте жасалады, онда жүргізілген тексерудің нормативті және нақтылы-негізгі бағалау көрсеткіштері көрсетіледі, яғни осы ауқымда әрбір жүргізілген шараның тиімділігіне оң және теріс баға беріледі.

Биыл тоғыз ай ішінде департамент бойынша 5 404,5 миллион теңге бюджет қаражатының пайдаланылу заңдылығына 117 тексеру жүргізілді, бұл ретте аудиттің 94 кешенінде 5 124,3 миллион теңгеге заңбұзушылық жағдайы анықталды.  Егер осы көрсеткіштерді талдап айтатын болсақ, қаржылық бұзушылық  және процедуралық сипаттағы бұрмалаушылық 1 358,1 миллион теңгені құрайды. Осы қаржы түгелдей орнына қойылуға және қалпына келтіруге жатады.

Аудиторлық жұмыстардың қорытындысы бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде осы талап толығымен орындалды. Ал мемлекеттік сатып алу бойынша бұрмалаушылық 1 938,6 миллион теңгеге шығып отыр.

Департаментте камералдық бақылау жүргізіледі. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу порталынан ақпараттар түсіріліміне  сәйкес жалпы сомасы 151 705,9 миллион теңге болатын 10196 лот камералдық бақылауға жатады. Камералдық бақылаумен қамтылған мемлекеттік сатып алу бойынша 2367 лотта бұзушылықтар  белгіленді. Қаржылық тәртіпті бұзудың әрқилы түрлерін болдырмау мақсатында ішкі мемлекеттік аудит комитеті қаржылық құрылымдар мен банк мекемелері өкілдерін оқуға қатыстырумен қаржылық бақылау қызметкерлері үшін біліктілікті көтеру, кәсіби қайта даярлау курстарын ұйымдастыруды жолға қойды. Бұдан басқа, департамент қызметкерлері тарапынан жоғарыдан келетін нормативтік құжаттарды зерделеу, құқықтық білім, техникалық оқу бойынша сабақтар жүргізіледі.

Біздер бірінші кезекте мемлекеттік мекемелерде және мемлекеттік ұйымдарда тиісті есеп пен есептілікті жолға қоюға ықпал жасайтын боламыз. Заңмен қарастырылған ықпал ету шараларын қолдану бюджеттік, мемлекеттік сатып алу, тағы басқа заңдылықтарды қасақана бұзған жауапсыз қызметкерлер тұрғысынан ғана жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта комитет тарапынан мемлекеттік аудитор біліктілігін алуға үміткерлердің білім деңгейін бекіту бойынша қызмет ұйымдастырылды. Олар сертификаттау ережелеріне сәйкес ішкі мемлекеттік аудитті жүзеге асыратын болады.

Қият ЖҰМАБАЕВ,

Ақтөбе облысы бойынша ішкі

мемлекеттік  аудит департаменті

басшысының  орынбасары. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button