Ауыл

Бизнестің бастауы

Қарғалы

Қосестек ауылдық округі тұрғындарына бизнес бастаудың, оны жүргізудің қыр-сыры түсіндірілді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының өкілдері шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесті. Мамандар жалпы ақпараттық түсіндіру жүргізіп, содан соң тұрғындарды жеке қабылдап, туындаған мәселелерге байланысты нақты жауап берді.

Темір

Жәрмеңке концертке ұласты

Шұбарқұдық кентінің орталық базарында «Тасқопа — дархан далам, туған жерім!» атты Тасқопа ауылдық округі күні аясында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде «Әлихан», «Адай», «Рамазан» шаруа қожалықтары жергілікті тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Жәрмеңке кезінде тауарлар арзан бағамен сатылды. Бұл күні ауыл өнерпаздары концерттік бағдарламасымен көпшіліктің көңіл күйін көтерді.

Байғанин

Ашық конкурстар нәтижесі

Жарқамыс, Кемерши, Миялы, Ебейті елді мекендерін  ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында биыл облыстық бюджеттен 200,0 млн теңге қаражат бөлініп, ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүргізілген болатын. Нәтижесінде Ебейті ауылы бойынша — «Спарта и Ко», Миялы ауылы бойынша — «Би-М-72», Кемерши ауылы бойынша — «ЭлитСтройСервис-Актобе» және Жарқамыс ауылы бойынша — «АймарСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мердігер болып анықталды.

Бүгінгі күні аталған мердігер компаниялар құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі келер жылға толық жоспарлануда.

Қобда

 Жаздың соңы

«Отан-Ана» саябағында жазғы демалыс маусымының жабылуына орай «Жайдарлы жаз — 2017» шарасы өтті. Шара барысында балалар саябақ ауласында сурет салып, өзара сынға түсті. Сондай-ақ, веложарыс ұйымдастырылып, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойындарына қызығушылық танытқандар көп болды. Шараны тамашалауға келген тұрғындар балалардың қатысуымен өткен жарыстарды қызыға тамашалады. Ер балалар арасында арқан тартысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға  арнайы сый-сияпат үлестірілді.

Мәртөк

Ашық есік күні

Аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараны өткізудегі мақсат — аудан тұрғындарына мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беру.

Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау басқармасының бас маманы Марал Гильманов, сондай-ақ, аудандағы атқарушы органның басшылары қатысты.

Шалқар

Ауыл — елдің айнасы

«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында Шалқар қаласында Жаңақоныс ауылдық округінің күні аталып өтті.

Шара барысында Жаңақоныс ауылының 53 жылдық тарихына арналған және «Ауыл — елдің айнасы» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің бұйымдары жұртшылық назарына ұсынылды. Ересектер мен балалар арасында түрлі спорттық ойындардан жарыс өткізілді.

Алға

 Мақсат — қоғамдық қауіпсіздік

Аудандардағы терроризмге қарсы комиссиялардың хатшылары Алғада бас қосты.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша Алға аудандық терроризмге қарсы комиссияның жұмысы үздік деп танылды. Осыған байланысты Алғадағы терроризмге қарсы комиссияның жұмысын  таныстыру, экстремизм және терроризмнің алдын алу, діни радикализмнің таралуын талқылау мақсатында семинар ұйымдастырылды. Шара барысында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының бөлім басшысы Н.Разақов зайырлы қоғамдағы діннің алатын орнын түсіндіріп, қоғамдық қауіпсіздікке қарсы бағытталған әрекеттердің алдын алу тақырыбында қатысушылармен тренинг өткізді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button