Жаңалықтар

Дәрі-дәрмек бағасы негізсіз көтерілмеуі тиіс

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмек бағасын бұрмалау мәселесін дәрілік заттарды өндірушіден сатып алушыға дейін  қадағалау жүйесін енгізу арқылы шешуді ұсынды. Бұл ұсынысты өңір басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Қазақстан Республикасында халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету және фармацевтика саласының жай-күйі және дамуы туралы» парламенттік тыңдау кезінде жеткізді.

Бердібек Сапарбаев өзге де параметрлермен қатар, автоматтандыру жүйесі өнімнің өндірушіден сатып алушыға дейінгі жолда қанша делдал тартылғандығын қадағалауға мүмкіндік беретінін және соған сәйкес дәріні қымбаттатуға қарсы тиімді шаралар қолдану жайын түсіндірді.

Оның айтуынша, РФ Орынбор облысындағы кейбір дәрілер ақтөбелік дәріханалар бекіткен бағадан екі есе арзан сатылады. Мәселен, диабет ауруын емдейтін дәрі Орынборда 8 500 теңге тұрса, Ақтөбеде 17 мың теңге, «Урсосан» — 7 мың теңге тұрса, бізде 14 мың теңге. Ақтөбеде атауы бірдей дәрілік заттардың бағалық айырмашылығы 30-дан 50 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Облыс әкімі әкімдіктегілердің баға белгілеуде дәріхана басшыларына қандай да бір ықпал етуге өкілеттігі жоқтығын нақтылады.

— Жағдайды тұтынушылар пайдасына Елбасының дәрі-дәрмектер бағасын мемлекеттік реттеуді бекіту туралы бастамасын жүзеге асыру ғана түбегейлі  өзгерте алады, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі сонымен қатар баға белгілеу кезінде маңызды рөл атқаратын тағы бір мәселені қозғады. Атап айтқанда, «Дәрілік заттарға сараптама жүргізу ұлттық орталығы» РМК–да  2016 жылы дәрі-дәрмекке сараптама жүргізудің қымбаттағаны айтылды.

«Былтыр тұмауға қарсы дәріге сараптама жүргізу 6 мың теңге болса, қазір 70 мың теңге төлеу қажет, яғни қызмет құны 11 есеге артқан. Аспирин үшін өткен жылы 4 мың теңге төлесек, қазір 60 мың теңге төлеу керек, яғни 15 есе өсім бар. Себебі неде? Тиісті орындарға бірнеше рет жаздық, бірақ түсінікті жауап алған жоқпыз», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі сондай-ақ, бағаны негізсіз көтерген дәріханалар басшыларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.

«Мұның бизнес екенін түсінеміз. Бірақ олардың мемлекет, халық алдында жауапкершілігі болуы керек қой. Бизнес ашық, адал, заңды болуға тиіс», — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button