Мереке

Меншікті тілшіні мазалайтын түйткілдер

Темір Құсайынның журналистика саласында тер төгіп жүргеніне 40 жылдан асқан. Ол — республикалық БАҚ-қа облыстан хабар таратып жүрген меншікті тілшілердің бірі.

Ширек ғасыр уақыт бойы «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі боп қызмет атқарған оның Ақтөбеге ротациялық тәсілмен ауыстырылғанына жарты жылдың жүзі болды. Редакциямызға арнайы келген ағамыздан әуелі осы жайды сұрадық.

— Газетте мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Бұған аса көп қиналғаным жоқ. Әрі Орал Ақтөбеден соншалықты алыс жер емес қой.  Жеңіл көлікпен 4-5 сағатта жетуге болады. Екі аптада бір рет туған жеріме барып тұруға тырысамын.

Әрине, Батыс Қазақстан облысын осы өңірмен салыстырсақ, шағын екені рас. Ақтөбе — өнеркәсібі өркен жайған өңір. Қай жағынан да ауқымды облыс. Бірақ, басшылықтың бізге қойған талаптарына үйлесіп жатырмыз деп ойлаймын, — дейді ол.

Алғы буын өкілінің айтуынша, меншікті тілші болудың өзіне тән қызығы мен шыжығы бар. Мәселен, ол белгілі бір саланы жазуға маманданғаннан гөрі, жан-жақты болуы қажет. Кез келген тақырыпты таратып жазуы ләзім. Кейіпкеріміз аймақтағы журналистің жұмысының күрделілігі осында деп есептейді.

Әңгіме барысында қазіргі қазақ журналистиканың бағыт-бағдарына да тоқталған Темір Құсайын облыстық газеттерді мейлінше жиі оқып тұруға тырысатынын атап өтті:

— Қазіргі журналистика бұрынғыдай емес, өзгеріс бар. Мысалы, біз еңбек жолын бастаған тұста баспасөзде сын, фельетон деген болатын. Бүгінде осы жағы жетіспей тұр. Бұдан бөлек, сараптама, талдау бағытындағы материалдар көптеп жазылса, сол оқылады деп ойлаймын. Осы мәселелерге кеңінен көңіл бөлінсе, жақсы болар еді.

Өзім «Ақтөбе» газетінің жаңа санын жібермеуге тырысамын. Әсіресе,  жақсы дүниелер көптеп берілетін газеттің жұма күнгі саны ұнайды. Рухани кем-кетігімізді түзету, өткенімізді түгендеуге қатысты мақалаларды ұсыну жақсы форма тапқан. Дөңгелек үстел түрінде өтетін редакциядағы басқосуларды айтып отырмын.

Темір Құсайын осы аптаның басында 60 жақса толды. Құтты болсын айта отырып, жұмысына сәттілік тілейміз.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button