ЖаңалықтарРухани жаңғыру

Рухани жаңғыру: жүйелі жұмыстар мен жоспарлар

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңсесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының облыста жүзеге асырылу барысы бойынша партиялық тыңдау өтті. Жиынға  облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, партиялық кураторлар, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, Қазақстан халқы ассамблеясының жергілікті өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің, жоғары және арнаулы оқу орындарының өкілдері қатысты.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының төңірегінде елімізде, оның ішінде облыста біршама іс-шаралар атқарылып жатыр. Оның ең бастысы — өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру. Бұл мәселеге білім, мәдениет және өнер қайраткерлері жаппай атсалысуда. Партиялық тыңдауды өткізудегі мақсат — Президенттің мақаласы шыққаннан бергі уақытта облыста қандай іс-шаралар жүзеге асырылды, алда қандай шаруалар тұр деген мәселелерді нақтылап, пысықтау, — деді облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманкелді Есіркепов.

ФОРУМҒА 200-ДЕН АСТАМ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ КЕЛЕДІ

Партиялық тыңдаудың күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Елбасы мақаласының «Атамекен», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларының облыста жүзеге асырылу барысы туралы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов баяндады.

Ақтөбе жұртшылығы арасында үлкен қызығушылық туғызып, қолдауға ие болған Елбасы мақаласы өткен тарихымыз бен қазіргі тәуелсіз елдің рухани жаңғырудағы басым бағыттарын айқындап отыр. Облыста бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бағдарламалық құжатты сапалы іске асыру мақсатында өкім қабылданып, облыстық комиссия құрамы бекітілді, облыстың жұмыс жоспары жасақталды. Бекітілген жоспарға сәйкес, сарапшылар кеңесі және әрбір бағыт бойынша жұмыс топтары, өңірлік жобалық кеңес жұмыс жасауда. Бұл бағытта зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктер, партиялар, кәсіподақтар, жастар өкілдері жұмысқа кеңінен тартылуда, — деді Е.Тауанов.

Қазіргі таңда  облыс бойынша 122 мыңға жуық адамды қамтыған 335 іс-шара өткізіліпті. Бағдарламаны халық арасында насихаттау жұмыстарын одан әрі күшейту мақсатында  облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан құрылған ақпараттық топтар биыл 10 шілдеден бастап барлық аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 9 млн. теңге қаржы бөлініпті.

Ақпараттық топтардың мүшелері Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарында 5531 адамды қамтыған кездесу шараларын өткізді. Сонымен қатар қыркүйек, қазан айларында бекітілген кестеге сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Облыс бойынша Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын сыртқы үгіт-насихат құралдары арқылы  түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 121 билборд, 146 баннер және 64 керме орнатылды, — деді Ермек Тауанов.

Аталған бағдарлама 4 кіші бағдарламаларға бөлініп, жобалар мен іс-шаралар реестрі бекітіліпті. Олар —  «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары.

Ермек Тауанов «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында облыста биыл «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде жалпы құны 2 млрд. 848 млн теңгені құрайтын 555 жобаны іске асыру жоспарланғанын, бүгінгі күні 1 млрд 12 миллион 471 мың теңгеге 338 жоба орындалғанын айтты. Оның ішінде ірі жобалар қатарына  — хоккей модулі, облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Жұбановтар әуені» өнер орталығы, 28 сквер мен парктер құрылысы, әлеуметтік орындарды жөндеу, елді мекендердің инфрақұрылымдарын одан әрі дамыту шаралары енген.

«Туған жер» арнайы жобасындағы ірі шаралардың бірі — «Ақтөбе — құтты мекен» жерлестер форумы. Қыркүйек айында өтетін бұл форумға таяу және АҚШ, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Украина, Армения және Әзірбайжан секілді шет елдерден 200-ден астам ақтөбеліктер, яғни жерлестер келеді деп күтілуде.  Форум кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бой көтерген жаңа ғимараттар ашылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылады. Сонымен бірге білікті мамандардың қатысуымен түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, операциялар, шеберлік-кластар, семинар-тренингтер, театрландырылған қойылымдар өткізіледі, — деді Е.Тауанов.

Жиында  «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстардың барысы да тыңдалды.

КИНЕМАТОГРАФИЯ ЖАНРЫ ЖАНДАНАДЫ

Президент мақаласындағы «Рухани қазына» кіші бағдарламасының Ақтөбеде іске асырылу барысы жайында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұханов баяндады. Оның айтуынша, басқарма тарапынан өңірлік деңгейдегі нақты мәдени-іс-шаралар биыл мамыр айынан бастап «Рухани қазына» кіші бағдарламасының базалық «Туған өлке мәдениеті»,   «Ұлттық құндылықтар — ел бірлігі», «Асыл ұрпақ», «Қасиетті Қазақстан» жобалары енгізілген «Туған жер», «Мәдени даму», «Қазақстанның сакральды географиясы» арнаулы жобалары  негізінде жүргізілуде.

«Туған өлке мәдениеті» базалық  жобасымен бекітілген жарғыларға сай облыс орталығында аудан күндері өтуде. Бүгінгі күнге дейін 8 ауданның күндері өтті.  Облыс орталығында кең көлемді мәдени шаралар мен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі, көше мерекелері, ауданның өңірден шыққан тарихи тұлғаларын ұлықтау мен су тасқынынан зардап шеккен жерлестерге қайырымдылық акциялары, ақындар айтысы мен халықтық театрлардың қойылымдары ұйымдастырылуда. Ал «Мәдени даму» жобасы  бойынша  облыс кітапханаларында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, ауыл кітапханаларын модельді жаңарту жоспары жасалып, жергілікті атқарушы органдардың орындауына  ұсынылды. Қазіргі таңда облыс бойынша оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсететін 239 кітапхананың интернет желісіне қосылғаны және компьютерленгені — 115. Бұл — 48,1 пайыз, — деді ол.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылар кеңесінің отырысында облыста 4 қастерлі орын іріктеліп алынып, «Қазақстандағы жалпыұлттық қасиетті орындардың тізіміне» енгізілген. Олар —  Абат-Байтақ, Есет батыр Көкіұлы кесенелері мен «Қобыланды батыр», «Хан моласы» мемориалды кешендері.

Қ.Ермұхановтың айтуынша, енді облыста Ақтөбедегі жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізімі жасақталатын болады.

Облыста  тарихи тұлғаларды, мемлекет қайраткерлерін ұлықтау мақсатында биыл бірқатар ескерткіштер орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанда орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауынан 4 ескерткіш өтті. Олар — Есет батыр Көкіұлына, мемлекет қайраткері, заңгер Нағашыбай Шәйкеновке, Жалаңтөс баһадүрге және Хромтау қаласында Дербісәлі Беркімбаевқа орнатылатын ескерткіштер. Бүгінгі күні «Қобыланды батыр» мемориалды кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, республикалық маңызы бар тарихи ескерктіш — Абат-Байтақ кесенесі аумағын қоршау жұмыстары жүргізілуде, —  деді Қыдырғали Ермұханов.

Партиялық тыңдау кезінде ол алдағы уақытта облыста кинематография жанрын дамыту, толық метражды, деректі, балаларға арналған кино, сериалдар, әлеуметтік роликтер түсіруді жандандыру ісі қолға алынатынын, түсірілген фильмдерді шетелде ілгерілету жоспардағы шаруа екенін айтты. «Жоспарды жүзеге асыру үшін облысымызда кино түсіру саласын түсінетін мамандар бар, сонымен бірге өнердің ең қиын түрлерінің бірі —  мультипликацияны дамыту да жұмысшы топтың мүшелерімен жоспарға енгізілді», — деді басқарма басшысының орынбасары.

ОЙЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР ЭКСКУРСИЯДА ЖҮР

Мақаладағы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша атқарылған шаруалар жайы да партиялық тыңдау кезінде сөз болды. Облыстық білім басқармасының өкілі Шәрипа Шәкірованың айтуынша, аталған бағдарламада 27 іс-шара жоспарланған. Осы  мақсатта 2017-2022 жылдары жүзеге асырылатын 26 жобаға бюджеттен  148 миллион 148 мың  теңге бөлу жоспарланыпты. Ал 1 жоба бюджеттен тыс қаржыға (1,8 млрд) жүзеге аспақ. «Қазіргі таңда аталған жобалардың бірсыпырасы жүзеге асырылды. Атап айтсақ , «Ырғыз-Торғай  мемлекеттік табиғи қорығына» 208 оқушы мен 26 жетекшіні  экскурсияға  жіберу  көзделді. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы мен аудандар бойынша 176 оқушы мен  22 жетекші  қорыққа экскурсияға барып келді. Қазіргі уақытта Ойыл ауданының оқушылары аталған аймақта жүр», — деді ол.

Сондай-ақ, жиын барысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аймақта іске асырылу барысы тыңдалды. Бұл туралы облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының өкілі Жанна Беркүтбаева мәлімдеді.

Жиын барысында мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербестер Елбасы мақаласына қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, аймақта атқарылып жатқан шаруаларды одан әрі жандандыру бағытында ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, тарихи тұлғаларды ұлықтауға қатысты жұмыстарда сыртқы байланысты нығайту шараларын ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.

Партиялық тыңдауды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін бірқатар ұсыныстар айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button