Мереке

Жарты ғасырлық жолдан өттік

Аудандық «Қарғалы» газеті бір кездері заманына сай  Ленин ауданының «Ленинец» газеті деп аталып, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аудан да, газет те «Қарғалы» болып  қайта жаңарды. Біздің газетіміз — облыстағы  жаңалық жаршысы болып жүрген ең жас аудандық газет. Өткен жылы ғана 50 жылдығын атап өтті.

Біздің міндетіміз — жаңалық атаулыны аудан тұрғындарына уақытында жеткізуге ұйытқы болу. Осы бағытта бір топ қалам иесі еңбек етудеміз.

Мәселен, Бақыт Имашев он жеті жыл осы газетте еңбек етіп, тілші, редактордың орынбасары ретінде қызмет атқарып келеді. Ол кісі аудандық басылымға қазақы нәр беріп, ең алғаш қазақша материал жазған тілші болып аудан тұрғындарының есінде қалары айқын.  Ағамыз осыдан төрт жыл бұрын зейнет жасына жетсе де, ұжымға ақылшы болып келеді.

Ол — аудандық қоғамдық ардагерлер кеңесінің мүшесі. Қаламы мұқалмай, қажыры қайтпай жүрген жанның үлгі-өнегесі жетерлік.

Аудандық газет тілшісі Индира Спанованы да аудан халқы жақсы таниды. Газет беттеуші оператор, дизайнер, есепші, бір сөзбен айтқанда, еңбек десе жанын салатын ең жас маман Азамат Бөбекеновтің еңбегі де жетерлік.

Шағын топпен жұмыс жасайтын ұжым газеттің таралымын тарылтпай, аудан жаңалығын мезгілінде жария етіп келеді. Жақсылықтың да әттеген-айы болады. Бүгінгі күні аудандық газет тілшілерге зәру,  маман керек.

Алда да алар асуымыз жетерлік деп ойлаймыз. Жас тілшілерді қатарға тарту жағын ойластырудамыз.

 Кәмшат БАЙХАНОВА,

«Қарғалы» газетінің бас редакторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button