Жаңалықтар

Зардап шеккендерге көмек көрсетілді

Қайырымдылық

Ақтөбе қаласында көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда. Қалалық комиссияның әр отбасымен жүргізген жеке жұмыстарының нәтижесінде әрбір үй бойынша нақты шешімдер қабылдануда. Қазір көктемгі су тасқынынан қанша үйдің зардап шеккені, қаншасының мүлде жарақсыз болып қалғаны белгілі. Олардың тұрғындарының барлығы дерлік қазір жайлы орынға жайғасты. Бірқатары үйлерін жөндеп алғанша уақытша баспаналарға орналастырылды. Бұдан бөлек 65 отбасына тұрғын үй салу үшін жер телімдері берілді.

Су тасқынынан зардап шеккендерге облыс жұртшылығы үлкен көмек көрсетуде. Мұнымен бірге, еліміздің өзге өңірлерінен де көмек қолын созып отырғандар аз емес. Еліміздің ірі кәсіпорындарының ұжымдары, Алматының, Астананың бизнес иелері, кәсіпкерлері баспанасыз қалған тұрғындарға өз жәрдемдерін беруде.

Кеше қалалық әкімдікте Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов осындай ізгі ниетпен облысымызға арнайы келген Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Болат Халықты жиналғандарға таныстырды. Ол осы жиналған көпшіліктің көзінше көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен, аса мұқтаж 13 отбасына қаражат табыстады.

Аталған кәсіпорын басшысының сөзінде айтылғандай, бұл құрылымның басты міндеті — төтенше жағдайлар орын алған жағдайда оның салдарын жеңілдетудің шараларын алу болмақ. Сондықтан бұл кәсіпорын мүшелері табиғаттың тылсым күшінен зардап шеккен ақтөбеліктерге қолдау ниетін білдіріп, 4,5 миллион теңге қаржы жинады.

Сонымен бірге, осы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның облысымыздағы филиалының қызметкерлері зардап шеккендерге қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Осы ұжым Айгүл Бекмұхамбетованың, Әйгерім Базарованың, Бақытгүл Талтаеваның көпбалалы отбасыларына барынша қолдау көрсетті. Жеке құрамның көмегімен олардың үйлеріндегі электр жүйелері қалпына келтірілді. Аулаларын жөндеп, тазалық жұмыстарын атқарды. Үйлерінің ағаш едендерін төсеп, үй сорғысын жөндеді. Қажетті отын жеткізіп берді. Үй тұрмысына керекті төсеніштер, төсек орындар, кір жуғыш құралдар, азық-түліктер сатып алып берді.

Жиын барысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қиын шақта қолдау көрсеткендері үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің басшысына және Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі республикалық мемлекеттік кәсіпорынның басшысына, осы басқосуға қатысқан өзге де кәсіпкерлерге су тасқынынан зардап шеккен ақтөбелік тұрғындарға көмек көрсетуге қатысып, үлкен қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар тапсырды.

Су тасқынынан үйлері құлап зардап шеккен отбасыларының талай мүшелері облыс орталығындағы ірі-ірі кәсіпорындарда, зауыттарда жұмыс істейді. Олар қазір сол зардап шеккен өз жұмысшылары мен қызметкерлеріне тікелей қолдау көрсетуде. Мысалы, осы жиында «Нектар» өндірістік құрылыс кооперативі басшысы өздерінде жұмыс істейтін, қазір су тасқыны салдарынан баспанасыз қалып отырған Сембі Жиенбаев пен Жолмұрат Жаңабаевқа пәтер кілтін тапсырды. Осы жиында Ақтөбе хром қосындылар зауыты басшылығының өкілі қаланың Махамбетов ауданында тұратын жұмысшыларына жәрдем берілгенін айтты. Ал облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері  өздерінде қызмет істейтін 12 адамға әрқайсысына 100 мың теңгеден көмек көрсетілгенін жеткізді.

Жиында су тасқынына байланысты құрылған қорлардың ұйымдастырушылары есеп берді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button