Басты жаңалықтарДенсаулық

«Жедел жәрдемнің» бір күні

Ақтөбе қалалық  жедел және шұғыл медициналық көмек бекеті күніне 500-ге жуық шақырту қабылдайды. Ауырып, жаны қысылған адамға алғашқы болып көмекке келетін ақ халаттылардың бір күндік жұмысы қалай өтеді? Сонымен…

АЛҒЫС АЗ, ЖҰМЫС ҚИЫН

Жедел жәрдем қызметінің түнгі жұмысының қалай өрбитінін көру үшін кешкі сағат сегізде «Долана» қосалқы бекетіне бардық. Себебі Ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан негізгі бекет Маресьев көшесіне уақытша көшіріліпті. Ал оның орнына «Долана» қосқалқы бекеті құрылған. Қазір бұл жерде 13 бригада жұмыс істейді. Негізінен қаланың орталық аумағындағы шақыртуларға барады. Біз барғанда диспетчер қызметінде Балауса Қарасаева отырды. Балаусаның қызметі —  негізгі бекеттен түскен шақыртуларды қабылдап, жақын маңдағы бригадаларды науқастың мекенжайына бағыттау.  Қала бойынша барлық қоңырау негізгі бекетте қабылданады. Ол жердегі мамандар  дереу GPS навигациялық аппарат арқылы қосқалқы бекеттерге хабар береді. Біз барғанда бекеттегі бригадалардың барлығы шақыртуларға кетіпті. Оларды 15 минут күтуге  тура келді. Осы уақыт ішінде Балауса жедел жәрдем қызметіндегі қызықтар мен қиындықтарды айтып берді. Мәселен, сол күні таңғы сағат сегізден кешкі сағат сегізге дейін қала бойынша 310 шақырту түскен. Бригадалар түскі асты ішуге әрең уақыт табады. Соған қарамастан тұрғындардан түсетін шағым көп көрінеді. Әсіресе, бау-бақша аумағында және қала сыртындағы Сазды, Өлке, Қурайлы, Құрашасай ауылдарында тұратын тұрғындарға дер кезінде жету қиын. Бұл аймақтарда әлі күнге дейін көше атауы жоқ, үйлер жердің кадастр нөмірі бойынша есептеледі. Осындай аудандарда жедел жәрдем көлігі үйлерді таба алмай, уақыт өткізіп алады екен. Соның салдарынан тұрғындардан түсетін арыз- шағым көп.

— Егер көлік  мекенжайды таба алмай жатырса,  біз алдын ала хабарлап, үй иесінен күтіп алуын сұраймыз. Бірі дер кезінде белгіленген жерге шығып тұрса, бірі келіп болмайды. Ал жедел жәрдем көлігі үшін 10 минуттың өзі үлкен рөл атқарады. Жарықтандырулы әлсіз көшелерде жүргізушілер үйдің нөмірін көрмей шатасатыны тағы бар, — дейді Балауса.

Соңғы бес жылдықта жедел жәрдем көлігінің барлығына  GPS навигациялық жүйе қондырылған. Автоматтандырылған жүйенің тиімділігі өте көп. Көліктер бекетке қайта келіп әуре болмайды. Бағыттаушы диспетчер көліктің қай жерде жүргенін компьютер арқылы көріп отырады да сол бойынша келесі шақыртуға жібереді. Осылайша уақыт үнемдейді әрі артық шығын болмайды.

«МЕЙІРІМДІЛІК ҮЙІНДЕГІ» МҮГЕДЕК

Балаусамен әңгімеміз қызған тұста №3 бригада келді. Бригада құрамында дәрігер Наталья Лавриненко, фельдшер Нұржан Жаналин бар.  Олар келген сәтте-ақ Балауса Механизатор көшесіндегі үйден шақырту түскенін айтты. Дереу есеп қағазын тапсырған дәрігермен бірге біз де көлікке отырдық. Реанимобиль көлігінің жүргізушісі Марат Әдіров 10 минутта діттеген жерге жеткізді. Біз келген мекенжай інжілдік христиан-баптистерінің «Мейірімділік үйі» екен.  Екі қабатты үйдің ауласында шағын сарай орналасыпты. Науқас сол жерде жатыр.  Үйдің ішінде қатар-қатар қойылған екі қабатты кереуеттерде онға жуық  ер адам отыр. Арасында қазақтар да  бар. Көпшілігінің жүзі сынық, аурушаң көрінді.  Біз барған науқас өте жүдеу, әрең демалады. Үздіксіз жөтеліп жатыр. Наталья Александровна дереу қызуы мен қан қысымын өлшеп, науқастың жағдайын тәпіштеп сұрады. Науқастың өкпесі қабынған. Және  2011 жылы «омыртқа туберкулезі» диагнозы қойылып, мүгедектік  тағайындалған. Жағдайы жоқ болғандықтан жалғызбасты жігіт осы үйді паналапты. Бұл жерде қайырымды адамдар тегін көмек көрсетеді. Дәрігер жан-жақты тексеріп, фтизиатрмен хабарласқаннан кейін, жедел жәрдем ауруханасына апаруға шешім қабылдады. Фельдшер мен жүргізуші  зембілмен көтеріп, көлікке салды. Тыныс алдыру аппараты арқылы дем берілді. Он минутта ауруханаға алып келдік. Бұл жерде кезекші дәрігер, терапевт Гүлмарс Бисенбаева қабылдап алды. Ол науқастың жағдайы өте ауыр, өкпе туберкулезі болуы мүмкін екенін айтты. Медбикелер науқасты рентгенге түсіруге алып кетті.

Ауруханадан кейін бекетке келдік. Жалпы әрбір шақыртулардан кейін бекетке оралу мүмкіндігі болса, дәрігерлер өздерінің қобдишаларын реттейді. Қолғаптары мен щприц, бахиллаларын ауыстырады. Біз мінген көліктің ішін  арнайы қызметкерлер дезинфекция жүргізіп, тазалады.

— Себебі науқас құрт ауруына шалдыққан. Сондықтан сақтық үшін міндетті түрде көліктің іші өңделіп, тазартылады, — деді дәрігер.

Наталья Лавриненконың жедел жәрдем қызметінде еңбек еткеніне биыл 34 жыл болыпты. Алғашқы еңбек жолын осы мекемеден бастаған тәжірибелі дәрігер мыңдаған адамның өмірін құтқарып қалғанын айтты.

— Біздің жұмыс — физикалық жағынан да, рухани жағынан да қиын. Өйткені жұмыс ауыр. Күн-түн демей кезекшілікке шығамыз, үзіліссіз жұмыс істейміз. Полиция қызметкерлері секілді шақырту түссе, кез келген жерге барамыз. Ауа райының қолайсыздығына қарамай жүре береміз. Науқасты құтқарып қалсаң, соған көмегің тисе, көңілің көтеріліп, шаршағаның басылып, жүрегіңді қуаныш кернейді. Ал кейде қанша тырыссаң да науқасқа көмектесе алмайтын кезің болады. Бұндай кезде  жабырқап қаласың, — дейді Наталья Александровна.

Дәрігер күніге15-20 шақыртуға барады. Оның ішінде қан қысымымен ауыратындар және баласы ауырып жәрдем шақыратындар көп көрінеді.

Реанимобиль көлігінің іші өңделгеннен кейін, диспетчер Пацаев көшесіндегі №6 үйден  қоңырау түскенін айтты. Дереу сол үйге келдік. Жасы қырыққа жақындап қалған орыс әйелдің қан қысымы көтерілген. Жүрегі айнып, лоқсыған соң жедел жәрдем шақыртыпты. Дәрігер қан қысымын өлшеді. Фельдшер магнезия мен церулин екті. Науқас бірнеше жылдан бері жоғары қан қысымы бойынша тіркеуде тұр екен.

«103»-ТІ ҚАЙ КЕЗДЕ ШАҚЫРУ КЕРЕК?

Бұл үйден шыққан соң диспетчер  Әбілқайыр хан даңғылының бойында тұратын қарт әженің үйіне бағыттады. Наталья Лавриненко бұл үйге бүгін осымен екінші рет бара жатқанын айтты.

Бір бөлмелі пәтерде тұратын орыс әженің жағдайы мәз емес көрінді. Үйге кіргенде дәреттің иісі қолқаны қабады. Қарт әже бұрыштағы кереуетте жатыр. Жан-жағының барлығы шашылған дәрі-дәрмек, қағаз, тамақ қалдықтары. Бөлменің ішіндегі шкафта кітаптан өзге нәрсе жоқ. Дәрігер қан қысымын өлшеді. Қалыптан сәл ғана көтерілген. Бұл аса қауіпті емес. Инсульт алған адамдардың көпшілігінде алғашқы уақытта қан қысымы құбылып тұрады. Наталья Александровна әжеге жағдайының жақсы екенін айтып, тыныштандырды. Қарияның қасындағы көрші әйел бұл үйде оның бір өзі тұратынын, жалғыз ұлының қайтыс болып кеткенін, ал немересі анда-санда ғана келетінін айтты.

— Инсульттен кейін бірден оңалып кету қиын. Оның ішінде қарт кісілерге ауыр тиеді. Бүгін осымен екінші рет келдім. Алғашқы келгенімде де бұл кісінің  қан қысымы қалыпты болды. Түсіндіріп айтып кеттім. Бірақ, міне, тағы қоңырау соққан. Үлкен кісі әрі жалғыз тұрғандықтан сәл нәрседен күдіктенеді. Күні-түні тек қана ауруын ойлайды. Көңілін алаңдататын айналасында немерелері де жоқ. Сондықтан ермегі —  қан қысымын өлшейтін құрал. Бұндай жалғызбасты қариялар көп. Біз оларға түсіністікпен қараймыз, — дейді дәрігер.

Фельдшер Нұржан Жаналин қобдишасынан тыныштандыратын таблетка алып, науқасқа берді.

Нұржанның осы қызметте жүргеніне тоғыз жылдан асыпты. Мамандығының қиындығы мен қызығына әбден үйренген ол, науқасты көргеннен-ақ жағдайын бірден аңғарады.

— Алғашқы еңбек жолымды осы мекемеден бастадым. Дәрігерлердің қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Олардың айтқаны бойынша екпе салып, дәрі беремін. Қазір дәрігердің жұмысын да әжептеуір меңгеріп алдым. Кейде дәрігер болмай қалған кезде  өзім көмек көрсете беремін. Әртүрлі жағдайларды бастан өткересің. Әлгіндей туберкулезге шалдыққан науқастармен бетпе-бет келетін кездер жиі болады. Ондай уақытта «ауру жұқтырып аламын» деп қашпайсың, тіпті іштей сезіктеніп тұрсаң да кетуге болмайды. Себебі  бұл — сенің жұмысың, міндетің. Қандай жағдай болмасын сол науқасқа көмек көрсетуге тиістісің, — дейді фельдшер.

Ал жүргізуші Марат Әдіров тоғыз жылғы еңбек тәжірибесінде Ақтөбенің ой-шұқырына дейін жаттап алған.

— Қазір  Батыс-2 ауданында салынып жатқан жаңа үйлерден ғана шатасамын. Ал өзге аймақтарды бес саусағымдай білемін, — дейді ол.

Осылайша таңға дейін бекет қызметкерлерімен бірге жүрдік. Шақыртулардың көпшілігі қан қысымына қатысты болды. Баласы ауырған отбасылардың да үйіне  бардық. Тіпті жай ғана басы ауырып, қызуы көтерілсе де, қан қысымы қалыптан асса да, жедел жәрдемге жүгінетіндерді  байқадық. Осы жерде ескеретін нәрсе, көпшілік жедел жәрдем қызметін қай кезде шақыру керектігін ұға бермейтін тәрізді. Мамандардың айтуынша, бұндай жағдайда учаскелік дәрігерге бару керек. Ал жедел жәрдем фельдшері  барған күннің өзінде екпе салудан артық көмек көрсете алмайды. Нұржан Жаналиннің айтуынша,  кейде түнде төбелесіп, жарақат алатын жастар жедел жәрдем шақыртып жатады. Жол-көлік оқиғаларына ұшырағандарға да көмек көрсетеді. Әсіресе бұндай оқиғалар таң алдында жиі орын алады екен.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖӘНЕ ЖАҢА ЖҮЙЕ

Төлеу Сапаровтың айтуынша, әлемдік стандартқа сай болу үшін әрбір он мың тұрғынға бір бригада қызмет көрсетуі керек. Ал Ақтөбеде төрт жүз мыңнан астам тұрғын бар екенін ескерсек, жедел жәрдем қызметі үшін әлі де қыруар шаруа атқарылуы тиіс. Былтыр облыстық әкімдік пен түріктің «Hemoqens Health Care» компаниясы арасындағы келісім жасалды. Бұл — осы межеге жетуге бағытталған алғашқы қадам. Түрік компаниясы облыстық денсаулық сақтау саласына 5,5 миллиард теңге қаржы салады. Мемлекет пен жекеменшік сектор серіктестігі аясында заманауи үлгідегі жедел жәрдем бекеті бой көтереді. Жаңа ғимарат Батыс-2 ауданында салынып жатыр.  Оның басты ерекшелігі, Е-форматты аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақталуында болады. Орталық жылына 75 мың шақырысты қабылдай алады. Жаңа үлгідегі көлік сатып алынады.  Қазірдің өзінде  14 реанимобиль, 16 «Нива» жедел жәрдем көлігі әкелді. Осының ішінде соңғысы үйде қызмет көрсетуге арналған.
— Жаңа ғимарат іске қосылғанда жаңа бағдарламамен жұмыс істеп кетуіміз керек. Сондықтан осы бастан дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазір уақытша ғимаратта Е-форматты аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару бағдарламасы қондырылып жатыр. Әр адамға екі компьютер бар. 15 диспетчерге арналған, яғни 15 желі келіп тұр. Бірақ қазір төртеуін өткізіп жатырмыз. Жаңа ғимарат іске қосылғанда біз жаңа жүйемен жұмысты бастап кетуіміз керек. Ғимарат жоспар бойынша биыл қыркүйек айында іске қосылуы тиіс, — дейді бас дәрігер.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button