Жаңалықтар

Жолдың жағдайы жақсара береді

Брифинг

Бұдан бірсыпыра уақыт бұрын ғана аймақтағы жергілікті жолдарды былай қойғанда, республикалық маңызы бар  жолдардың жағдайының өзі төзгісіз нашар болғаны белгілі. Ал қазір облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың 56 пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткен. Бұл да шек емес, өңірдегі жолдың жағдайы күн санап жақсара бермек. Сәрсенбі күні «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев осылай деп мәлімдеді.

Көлік инфрақұрылымының дамуына байланысты атқарылған жұмыстарды айта келіп, басқарма басшысы  облыстық және аудандық автомобиль жолдарының құрылысына тоқталды. Ағымдағы жылы облыстық, аудандық автомобиль жолдарының құрылысына және жөндеуге 9,7 млрд теңге қарастырылып, 254,7 шақырым құрайтын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылы облыстық 1057 шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге 741,1 млн теңге бөлінді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыстық жолдардың көрсеткіштері де жақсарған.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ақтөбе-Астрахан автожолының құрылысы басталған. Қалмаққырылған ауылы маңындағы 160 шақырымнан  үш мердігер анықталып, жұмысын бастап кеткен. Жолдың қалған бөлігіне қатысуға конкурстық шаралар жүріп жатыр, ол алдағы қазан айында аяқталады.

— Құрылыстың 1-ші шақырымынан 160 шақырымына дейінгі жұмыс қараша айында басталуға тиіс. Содан жедел жүріп, 2-3 жылдың ішінде аяқталады деп күтілуде, — деді басқарма басшысы өзінің журналистерге берген хабарында.

Сондай-ақ ол Ақтөбе-Орск жолының 16-шақырымынан  36 шақырымына дейінгі аралығы жөнделгенін жеткізді. Бұдан бөлек бұл жолдың бес шақырымы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қосымша қаржысына жөнделген. Ал алғашқы сегіз шақырымы облыстық бюджет есебінен салынған. Жарықтандырылуы және шекаралық белгілері бар төрт жолақты жол қараша айында пайдалануға беріледі. Алдағы жылы осы жолдың 40-50 шақырымын салу жоспарланып отыр.

— Осы таяу күндерде Ақтөбенің оңтүстік айналма жолының — облыстық ауруханадан мал базарына дейінгі бөлігін ашамыз. Ол арқылы автокөлік иелеріне қызмет көрсету орталығына оңай жетуге болады, — деп баяндады Аязбай Османғалиев.

Оның айтуынша, осы жылдың аяғына дейін Ақырап ауылына дейін асфальт жол барады. Одан әрі Ресей Федерациясының шекарасына қосылады. Сол сияқты Дөң-Бадамша  жолының құрылысы да қарқын ала түсуде.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button