Білім

Ноғайлар ортасында өткен жеті күн

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті алдағы жылы түркі халықтарына ортақ тарихи тұлға — Ер Едіге батырға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Осы шараға қатысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Соның бірі, университет президенті профессор Бекежан Аханның ұйымдастыруымен Едігенің тікелей ұрпақтары болып табылатын ноғай еліне жасалған іссапарда Дағыстан Республикасы құрамындағы Ноғай ауданының әкімшілігі, аудандық білім бөлімінің басшылары, мектеп директорлары және бірқатар ғалымдармен кездесу өткізілді.

«Едіге» атты жыр бар екені көпке мәлім. Әлі күнге дейін ұлттық версиялары толық зерттелмеген «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы — түркі хақына ортақ мұра. Эпос нұсқаларын зерттеуге Шоқан Уәлиханов, В.Бартольд, П.М.Мелиоранский, В.В.Радлов,  В.М.Жирмунский, Қ.Сәтбаев,  М.Әуезов, т.б. атсалысты. Ал эпостың басты кейіпкері Едігенің есімі бұрынғы «Большая Советская Энциклопедияда» (9-том, 63-бет, 1972 ж.), «Қазақ Совет энциклопедиясында» (ҚСЭ, 4-том, 105-бет), қазіргі ұлттық «Қазақстан» энциклопедиясында тұр (3-том, 345-бет). Шығыс тарихшылары оны: «Жошы ұлысын өз дегенінше биледі», «Дешті елінің, Сарай мен Қырымның  шынайы билеушісі», «Дешті Қыпшақ пен өзбек елінің әміршісі», «патшаларды өз қолымен ауыстырып отырды» — деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ұлы князь» деп аталады. Яғни Мәскеудің, Литваның ұлы князьдарымен пара-пар есептеледі. Еуропалықтар оны «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орданы билеуші» дейді. Ол ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, бірте-бірте түркі халықтарының қасиетті әулие адамына айналды.

Мемлекетінің абыройын асырып, іргесін қайта бекіткен көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы туралы халық эпосы:

«Кеспе-кеспе сары алтын

Кесіп олжа қылдырды.

Еділ жұртын жыйдырып,

Үлкен бір той қылдырды.

Ағаларды алдырып,

Кеңессіз өскен бұл жұртты

Кеңесті жұрт қылдырды,

Қаланы қайта тұрғызды,

Жерін елге толтырды,

Ортасына ару орда қондырды» — дейді. Атақты тарихшымыз Қадырғали Жалайыр: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды. … Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр  еді. [Сол] Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді», — деп аққа қарамен таңбалаған. Елек пен ортаңғы Бөртенің арасы — қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты территория. 2016 жылы Мәртөк ауданы әкімінің шешімімен өлген жеріне белгітас қойылды.

Түркі жұртының сүйікті тарихи-қаһармандық эпосы «Едігенің» қазақ, татар, ноғай, қарақалпақ,  башқұрт, өзбек, түрікмен тіліндегі нұсқалары совет өкіметі ыдыраған соң қайта басылып шықты. Орыс тіліне аударылды. «Едіге» эпосы — Алтын Орда дәуіріндегі біздің ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, рухани бірлігін, тұтастығын, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры. Мұнда тарихтың ізі мол сақталғанына бұрынғы-соңғы зерттеушілердің бәрі қол қояды.

Біздің іссапарымыздағы Едігеге қатысты кездесудің басы Ноғай ауданының орталығы Тереклі-Мектептің әкімшілігінде зиялы қауым өкілдерімен танысудан басталды: аудандық әкімшілік басшысы Мухтарби Аджеков, Ноғай аудандық депутаттар жиналысының төрағасы Руслан Насыров, аудандық білім бөлімінің басшысы Кайтархан Өтегенова, аудан басшысының орынбасары Баймагомед Ярлыкапов, және т.б.  Олар қазақ бауырларын кең құшақ жая қарсы алып, ортақ мәселе болып отырған Ер Едіге — түркілердің басын қосатын, бірлігін нығайтатын, өткен өмірін көрсететін тарихи тұлға деп есептеп, бұл мәселеге қатысты өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті  ұйымдастыратын халықаралық конференцияға өз тараптарынан қолдау көрсетіп, белсенділік танытатындарын айтты. Осындай аталмыш ауқымды шара Ноғай ауданының орталығында 1991 жылы өткізіліп, оған әлемнің түкпір-түкпірінен едігетанушы ғалымдар мен жержүзі түркілерінің зиялы өкілдері қатысқан. Атап айтқанда Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Еуропа, Ресей Федерациясының республикаларынан қатысушылар келіп, конференция материалдарының жинағы жарыққа шыққан. Одан бергі уақытта Едіге батырдың есімі көше атаулары мен елді мекендерге берілген. Көлемі 45 баспа табақ «Едіге» атты ғылыми басылым Мәскеудегі «Ғылым» баспасынан жарық көрген. Тағы көптеген іс-шаралар жүзеге асырылған. Сондықтан біздің іссапарымыздың осы жерден басталуы тектен-тек емес, яғни тәжірибе алмасу, ортақ шешімдер қабылдау, бір мәмілеге келу болып табылмақ.  Кездесу барысында Едігені Ноғай халқының тарихи тұлғасы ретінде білетін, аталарымыз деп танитын жергілікті зиялы қауым өкілдері Ер Едігеге арналған халықаралық деңгейдегі ғылыми шараның Ақтөбе өңірінде өткізілетіндігін қолдап, қуаныштарын білдірді.

Келесі кездесу аудан орталығындағы аудандық мұражайда өтті. Мұражай директоры Кайырбек Балгишиев Ноғай еліне қатысты тарихи ақпараттармен, Едігеден тараған ұрпақтармен, қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлермен таныстырды. Мұражайдан соң аудандық мектептерде болып, мұғалімдер ұжымымен кездесу өтті. Кездесу барысында «Едіге» мәселесі тұрғысында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқушылар мен олардың жетекшілеріне конференцияға қатысуы туралы ұсыныстар жасалды.

Кезектегі жұмысымыз Дағыстан республикасының телеарнасындағы «Шөл дауысы» бағдарламасына қатысып, сұхбат берумен жалғасты.

Әрі қарай Қарашай-Шеркеш Республикасының Черкесск қаласындағы ноғай тілін зерттеушілер, едігетанушы ғалымдармен кездесуге ұласты. Атап айтар болсақ, филология ғылымдарының докторы, У.Алиев атындағы Қарашай-Шеркеш мемлекеттік университеті, Филология институты, қарашай және ноғай филологиясы кафедрасының профессоры Насипхан Суюнова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рамазан Керейтов, Қарашай-Шеркеш мемлекеттік гуманитарлық зерттеу институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Майя Булгарова, ноғай әдебиетінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының кандидаты Шайдат Курмангулова, т.б. Ол бас қосуда ғалымдар Едіге батырға арналған халықаралық конференцияда қарастырылатын негізгі бағыттар мен мәселелер тұрғысында сөз қозғап, Едіге батырға Ақтөбеде ескерткіш орнату, мазарына  кесене тұрғызу мәселесі бойынша өздерінің оң көзқарастарын танытып, конференцияға қатысуға ниет білдірді. Кездесу соңында аталмыш ғалымдар жарыққа шыққан ғылыми еңбектерін университет кітапханасына тарту етті.

Бұл іссапар — С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің халықаралық ынтымақтастықты, бірлікті, ғылыми байланысты қалыптастыру мен дамыту мақсатындағы кезекті шараларының бірі.

                          Меруерт АМАНҒАЗИЕВА,

                                                Жұбаназар АСАНОВ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button