Мереке

Ырыс басы — ынтымақ

Ақтөбе қаласындағы «Сагдиана» өзбек ұлттық-мәдени орталығының төрағасы міндетін атқарушы Әлішер Исматуллаев Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясына қатысып келді. Әлішер Исматуллаев сол шарадан алған әсерімен бөлісіп, Елбасы тапсырмаларын жеткізді. 

Орталық ашылған уақыттан бері сессияға тұрақты түрде қатысып келемін. Біздің өңірден барған делегация құрамында 30-дан астам делегат болды. Жиында Мемлекет басшысы жаңа бағдарламаларды баяндады. Экономикамыздың дамуы, терроризмге қарсы күрес шаралары,Тәуелсіздігіміздің берік болуы ел бірлігінің арқасы екенін айтты.

Жалпы сессиядан түйгеніміз көп болды. Енді осы бағыттарда қызмет етуіміз керек. Еліміздің әр түкпірінен жиналған Ассамблея мүшелері өзара пікір алысып, алда атқарылатын шаруаларды пысықтады. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесінің өтуі біздің еліміз үшін үлкен мәртебе болмақ. Ол Қазақстанның бүгінгі мүмкіндігін, әлеуетін және болашағының жаһандық қарымын байқатпақ, — деді ол.

«Сагдиана» өзбек ұлттық-мәдени орталығы 2005 жылы құрылды. Қазір орталық жұмысына 12 адам белсене араласады. Ал ресми дерек бойынша облыста 828 өзбек ұлтының өкілі тұрып жатыр. Облыстағы өзбек ұлтының көпшілігі негізінен ірі өндіріс орындары мен  құрылыс компанияларында  жұмыс істейді.

Еліміздегі барлық мерекелерді өзбек ағайындар ескерусіз қалдырмайды. Биыл 1 мамыр мерекесінде «Сагдиана» өзбек-ұлттық мәдени орталығының өнерпаздары Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өтетін мерекелік концертте өз өнерлерін ортаға салады.

Әлішер Исматуллаев бұл күні ұлттық тағамдары сумалак аспайтын өзбек үйі болмайтынын айтады. Барлығы өз арман-тілектерін айтып, астан ауыз тиеді. Сондай-ақ, барша ұлттық орталықтардың өкілдері бір-бірлерін құттықтап, игі тілектерін білдіреді. Өнерлі жастар мерекелік шараларға қатысып, ән айтып, би билейді.

Облыста ұлттық орталықтардың дамуына барлық жағдай жасалған. Орталық жанында ақсақалдар кеңесі де жұмыс істейді. Онда Фазул Шадиев бастаған құрметті азаматтар бар. Бір шаңырақтың астында қаншама ұлт өкілдері татулықта ғұмыр кешуде. Сондықтан мәдени орталықтар қанатын кеңге жайып, бірлік бар жерде тірліктің болатынын дәлелдей бермек.

Халықтар достығы мерекесі күнімен барлық қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына тыныштық тілеймін, – деді Әлішер Исматуллаев.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button