Рухани жаңғыру

Ұлы даланың қорғаны

Киелі жерлер

 «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Шалқар ауданының Шолақжиде жеріндегі Есет-Дәрібай кесенесі — республикалық маңызы бар киелі орындардың тізіміне енген нысандардың бірі.

Сырым Датұлы бастаған көтеріліске белсене қатысқан әйгілі батырлардың бірі — Көтібар Бәсенұлының жеті ұлы болғаны тарихтан белгілі. Жұрт есінде рулы елдің басшысы, би, батыр әрі әулие ретінде қалған, орыс деректеріне ұлт-азаттық қозғалыстар басшысы, қазақтың ең беделді адамдарының бірі ретінде енген Есет батыр сол жеті ұлдың үлкені деседі.

Шоқан Уәлиханов ХVІІІ ғасырдың басын қазақ халқы үшін «Сұмдық ауыр уақыт еді» — деп жазып қалдырған болса, Есет Көтібарұлы дүниеге келген ХІХ ғасырдың басы одан да күрделі еді. Төрт жақтан анталаған жау бұл тұста қазақ жерінің біраз бөлігіне ту тігіп, бекіністер салып алды. Қазақ жұрты бөлшек-бөлшек болып, патшалық Ресейдің, Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтарының қол астына қарады.

Есет батыр 1803 жылдың басында Шалқар көлінен 7-10 шақырым жердегі Ақши бойында дүниеге келген. Сақталған деректерде оның есіміХІХ ғасырдың 30-жылдары Жоламан Тіленшіұлымен бірге Елек әскери шебіне жасалған шабуылдар кезінен кездеседі. Бұл жердегі Жоламан батыр — табын руының басшысы.

Қазақтар билеушісін, жұртын мұсылман санап, Ресейден гөрі жақынырақ сезінгендерімен, Хиуа, Қоқан хандықтары да дала жұртына тізесін батыруға тырысып бақты. Тарихта Жанқожа батырдың бұл хандықтардың зорлық-зомбылығына қарсы көтеріліс бастағаны белгілі. Есет Көтібарұлы 1847-1848 жылдары Жанқожа батырға қолдау көрсеткен.

Есет батыр 1848-1858 жылдар аралығында Кіші жүз жеріндегі Ресей отарлаушыларына қарсы көтерілістің басшысы болды. Бұл көтеріліс қазіргі Ақтөбе облысы аумағын түгел дерлік шарпыған. Көтерілістің себептері қатарында жер дауы, халыққа ауыр тиген түтін салығын жою, Ресей мен оңтүстіктегі хандықтар арасындағы байланыстарға көлік ретінде қазақтардан түйе алуға қарсылық көрсету, т.б. аталады. Көтерілісші қазақ сарбаздары патша бекіністеріне дүркін-дүркін шабуыл жасап отырған. Орынбор әкімшілігі оларға қарсы бірнеше рет жазалаушы отрядтар жібергенмен, 7-8 жылға дейін көтерілісшілерді қолға түсіре алмаған. 1855 жылдан бастап патша өкіметі қатаң шараларға көшіпті. Олар Есет Көтібарұлының өзі мен соңына ерген көтерілісшілерді тікелей қолға түсіре алмағанмен, оған дем беруші туыстарын қатаң жазалап, осы өлкедегі қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты.1856 жылы Есет батырдың жақын туыстары — Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы бастаған 18 адам Сібірге айдалды. 1858 жылы көтерілісшілерді патшаның Бородин бастаған жазалаушы отряды басқан. Осыдан кейін ғана Есет батыр көтерілістен бас тартты, оған кешірім жарияланған. Патша өкіметі оны қабақ руының басшысы ретінде мойындап, кейіннен Ырғыз уезі басшысының кіші көмекшісі қызметіне қойған.

Ол 1889 жылы пәниден озды. Ауызша деректер бойынша жұрты оны ел намысы үшін жарты ғұмырдан астам уақытын ат үстінде өткізген күрескер, батыр ретінде ғана емес, көріпкел-әулие ретінде де қастерлеген. Оның 1890 жылы тұрғызылған кесенесі жанынан да Құран оқымай өтпеген. Басына арнайылап келіп түнейтін болған.

Есет батыр бейнесі әдебиетте Ғ.Ахмедовтың «Жем бойында», Б.Алдамжаровтың «Ұлы сел», Қ.Тоқмырзиннің «Керзаман», Т.Төрехановтің «Дала Геркулесі» романдарында, т.б. шығармаларда сомдалған.

Тәуелсіздік тұсында Есет батыр туралы нақты деректер бойынша зерттеу жүргізуге алғаш ден қойғандардың бірі — тарихшы ғалым Зәкіратдин Байдосов еді. Ғалымның «Үш ғасыр перзенттері» кітабынан үзінді ұсынсақ: «Мәселен, Петербордағы Тимм шығаратын «Русский художник» листогында (1858 жылы қараша айында шыққан №31 нөмірінде) белгісіз қаламгердің «Би Есет Көтібаров» деген мақаласында атақты батырды сипаттай келіп, ол: «55-тер шамасында, ұзын бойлы, сирек қара сақалды, қодірен мұртты адам. Есеттің бет-жүзінен қайырымдылық пен сергектіктің, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ой, ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалады. Оның әділдігі мен туралығы — мол адамгершілік иесі екендігін көрсетеді», — деп жазған. Ал орыстың атақты ғалымы әрі жазушысы Е.П.Ковалевкий 1839 жылдың аяғы, 1840 жылдың басында Арыстан мен Есет батырға кездесіп, олар жайлы өз пікірлерін ұрпақтан-ұрпаққа паш еткен. «Есеттің дене бітімі Геркулеске келеді, оның шойыннан құйылғандай кесек пішіні, табиғатына сай сұлулығы, жанкешті батырлыққа толы әдіс-айласы Еуропа адамын қайран қалдырса, өз отандастарын тәнті етіп, табындырып қоярдай еді. Ол жөнінде ел аузында талай-талай қызықты хикаялар бар» — деп жазған екен»…

Есет пен оның інісі Дәрібай батыр Байқадам ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырымдай қашықтықтағы Шолақжидеде жерленген. Олардың бастапқы кесенелері кейіннен құлаған. 1993 жылы кесенелер қайта тұрғызылды. Екі кесененің ортасына биік мұнара орнатылды. Кесенелердің биіктігі 8 метр болса, мұнараның биіктігі 16 метрге жетеді. Мұнарадағы мәрмәр тақтада сол кездегі тарихи тұлғалардың аттары жазулы тұр. 2012 жылы жан-жақта жүрген шалқарлық кәсіпкер азаматтардың күшімен мұнда келушілерге арнап үлкен кешен салынды. Кешен кесенелерге қарсы беттен салынып, жан-жағы қоршалған. Жалпы ауданы 160 шаршы метр болады.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button