Мереке

Татардың қызы, Қазақтың анасы

Әдетте татар қыздары өте пысық, жан-жақты қабілетті келеді деседі. Рамзия Есембаева арқылы осы сөздің шындығына көз жеткіздік.

Ол бес тіл меңгерген. Жасы жетпіске қарай кеткеніне қарамастан, немересі Аятпен бірге алтыншы тіл — қытай тілін де үйреніп жүр. Өте діндар. Алайда сыртқы түрінен мұны аңғармайсыз. Дін жолын ұстанса да, киім киісімен өз ортасынан ерекшеленбеуге тырысатын секілді. Кезінде  Алматыдағы татар этномәдени орталығының «Сарман» ансамблі қатарында өнер көрсетсе, қазір «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени орталығы мүшелері қатарында Ақтөбедегі мерекелердің мазмұнды да қызықты өтуіне белсене атсалысып жүр.

— Мен өнерлі отбасында өстім. Әкем Шаукатсан түрлі аспапта ойнайтын, оның ішінде домбыра да тартатын. Ал сүйікті аспабы скрипка болатын. Қолының ісмерлігі де бар еді. Тұрмысқа шығар кезімде маған татар қыздарының ұлттық бас киімі — калфак тігіп берді. Өрнектеп, моншақ тізіп, көздің жауын алардай әдемі қып тікті. Анам Фоадия да ән айтып, өлең жазатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ақтөбеге келген ұлты татар мәдениет қайраткерлері ол кісілерге әдейілеп соғатын. Үйімізде Ришат пен Мүслім Абдуллиндер де болды, — дейді Рамзия Шаукатқызы.

Кейіпкеріміздің өзі Ақтөбе қаласында туып-өскен. Анасының отбасы Татарстаннан кәмпеске кезінде жер аударылып келген болса, әкесі —Қазақстанға тым әріде қоныстанған әулеттің өкілі. Әрдайым «Мен Қарабұтақтанмын» деп отырады екен.

Рамзия Шаукатқызы балалық шағын:

— Қарабұтақ жақтан үйімізге қонақ жиі келуші еді. Олардың арасында қазақ та, татар да, еврей де болатын. Ата-анамыз ешқайсысын жатсынбайтын. Жалпы, үйімізден қонақ арылмайтын, — деп еске алды.

Мектепті бітіргеннен кейін ол алдымен Ақтөбе педагогикалық институтына түсіп, кейін оқуын Алматыда жалғастырған. Ағылшын тілінің маманы болып шықты. Алматыда жүріп, қазақ жігітімен бас қосты.

— Ата-анамыз өте мейірімді, көңілдері кең болғанмен, баланың тәрбиесіне барынша мұқият қараған жандар еді. Біз орыс мектебіне бардық. Бірақ үйде орысша сөйлей алмайтынбыз. Ата-анамыз: «Қақпадан бері кіргеннен кейін, орысшаны доғарыңдар» — деп, қатаң талап еткендіктен, тек татар тілінде сөйлесетінбіз. Тұрмысқа шыққанда, ата-енем  қарт кісілер екен. «Олардың алдында қалай орысша сөйлеймін, ұят емес пе?» — деп, дереу қазақ тілін үйренуге кірістім, сөйтсем, татар тілін білетін адамға қазақша үйренудің еш қиындығы жоқ екен. Сонда ата-анамыздың туған тілімізден айырмағанына мың шүкірлік еттім, — дейді Рамзия Шаукатқызы.

Жолдасы Қайрат Есембаев спортшы еді. «Ол қазақтар көп бара бермейтін спорт түрі — спорттық гимнастикамен айналысты» — дейді Рамзия апай. Екеуі алты бала тәрбиелеп өсіріпті. 1994 жылы жолдасы көз жұмды. Тоқсаныншы жылдардың ортасы оңай шақ емес еді. Туған-туыстың ортасында болу үшін екі жылдан соң балаларымен бірге Алматыдан Ақтөбегекөшіп келді.

Бүгінде балалары ержетті, бәрі де білім алып, шаңырақ құрды. Рамзия апай көп уақытын сүйікті немересі Аяттың тәрбиесіне жұмсайды.

— Аят та нағашы атасы сияқты музыканы ұнатады, скрипка класына барып жүр, — дейді.

1998 жылы Ақтөбеде «Шатлық» этномәдени орталығы құрылды. Содан бері осы орталықтың жұмысынан қол үзіп көрген емес. Жексенбілік мектепте татар тілінен сабақ берді. Татарлардың түрлі салт-дәстүрлерін жаңғырту ісіне атсалысты.

— Татарлар Наурыз мерекесінде жеті дәннен тұратын қарға ботқасын әзірлейді. Қарға ботқасы атауы алқапқа себілген дәнді қарғалар шоқып, болашақ егінді құртып жібермесін деген ырымнан шыққан екен. Жалпы, Ақтөбе өңірінде 9,5 мың татар тұрады. Өз салт-дәстүр, мәдениетімізді дамытуға бар мүмкіндік жасалған. Бұған өте ризамыз, — дейді Рамзия Шаукатқызы.

 Индира ӨТЕМІС.

Суретте: Рамзия Есембаева анасы Фоадиямен бірге.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button