Ауыл

Қаратоғайда жаңа мектеп ашылды

Білім күні мерекесі Қаратоғай ауылы үшін қуанышқа толы болды. Өйткені бұл күні ауылда көптен бері өзекті мәселеге айналған мектеп жайы оң шешімін тауып, заман талабына сай салынған екі қабатты, 120 орындық жаңа білім ордасы пайдалануға берілді.

Іргетасы 1969 жылы қаланған Қаратоғай орта мектебі «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы арқылы жаңа ғимаратқа ие болды.

Мектептің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары, ұстаздар жиналып, ортақ қуанышты бірге бөлісті. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев тұрғындарды, ұстаздарды, оқушыларды жаңа мектептің ашылу салтанатымен, Білім күнімен құттықтады.

Шарада аудан әкімі мектеп құрылысын аз уақыттың ішінде аяқтап, бітіріп шыққан мердігер «Стройнеф» ЖШС директоры Болат Алдабергеновке, еркін және грек-рим күрестері облыстық федерациясының президенті Қайыржан Бекембаевқа аудан тұрғындарының атынан алғыс сезімін білдірді. Және аудандағы білім саласы бойынша атқарылып жатқан игі істерге де тоқталып өтті. Мәселен, осындай мектеп алдағы жылы Тоғыз стансасында да бой көтермек. Мырзағұл Шыманұлы ауылында да 60 орындық мектеп құрылысы салынбақ. Шалқар қаласында №5 мектепке де жаңа ғимарат салынбақшы.

Шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Жүсіпов сөз сөйлеп, ұстаздарды, оқушыларды, ата-аналарды облыс әкімі Б.Сапарбаевтың атынан жаңа оқу жылының басталуымен және жаңа мектеп ғимаратының салтанатты түрде ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ ол ауданымызда 13-16 қыркүйек күндері жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен ҚР чемпионатының өтетінін айтып, жақында ғана Париж қаласында осы күрес түрінен ел мерейін үстем еткен шалқарлық Мейрамбек Айнағұловты ерекше атап өтті. Мейрамбекке әркез демеу болып жүрген еркін және грек-рим күрестері облыстық федерациясының президенті Қайыржан Бекембаевқа көптің алдында алғыс білдірді.

Еңбек ардагері Бағжан Жоламанов аудан ардагерлері атынан ауыл тұрғындарын жаңа мектеп ғимаратының ашылуымен құттықтап, білім ордасына компьютер тарту етті.

Алғашқы қоңырау соғылып, мектеп құрылысын салушы мердігер «Стройнеф» ЖШС директоры Болат Алдабергенов жаңа мектептің символикалық кілтін мектеп директоры Кеңес Каюповке  салтанатты түрде табыс етті.

Ауыл ақсақалы Жадырасын Ахметов жаңа оқу жылын бастағалы тұрған оқушыларға, ұстаздарға ақ батасын берді. Мектептің ашылу лентасы қиылған соң жүздері бал-бұл жанған 1-сынып оқушылары салтанатты түрде алғаш рет жаңа мектеп табалдырығын аттады.

Бұдан соң шараға келген қонақтар ауыл ажарын келтіріп тұрған жаңа мектеп ғимаратын аралап көрді. Онда компьютер класы, спорт зал, шеберхана, т.б. оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Әсіресе, келушілерді мектеп ауласында орын тепкен типтік спорт алаңы таңғалдырды.

Өнерлі оқушылар салтанатты шарада өнер көрсетті.

Айта кету керек, Қаратоғай ауылы аудан орталығынан 135 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінгі күні бұл ауылда 96 түтін бар, халқының саны — 540.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button