Мереке

«Жергілікті журналистер бір-біріне жанашыр»

Төл мерекеміз қарсаңында «Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Жақсыбек Кемалды сөзге тартып, оның қалам мен камера, сондай-ақ, микрофонды серік еткен қызмет жолындағы қызықтары туралы сыр суыртпақтағанбыз.

— Кішкентай кезімнен әдеби кітаптар оқып, өлең жазуға әуестендім. Мені журналистика саласына әкелген де соның әсері шығар деп ойлаймын. Әрі «арман қуар» шақтарда «қандай мамандық таңдаймын» деп бас қатырмаған екенмін.  Ұзақ ойланбастан Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түстім, — деген Жақсыбек дипломын алған бойда облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына жұмысқа орналасады. Арнада қызмет еткен 5 жылда таңғы бағдарламадан бастап, «Біз айтпасақ, кім айтады?», «Ғибадат», «Адам және заң» сияқты салмақты хабарларды жүргізіп, дайындаған Жақсыбек «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып та қызмет атқарды. Бүгінде әріптесіміз — «Астана» телеарнасының Ақтөбедегі меншікті тілшісі.

— Облыстық арнада еңбек етіп жүргенде, тікелей эфирдегі бірнеше бағдарламаны тізгіндедім. Әрине, қызықты сәттер көп болды. Есіме түскен бір оқиғамен бөлісе кетсем… Тікелей эфирдегі таңғы бағдарлама болатын. Оған бәріміз таңғы сағат 5-6-ларда келеміз. Мұндайда, әсіресе, ұйқысы қанбай қалатын жастарға қиынырақ. Содан қасымдағы жүргізуші екеуміз студияға келген қонаққа сауалдарымызды қойып, оны ұйып тыңдап отырсақ, студияда бір дауыс естіледі. Бірнеше минутта ол дауыс қорылға ұласты. Сөйтсек, бізді таспаға түсіріп тұрған операторларымыздың бірі ұйқыны «соғып жатыр» екен. Ар жақтағы режиссеріміз оны оята алмай әлек (күліп). Дегенмен, бұл ынғайсыздау жағдайды да абыроймен өткердік.

Осы орайда ақтөбелік тілшілердің өзара ынтымағы мен бір-біріне деген жанашырлық қасиеттерінің ерекше екенін айтып өтсем деймін. Оған өзім сан мәрте куә болдым, — дейді әңгімелесушіміз.

Қашанда жылы жымиып жүретін Жақсыбекті атына заты сай десек, артық айтпаспыз. Өзгелерге дәйім жақсылық тілеп, биязы болмысынан бір өзгермейтін ол мерекелік лебізін де жеткізіп, әріптестерінің жамандық атаулыдан аман болуына тілектестігін білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button