«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтарТарих

Ақтөбе өңіріндегі киелі орындар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның киелі орындарының географиясын» жасауды тапсырған еді.Соған орай «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы әзірленіп, 100 атаудан тұратын тізім жұртшылыққа таныстырылды. Олар «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер», «Ірі орта ғасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары»,  «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар», т.б. санаттарға бөлінген.

Тізімге біздің облыстан 4 киелі орын енді.

 «Хан моласы» мемориалдық кешені

Аталмыш жобада «Тарихи тұлғаларға қатысты киелі орын» 20 болса, солардың үшеуі Ақтөбе аймағынан еніп отыр. Олардың бірі — Әбілқайыр ханға арналған «Хан моласы» мемориалдық кешені.

Әбілқайыр хан 1693-1748 жылдары өмір сүрді. Ол саясат сахнасына көтерілген кезең — халқымыздың тарихындағы ең бір күрделі уақыт еді: төрт тараптан жау анталап, Ұлы Далаға жан-жақтан толассыз жорықтар жасалды. Осы кезең туралы Шоқан Уәлиханов: «ХVIІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды», — деп жазған. Қазақ Ордасын бүкіл Азияның қақпасын ашатын кілт санаған орыс патшасы І Петр қайткенде Ұлы Дала жұртын әлсіретіп, күйретуге күш салды. Сол мақсатпен Еділ қалмақтарын, Жайық казак-орыстарын, т.б. халықтарды мұздай қаруландырды. Әбілқайыр хан — осындай алмағайып заманда ел басқарып, елдікті сақтап қалу жолында өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға, даңқты қолбасшы.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайАқтөбеде өткен «Қазақ мемлекеттігінің дамуы: дәуірлер, оқиғалар, тұлғалар» атты халықаралық ғылыми конференцияда белгілі ғалым Ирина Ерофеева: «Қазақ әскерінің буддист-ойраттарға қарсы соғыста 1727-1730 жылдары қол жеткізген жеңістерінен соң, ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарынан бастап Әбілқайыр хан мұсылман әлемінде басқа діннің басқыншылығына тосқауыл қойған билеушілерге берілетін «Ғази» дәрежесіне ие болды. Ол — мұндай құрметті атаққа ие болған қазақтың екінші ханы. Әбілқайырдан бұрын бұл атақ Тәуке ханға берілген болатын.  Осы кезден бастап ол шетелдерге жіберген хаттарына «Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баһадүр хан» деп қол қоятын болды», — деген еді.

Заманында қазақтар Әбілқайыр ханды ерекше қадір тұтып, оның бейітіне екі ғасырға жуық уақыт зиярат еткен. Зиярат ету ХХ ғасырдағы дүрбелеңдерден кейін тоқтапты.

Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» — көне қорым. Олоблысымыздың Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Хан сүйегінің осы қорымда жатқанына ел аузындағы деректер ғана емес, орыс зерттеушілерінен қалған жазба деректер де дәлел болады. Мысалы, Торғай облыстық басқармасының бұратаналар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Иван Крафт 1898 жылы «Хан моласының» Торғайдан 80 шақырым жерде екенін және қазақтардың ол жерді қасиетті орын санайтынын жеткізген.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1998 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали жетекшілік еткен топ «Хан моласы» қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал 2007 жылдан бастап зерттеу жұмыстары кешенді түрде қолға алынды. Бұған тарихшылар,  этноархеологтар, этнографтар, сәулетшілер, топырақтанушылар, геофизиктер, антропологтар, генетиктер, тағы басқа да мамандар тартылды.

Қорым аумағы 16 гектарды құрайды. Зерттеушілер мұнда мыңға жуық қабір барын анықтады. Деректер бойынша, Әбілқайыр хан қыпшақ дәстүрімен жерленген, яғни қару-жарағы өзімен қоса көмілген. Қабір басына ханның ұлы, ізбасары Нұралы 12 түп ағаш еккен. Зерттеушілер хан қабірін іздегенде, осы деректі де негізге алды.

Хан қабірі нақты анықталғаннан кейін, бұл жерде Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашу жөнінде шешім қабылданды.Оның ашылуы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.2015 жылдың 2 қазанында мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті.
Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Авторы — белгілі сәулетші Бек Ыбыраев. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу және Ұлы Даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары тұр.

Кесененің биіктігі 15 метрге жуықтайды. Диаметрі — 8,5 метр. Кесене Маңғыстау өңірінен әкелінген ағылай тасынантұрғызылған.

Абат-Байтақ кесенесі

Академик Әлкей Марғұлан: «Ең көркем құлпытастар, сұлу күмбездер, кешендер, сағана тамдар Сағыз өзені бойында, Қобдада, Маңғыстауда сақталған» — деп отырады екен. Қобда өңіріндегі ескерткіштер туралы айтқанда, алдымен сонау орта ғасырлардан қалған Абат-Байтақ кесенесі ойға оралады. Ол Қобда ауданындағы Талдысай ауылынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан.

Әріде Абат-Байтақ кесенесі туралы И.Кастанье, П.Рычков, т.б. зерттеушілерден жазбаша деректер де қалған. Кесененің кімге тиесілі екендігі туралы әртүрлі болжамдар айтылып келеді. Ел аузында мұнда әйгілі Асан Қайғының ұлы — Абат батыр жерленген деген аңыз сақталған. Тағы бір зерттеушілер мұнда Қазақ хандығының даңқты билеушілерінің бірі — Хақназар хан жерленген деген болжам барын да айтады. Ал осы ескерткішті ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Серік Әжіғали бізге: «Абат-Байтаққа қатысты менің айтарым — мұнда төре тұқымы жерленген. Даламызда мұндай кесенелер билеуші әулет өкілдеріне, көсемдерге арнап салынған. Байларға, батырларға арнап зәулім кесенелер тұрғызу беріде, ХІХ ғасырда ғана қолға алына бастаған. Ал Абат-Байтақ мавзолейі, өздеріңіз білесіздер — орта ғасырлардан қалған ескерткіш» — деген еді.

Кесененің бастапқы биіктігі 16 метр болған, төбесіндегі күмбезіжарқырап, өткен-кеткен жолаушыға алыстан көрінеді екен. Бізге ғимарат жартылай бүлінген қалпында жетті. Айналасы — қалың қорым. Құлпытастар бұл жердің сонау орта ғасырлардан бастап, ХХ ғасырдың басына дейін жерлеу орны болғанын айғақтайды.

Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне қарасты «Казреставрация» ғылыми-қайта қалпына келтіру өндірістік бірлестігінен жасақталған, сол кездегі жас маман Серік Әжіғалиев бастаған экцпедицияның 1979-1980 жылдардағы зерттеу жұмыстары нәтижесінде Абат-Байтақ республикалық дәрежеде маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізіліп, қорғауға алынды. Ал бастапқы, яғни 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мұнда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар барысында орта ғасырлық технология бойынша әзірленген кірпіштер пайдаланылды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2006 жылдың күзінде аяқталды.

Ғалымдар Абат-Байтақ қорымына, кесененің кімге тиесілі екеніне қатысты зерттеу жұмыстарын жалғастыра беретіні анық. Ал біз мұнда зиярат етуге келетін жандардың легі жылдар бойы үзілмегеніне куәміз…

Қобыланды батыр мемориалдық кешені

Нұрпейіс Байғанин кезінде Қобыланды батыр туралы:

«Ерлердің артық данасы,

Артықша Қобылан ағасы,

Халықтың қорған-панасы.

Ешкіқырған сағасы,

Ұлы Қобда жағасы,

Адамнанжоқжаласы,

Тоқсанғажасыкелгенде,

Судан болдыжаласы,

Қартайыпжеттіқазасы.

ДіңкиіптұрғанҚара оба —

Тоқтарбай қарттың баласы

Ер Қобыланның моласы», — деп жырлапты.

Зерттеушілердің айтуынша, эпостағы Қобыланды батыр — тарихта болған тұлға. Болжамдар бойынша, ол әрідегі, яғни Алтын Орда ыдыраған тұстағы Әбілқайыр ханның төбе биі, сонымен қатар, бас батыры да болған. Бұл Әбілқайыр кейіннен қазақ хандарымен жауласып өткен Шайбанилердің атасы екені белгілі. Қарақыпшақ Қобыланды оған ел іргесі сөгілмей, жұрт қақ жарылып бөлінбей, тұтас тұрған тұста қызмет еткен болса керек.

Қайткенде де, Қобыланды батырдың есімі, ерлік істері аңызға айналып, ғасырдан ғасырға жетсе, ал Қобда өңірінде оның кесенесінің беріге дейін сақталғаны, колхоздастыру тұсында сол маңда «талпақ танау» өсіру ісі қолға алынып, батырдың аруағының аққу болып ұшып кеткені туралы әңгімелер ел арасында күні кеше де айтылатын… 60-жылдардың аяғында бұл жерге Ноэль Шаяхметов бастаған жұмыс тобы келіп, көнекөз қариялардың көрсетуімен батырдың сүйегін қазып алып кетеді. «Ондағы мақсат — республиканың сол кездегі астанасы Алматыда «Бабалар аллеясын» ашып, қазақтың даңқты тұлғаларының сүйегін сонда қайта жерлеу болған»деген де сөз бар. Бұл ой жүзеге аспаған. Қазып алынған сүйек Алматыдағы Орталық музейдің антропология зертханасында сақталып, кейіннен Шаяхметов оны Мәскеуге алып кеткен. Сүйектің дерегі арада 30 жылдан астам уақыт өткенде, 2000-жылдардың басында қайта табылды.

Аз жыл ішінде Мәскеудегі Герасимов зертханасында батырдың бас сүйегі арқылы кескін-келбеті қалпына келтіріліп, бюст түріндегі ескерткіш облыстық музейге тапсырылды. Осыдан соң Қобыланды батырдың сүйегін қазып алынған орнына қайта жерлеу жөнінде шешім қабылданды. Қобда өңіріндегі Жиренқопа ауылыныңтұсында Қобыланды батырға арнап биіктігі 17,5 метр болатын,дулыға пішіндес зәулім кесене тұрғызылды. Кесенеге баратын жолдың екі жағына екі метрлік тастар қойылған.«Қобыландының меңгіртасы» аталатын қайрақтас та осында жеткізілді. Бұл тасқа батыр семсер, қылышын қайраған деседі.

2007 жылдың күзінде батырдың сүйегі қайта жер қойнына берілді. Жиренқопа жерінде үш жүздей киіз үй тігіліп, үш жүздің баласы бас қосып, батыр баба рухына арнап ас берді. Бұл жиын бүгінгі ұрпақтың ынтымақ-бірлікті ту еткен бабалар жолына адалдығын тағы бір әйгіледі.

Жиренқопадағы мемориалдық кешеннен бөлек, Ақтөбе қаласындағы орталық стадион дабүгінде Қобыланды батыр есімімен аталады.

Есет Көкіұлы кесенесі

Ел жадында ғасырлар бойы жатталған: «Ердің соңы — Есет, пірдің соңы — Бекет» — деген сөздің түп мағынасын бүгінгі ұрпақ анық білмесе де, Есет батыр бейнесін ерліктің, ұлттық намыстың, ұлттық рухтың символы ретінде қабылдайды.

Есет Көкіұлы 1667-1749 жылдар аралығында өмір сүрген. Ресей, жоңғар басқыншыларына қарсы күрестегі ерлігімен танылған. Әз Тәуке тұсында Кіші жүз әскерлерінің қолбасшысы болған. Кейбір деректер бойынша, Тәуке хан оны Кіші жүз құрамындағы Жетіру тайпасының басшысы етіп қойған. Әбілқайыр хан тұсында да Аңырақай шайқасына Кіші жүз әскерлерінің туын көтеріп шыққан деседі. Жасының ұлғайғанына қарамастан, ақырғы деміне дейін елді, жерді қорғау жолындағы істерге араласқан. Кейінгі ұрпағына: «Мені аяғымды батысқа қаратып жерлеңдер, өлсем де, жауды бері келтірмей, тіреп жатайын», — деген өсиет қалдырыпты.

Есет Көкіұлы кесенесі Ақтөбе мен Алға қалалары аралығында орналасқан Бестамақ ауылындағы көне қорымда тұр. Тіпті кеңес заманында да ұрпақтары оның аруағын кие тұтып, басына тәу етті. 1750 жылы тұрғызылған бастапқы кесене сақталмаған. 1970-жылдары Алға өңірінің қазақтары оның кесенесін екінші рет көтеру үшін ұйымдасты, алайда кеңес билігі ол бастаманы қатты сынап, іске асыруға жол бермеген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Ақтөбе жұртшылығы Есет Көкіұлының 325 жылдық мерейтойын атап өтті. Қазіргі кесене осы мерейтой кезінде тұрғызылды. Оның биіктігі — 11 метр, ені — 5 метр. Авторы — Т.Жанысбеков. Кесененің алдыңғы жағына батыр ескерткіші бейнеленді. Қорымның кіреберісіне шырақшы үйі салынған. Қорымға барар жол Елек өзені арқылы өтеді, сондықтан зиярат етушілердің тілегіне сай, шағын көпір құрылысы да жүргізілді.

Бүгінгі күні мұнда Есет батыр мемориалдық кешенін ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Есет батырдың сауыты сақталып, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына тапсырылған.

 Әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button