Билік

Қазақстан даму жолына түсті

Өткен аптаның аяғында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ақордада еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы талқыланды. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік атқару органдарының басшылары мен еліміздің барлық өңірлерінің әкімдері қатысты.

Ақордада Қазақстанның индустриялық даму мәселесі талқыланды.  Мемлекет бас­шы­сы Үкіметтің беріп отырған ақпа­раты бойынша 191 ірі жобаны іске қосу қажеттігін, ол жобалардың ауқымы 4,7 триллион теңгені құ­рай­тындығын, бұл жобалардың 144-і биыл пайдалануға бе­рілетіндігін, соның 141-і әкімдік­тер­дің жауапкершілігінде екендігін айтты. Қалған үш жобаны “ҚазАгро” холдингі жүзеге асыруы керек.

Осы арада Елбасы былтырғы жылы “Жол картасын” жүзеге асы­ру арқылы әкімдердің халықтан жақ­сы пікірлер естіп, ұпай алған­ды­ғын, биылғы қатаң қыстың елі­мізге, әсіресе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарына ауыр тиге­нін, бұл қиындықтан да шығып келе жатқандығымызды тілге тиек етіп, осы атқарылған шаруаларда әкімдердің үлесі көп екендігін еске алды.

Ин­дус­трия және сауда министрі Әсет Исе­кешевтің айтуынша, 144 жо­баның жалпы құны — 854 миллиард теңге. Осы жұмыс биыл жүзеге асқан жағдайда елімізде 20 мыңға тарта тұрақты жұмыс орны ашылады. 44 жоба бойынша үлкен құрылыс жұмыста­ры жүреді. Оған 100 мыңға тарта адам қатыстырылады. Бұл шаруа­ның барлығы Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған респуб­ли­калық және өңірлік басқарушы орталықтардың бақылауында тұр.

Елбасы Жолдауынан туындайтын басқа да жобалар қа­рас­тырылып жатыр. Қазір  Үкімет қарауында 238 жоба бар. Олардың жалпы сомасы — 7,5 триллион теңге. Осы жобалардың барлығы республи­ка­лық және өңірлік индус­трия­лан­ды­ру картасына енгізілуі әбден мүм­кін. Жүзеге асырылуы қолға алын­ған әрбір жоба бойынша нақты жауапты тұлғалар мен ол жобалар­дың іске қосылу уақыты белгі­лен­ген.

Биыл пайдалануға бе­рі­летін жобаларда Ақтөбе облы­сы­ның еншісі мол. Ақтөбеде  құны 95 мил­лиард теңге болатын 24 жоба іске асы­рылмақ. Инвестицияның неғұрлым ірі көлемі Шығыс Қазақстан (148 миллиард теңгенің 11 жобасы), Павлодар (145 миллиард теңгенің 13 жобасы) облыстарының үлесіне тиеді. Ең көп жұмыс орны Жамбыл облысында (9 жоба бойынша 3668 жұмыс орны) құрылады. Осы жылдың бірінші жартыжылды­ғын­да іске қосылатын жобалар бой­ын­ша 1 наурыздағы мәлімет бойынша Ақмола (97 пайыз), Маңғыстау (96 пайыз) облыстары алда келеді. Екінші жартыжылдықта іске қосы­латын жобалар бойынша инвес­ти­цияларды игеру деңгейі Солтүстік Қазақстан (81 пайыз), Оңтүстік Қа­зақстан (71 пайыз) облыстарында жақсы жағдайда.

Әсет Исекешев әр облыс бой­ын­ша жүзеге асатын ірі инвес­ти­ция­лық жобаларға тоқталып өтті. Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші жартысының өзінде 367 миллиард теңгенің 71 жобасы жүзеге аспақ. Ал жыл соңына дейін тағы да 70 жоба іске қосылады. Олардың көп­шілігі серпінді жобалар болып есеп­теледі.

Кеңесте Павлодар, Шығыс Қа­зақ­стан, Ақмола, Ақтөбе, Қара­ған­ды, Батыс Қазақстан облыс­тары­ның әкімдері және Қаржы министрі Болат Жәмішев сөз алып, жүзеге асатын жобалар жайын баяндады.

Елеусін Сағындықов 2010 жылы жобаларды жүзеге асыру нәти­же­сінде ел өңіріне келетін инвестиция көлемі 1,3 есе артатындығын айтты. 2015 жылға таман Ақтөбе облы­сын­да осындай іргелі істердің нәти­же­сін­де жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз­дан аспайтын болады. Бар­лық шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер таза ауызсумен қам­тамасыз етіледі. Осы кезеңде ша­ғын және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың үлесі барлық экономикалық белсенді ха­лықтың 50 пайызынан асып тү­сетін болады. Облыс әкімі Елба­сының Жолдауын облыс жастары­ның қызу қолдап отырғандығын, олар «Ауылдың гүлденуі — Қазақ­стан­ның гүлденуі» деген ұранмен елді мекендерді абаттандыру ісіне кіріскендігін, оған 70 мыңнан астам қыздар мен жігіттер қаты­сып, 360-қа тарта жұмыс отряд­тары құры­латындығын айтты.

Елбасы Ақтөбе облысындағы жастардың бұл бастамасына жақсы баға берді.

—  Бұл Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы жақсы акция, —  деп атап өтті Президент.

Кеңесте кадр саясаты жөнінде кең әңгіме болды.  Президент Әкімшілігінің Бас­шысы Аслан Мусиннің  айтуынша, 60 вице-министр мен жауапты хатшының 18-інің өңірлерде жұмыс істеу тәжірибесі жоқ. Ал 329 өңірлік деңгейдегі басшылар зейнеткерлік және зейнеталды жасқа жетіп тұр. «Осыған орай орталық органдардан өңірлерге және өңірлерден орталыққа 100-ден астам саяси және әкімшіліктік мемлекеттік қызметкерді ротациялау туралы ұсыныс енгіземіз», —  деді А.Мусин.

Бірінші кезекте 100 саяси және әкімшілік саласындағы мем­лекеттік қызметкерді орталық ор­ган­дардан өңірлерге ауыстыру көз­делуде. Бұл шара өңірлерді білік­тілігі жеткілікті басшылармен қам­тамасыз етуге мүмкіндік берсе, екіншіден, жергі­лік­ті мемлекеттік атқару орган­да­ры­нан бай тәжі­ри­белі және жергі­лікті жердің жағ­дайын жақсы біле­тін жауапты қыз­меткерлерін орта­лық орган­дар­да сынап көруге қолайлы жағдай туғызатын болады.

Кеңесті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытын­ды­лады. Елбасы өз сөзінде үдемелі ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарламаны тиімді жүзеге асыру үшін бірқатар орталық мемлекет­тік органдардың қызметі қайта құры­лым­далатындығын айтып, осы өз­герістермен жиналғандарды таныс­тыр­ды. Бұл өзгерістер елі­міздің экономикалық қызмет са­ла­сындағы бірқатар министрлік­тер мен агенттіктерін қамтитын болады.

Бүгінгі күні Қазақстанда ин­дустрияландыруды табысты жүр­гізудің барлық мүмкін­діктері бар деп есептеуге болады. Айқын стра­тегия бар, қаржылан­дыру көз­дері анықталған, әрбір жоба дер­бес жауапкершілікке тап­сы­рыл­ған. Бизнеске қолайлы жағ­дайлар туғызылуда. Тиімді басқару жүйесі мен нәтижелерді бағалау өлшем­дері қалыптастырылуда. Енді беріле отырып жұмыс істеу керек.

Елбасы шағын және орта биз­неске қолайлы жағдай туғызу мә­се­­лесіне ерекше тоқталып, өңір басшыларының шағын және орта бизнеске жа­ғымды ықпал ете отырып, өзіндік салық базасын арттыруы керек­тігін айтты.

Өкінішке қарай, бизнеспен нақ­ты жұмыс істеудің орнына кейбір әкімдіктер көптеген тиімсіз ко­мис­­сия­лар мен кеңестер құрудан аса алмай отыр. Мұндай комис­сия­лар­дың саны кейбір жерлерде 60-қа дейін жеткен. Орталық ор­гандарда да осындай жағдай орын алуда. Атал­ған мәселеге байла­нысты Мем­лекет басшысы Үкі­мет­ке ко­мис­сиялардың санын күрт қыс­қар­туды, ал Президент Әкім­ші­лігіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ бар­лық өңір­лер басшыларына кәсіп­кер­лермен тоқсанына кем дегенде бір рет кездесіп, олардың проб­лемаларына үңілу міндеті жүк­тел­ді. Мұндай жұ­мыстарды банк­тер­мен де жүргізіп отыру қажеттігі ес­кертілді. Өз ке­зегінде банктер не­сиелік қаржы­ларды өз мерзімінде қайтарып алуға барынша көңіл бөлгені орынды.

Елбасы іске қосылған кәсіп­орындарындағы жұмыс бары­сы бұдан былай үнемі назарда бо­луы керек дегенді айтты. Өндірілген өнімді өткізудің жаңа рыноктарын іздестіру – маңыз­ды міндеттердің бірі. Осыған орай құрылып отырған Кедендік одақ­тың мүмкін­дік­терін пайдалану, қа­зақстандық тауар өндірушінің осы үлкен рынокқа шығуына тиісті алғышарттардың бәрін қалып­тас­тыру керек.

Индустрияландыру халықтың тұрмыс сапасы мен өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталады. Елімізде бұл бағдарламаның қолға алынуы көші-қон мәселесіне де қозғау салатыны түсінікті. Демек, тиімді көші-қон саясатын қалып­тас­тырып, жүзеге асыру, қуат үнем­­де­гіш технологияларды енгізу қажет.

Елбасы өз сөзін аяқтай келе биылғы жылдың ел өмірінде із қал­ды­рар оқиғаларға толы екен­дігін жеткізді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Биылғы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын, еліміздің Ата Заңы —  Конституцияның 15 жылдығын атап өтеміз. Осы оқиғаларды ұйым­дасқан түрде өз деңгейінде, бекітілген жоспарға сәйкес өткізу —  Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті.

Кеңесте биыл Ел­ба­­сы­ның 70 жылдығын бүкілха­лық­тық мереке ретінде атап өту жө­нін­де ұсыныс айтылған бола­тын. Елба­сы бұл ұсыныстан бас тартты. Мұндай мәселені қайта көтермеуді ескертті. Негізгі міндет, ойға алып отырған асқаралы жұ­мыс­тарды жү­зеге асыру және ха­лық­қа қатысты мерекелерді лайық­ты атап өту екендігін жеткізді.

www.egemen.kz — материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button