Ауыл

Арпа ору аяқталып қалды

Бүгінде диқан қауымы түгел жаңа астықты жинау қамымен егістік басында жүр.

Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Сариновті де біз кеңседен таба алмай, егіс басынан тілдесудің орайын келтірдік. Ұзақ жылдардан бері осы саланы басқарып келе жатқан білікті маман орақтың барысын қос басында жатқа айтып берді.

Оның мәлімдеуінше, шаруашылықтар арпа егісін қаусырып қалыпты. Мәселен, бұл дақылды орып бола келген «Родники» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арпа егісінің әр гектарынан 13,2 центнерден өнім алған. Қазір серіктестік диқандары бидайға орақ салды, алғашқы түсім гектарына 10 центнерден келді, алда бұдан да жоғары көтеріледі деп күтілуде.

Әсіресе, Хазірет ауылындағы шаруашылықтар биыл жақсы астық өсірді. Осындағы Проскурин басқаратын  жауапкершілігі шектеулі серіктестік арпа егісінің әр гектарынан 18 центнерден өнім жинауға қол жеткізді. Қызылжардағы Тұрмағамбет Сағызбаев басшылық ететін шаруа қожалығы арпа дақылының әр гектарынан орта есеппен 13,5 центнерден өнім алды.

Бүгінгі күнге аудан арпа егісін оруды аяқтап қалды. Түсім орта есеппен аудан бойынша әр гектардан 12,5 центнерден келуде.

— Арпа егісінің қою, бітік алқаптары соңына қалдырылған. Сондықтан бұл көрсеткіш әлі де көтерілуге тиіс, — дейді бөлім басшысы.

Қазір ауданның диқаншылар қауымы орақты бидай дақылына аударған.  Маманның бізге айтуына қарағанда, бидай егісі әлі жаппай пісіп үлгерген жоқ. Сондықтан іріктеп, ойдым-ойдым шауып жатыр. Жалпы бұл дақылдың шығымы әр түрлі көрінеді. Хазіреттіктер әр гектардан 13 центнерден өнім алып жатса,  «Родник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 200 гектар орылған бидай егісінің әр гектарынан 12 центнерден өнім жинаған.

Биылғы жылы аудандағы дәнді дақыл егісінің көлемі 53400 гектарды қаусырады. Оның ішінде арпа, бидай дақылдарын «Родники», «Ақпар» шаруа қожалықтары молырақ салған.

Шаруашылықтар картоп, көкөніс өнімдерін де уақтылы жинап алуды ойластырып отыр. Қазір көкөніс, қызанақ өнімдері жаппай жиналып, сауда орындарына жеткізілуде. Бұл ретте «Темірхан» шаруа қожалығының ісі көпке үлгі.  Бұл қожалық көкөніс өнімдерін жинауды тәуір ұйымдастырып отыр.

— Кейінгі күндердегі салқындық бидай дақылының пісуін тежеді. Сондықтан бидай алқабын комбайндар бөлектеп оруда. Родниковка ауылы маңындағы бидай егісінде 5 комбайн егісті дестеге түсіріп жүрсе, 12 комбайн тікелей шабуда. Жалпы аудан бойынша 280 комбайн болса, соның 180-і науқанға қатысуда. Биылғы жылы егін еккен 120 шаруашылықтың  бәрі де биыл азды-көпті өнім алады, — деді Шамиль Саринов бізбен әңгімесінде.

А.ҚАЗЕКЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button