«Ақтөбе — құтты мекен»Денсаулық

Әр өзгеріске елеңдеп отырамын

Сәрсен ҚОБЛАНДИН, медицина ғылымдарының докторы, профессор,  академик, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі:

— «Туған жер» форумы — шалғайда жүрген ақтөбеліктердің басын қосудың таптырмас мүмкіндігі. Астана, Алматыда жүрген әріптестеріммен хабарласып,  үлкен шараның өтетінін айтып,  бір қуанып қалдық. Ақтөбенің перзенті ретінде өңірде жасалып жатқан әрбір жақсы жаңалыққа, оның ішінде медицина саласындағы өзгерістерге елеңдеп отырамын. Әрине, Ақтөбеде медицинаның алға басуы  медициналық университетпен тікелей байланысты. Қазіргі күні ел медицинасының дамуына үлесін қосып жүрген ғалымдардың басым бөлігі осы оқу орнының түлектері. Бүгінде Ақтөбеде бұрын-соңды жасалмаған мүше трансплантациясы жасалып жатыр. Кардиология, хирургия және өзге де салаларда ілгерілеушілік бар. Осының барлығы Ақтөбенің перзенті ретінде мені марқайтады. Еңбек жолымдағы ең ізденісті жылдар туған қаламда өтті. Оны мен мақтанышпен айта аламын. Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, хирург скальпелін қолға алғаннан кейін ғылым жолына түстім. Асқазан-ішек жолдарында жиі кездесетін ауру түрлері медицина ғылымында тың жолдарды іздестіруге итермеледі. 1985 жылы профессор Юлий Шальковтың жетекшілігімен Украинаның Харьков қаласында кандидаттық диссертация қорғадым. Кейін осы қалада докторлық диссертацияны да қорғап шықтым. Ақтөбе медицина академиясының факультеттік және госпиталдық хирургия кафедрасына жетекшілік етім. Одан соң Атырау облысының хирургия қызметін басқардым. Кейін Елорданың медицина саласын көтеруге күш салдық. Астаналық медицина өкілдері қауымының ұйғарымымен 2010 жылы Астанаға қоныс аудардым.  Ұлттық Ғылыми медициналық орталықта органдар  мен тканьдерді ауыстыру және хирургия орталығын басқардым. Медициналық құрал-жабдықтардың әлемдік озық үлгілері бар орталықтағы жұмыс істеу маған жаңа тыныс берді.  Кейін Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханада қызмет атқарсам, қазір Астана медицина университетінде жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісімін. Еңбек жолымдағы осындай белестердің барлығы туған жерден алған білім мен сарқылмас күштің арқасы. Қай кезде де туған ел, туған жер ыстық. Қай жерде жүрсем де жерлестеріме қол ұшын созып, көмегімді беремін. Еліміздің батыс өңірінен оның ішінде Ақтөбе, Атырау және өзім туып-өскен Шалқар өңірінен адамдар жиі хабарласады. Іздеп келіп, ота жасатады. Олардың ешқайсысын кері қайтарған емеспін. Ғылым жолын қуамын деген жастарға қашанда қолдау білдіремін. Туған жерге тағзым ретінде өзім өскен Шалқар ауданының медицинасын дамытуға күш салғым келеді.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button