Ауыл

Спартактың атын шығарған қарбыз

Ауылдық жерде көпшілік шаруа қожалықтары малмен байланысты құрылғаны белгілі. Ал Ойыл ауданының Саралжын ауылында «Спарта» шаруа қожалығын Спартак Төремұратов  2012 жылы бау-бақша шаруашылығымен байланыстыра құрды. Себебі, мамандығы мал маманы болғанмен, ол бау-бақша өсірудің қыр-сырын да жақсы меңгеріп алған еді. Қайын жұрты Қызылорда облысының Шиелі ауданынан-ды. Қауын-қарбыз өсірудің отаны десе артық болмайтын бұл өңірден Спартак көп нәрсе үйренді. Тіпті өз ауылынан жұмыс таппаған кешегі бір қиын кездерде, сол өңірде жаз бойы жұмыс істеп, азды-көпті қаржы тауып келгені де бар. Сөйтіп жүріп атасынан бау-бақша егудің әдіс-тәсілін бойына мол сіңірді.

Енді сол атасынан алған тәжірибесін өзінің туған жерінде жүзеге асыруға болатынын түйсінді. Қарбыз-қауын өсіруге Ойыл жерінің Шиелі өңірінен еш кем түспесін білді. Ақпа-тегін су іргеде. Топырағы да құнарсыз емес. Ең бастысы, экологиялық жағынан таза.

Содан жалға жер алып, іске кірісті. Алғашқы жылдары атасы көмекке келіп, ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетті. Көп кешікпей өзі де бұл кәсіпке жақсы төселді. Қарбыз-қауынның бұл жаққа тән емес, жаңа дәмді тұқымдарын егіп, шығарды. Бастапқы кезден-ақ өнімдері сапалы болып, өз ауылынан асып, аудан орталығының, Ақтөбенің базарларын кеуделей бастады. Көрші Қызылқоға, Қаратөбе аудандарының тұрғындарын қызықтырды. Соның арқасында бірер жылда жақсы қаржы тапты. Ол шаруа қожалығын  аяғынан тұрғызып, нығайтуға жағдай жасады. Кәсібін кеңейте түсті.

Спартактың шаруа қожалығының пайдалануында қазір 1091 гектар жер бар. Бұған қоса елді мекен жерінен 10 гектар суармалы жер пайдалануға берілген. Бау-бақшамен қатар, мал шаруашылығымен  де айналысады. Ірі қара өсіреді.

Әрине, қожалықтың негізгі бағыты — егіншілік болып келеді. Тек өткен жылы 15 гектар жерге суармалы тары, 10 гектар алқапқа қарбыз, 4 гектарға — қауын, 1 гектарға қияр екті. Тары егісінен 180 центнер, қауын-қарбыз бен көкөністен 7 мың центнер өнім алды.

Ағымдағы жылы өткен жылға қарағанда бау-бақша алқабын 4 гектарға ұлғайтып, 19 гектарға жеткізді. Осының 15 гектары — қарбыз.

Қарбыз демекші, Спартактың атын шығарған да осы — қарбыз. Біздің өңірімізге қарағанда бұл жеңсік жеміс  оңтүстік жақта ерте пісетінін білеміз. Саралжындық бағбан өзінің ізденісінің арқасында осы мерзімді едәуір қысқартты. Бұл үшін ол қарбыз бен қауын тұқымын ерте көктемде егіп, пленка астында өсіру әдісін құлданады. Ерте өнім алудың осы әдісін меңгерген Спартак өткен жылдары өңірде қарбыз-қауын өнімін базарларға алғашқылардың қатарында шығарып жүрді.

Биылғы бау-бақша өсірушілер үшін қолайсыз болған жылдың өзінде көп кешіккен жоқ. Тамыз айының алғашқы онкүндігінде, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ойыл ауданына жұмыс сапары кезінде біз осының куәсі болдық. Оның бақша өнімдері бұған дейін өз ауылы мен ауданының, көрші өңірлердің базарларын айтпағанда, Ақтөбенің сауда орындарына да жетіп үлгеріпті.

— Биылғы көктем, одан кейінгі күндер бақша өсіруге аса қолайсыз болды. Соның салдарынан өнім кешікті. Алғашқы егілген алқаптың өнімін жинап жатырмыз. Базарларға өнімдеріміз жетті.  Алайда менің атымды шығаратын қарбыз бұл емес. Аса ірі әрі дәмді, ұзақ сақталатын жылда өзім өсіріп жүрген қарбыздың тұқымы бар. Ол сәл кештеу піседі, — деп мәлімдеді шаруашылықтың  жұмысымен танысқан облыс әкіміне Спартак Төремұратов.

Атыз шетіндегі ұзын столға далалық дастарқан жайылып, бақшаның биылғы жаңа өнімі — қарбыз-қауын тілініп қойылған екен, келушілер дәм татысып жатты. Сол жерде Астанада халықаралық керемет көрме өтіп жатқаны туралы да әңгіме болды.

— Соған менің баруым керек еді. Бірақ қазір бас бұруға мұршам жоқ. Мына шыққан өнімді бір айдың ішінде өткізіп болуым керек. Одан кешіксе, болмайды — деп, Спартак  әрі қарай өз шаруасын айтып кетті. — Бұл жерде шыққан өнімнен ештеңе қалмау керек. Ұсағын да малға беру үшін жинап аламыз. Менің мамандығым — зоотехник, сол себептен жақсы білемін. Малды семірту үшін оның рационына қарбыздың қалдығын, асқабақ, қызылша өнімдерін беруге болады. Тіпті болады емес, керек. Бірақ мұны біздің мал өсіретін ағайындар біле бермейді. Күзде қарбыздың қалдығын арзанға берсем де, жинап алмайды. Сондықтан өзім жинап, малыма беремін. Соның арқасында малым тұлып болып семіреді.

Спартак шаруаны да, шаруаны тиімді жүргізудің жолын да білетін азаматқа ұқсайды. Осынша жерге бау-бақша өсіру — көп еңбек. Маусымдық жұмыстарда 14 адам, еңбек лагерінде 16 оқушы жұмыс жасайды екен. Оларды ынталандырудың шаруа қожалығының басшысы жолын тауып алған. Еңбегіне қарай қолма-қол ақша төлейді. Өсімдікті күтіп-баптау, арамшөбін отау, өнімді жинау, басқа да жұмыстары қол күшімен атқарылады. Бұл жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылған.

Еңбек пен кәсіпкерліктің дәмін білген Спартактың қолға алсам деген жұмыстары тіпті көп.

— Біраздан алма бағын өсірсем деп талаптанамын. Бұрын бұл жерде алма бағы болған. Оның өнімінің  дәмін ойылдықтар жақсы біледі.  Күні бүгінге дейін тамсанып айтып отырады. Әне, соны мен қайталағым келеді. Бірақ оған басыбайлы жерім болмады, — дейді кәсіпкер.

Сол жерде аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева шаруа қожалығының атына жер берілгенін, оның құжаттары жасақталып жатқанын, бұйырса, алдағы жылы бұл шаруаны да қолға алуға мүмкіндік болатынын айтты.

Спартактың бау-бақша өнімдерін көріп, танап басында әңгімелесе келе, біз осы бір құлшынып тұрған азаматтың қолынан біраз нәрселер келетініне сендік. Қарбыздың өзіндік жаңа сортын шығарған бағбаның алда алманың саралжындық апортын өсіретініне күмәніміз болған жоқ.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button