Мереке

Тыныштықтың кілті — татулықта

— Біз 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне байланысты өткізілетін мәдени шараларымызды 30 сәуір күні бастап кеттік. Бұл шаралар мереке күні де жалғасады.

Кеше ғана Астанада Президент — Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясына қатысып қайттық. Сессия «Жаңғырудың негізі —тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбымен өтті. Ол Елбасының таяуда баспасөз беттерінде жарияланған « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен де үндеседі.

Елбасының сессияда жасаған баяндамасын ерекше зейін қойып тыңдадық. Президент биылғы 2017 жылдың тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ерекше жыл болатынын айтты. Оның айтуынша, бұл жылы жүйелі жаңғыру бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналмақ. Экономикалық жаңғыру қолға алынды. Енді саяси жаңғыру басталды. Рухани жаңғыруға да кірісіп отырмыз.

Мемлекет басшысы Қазақстан  халқы Ассамблеясының рухани жаңғыруға байланысты атсалысатынына сенім білдірді. Сонымен бірге, Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін асыруға мүмкіндік беретін  «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа гуманитарлық білім» сынды бірқатар жобаларға тоқталды. Осының ішінен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы туралы айтқанда: «Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан, біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол — азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі», —  деді.

Елбасы мемлекет пен қоғам алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатерлерге назар аударды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тапсырды.

Біздің еліміз ұлтаралық келісімнің беріктігінің арқасында ғана ұзақ жылдар бойы тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп келеді. Көп елдердегі қазір өзіміз куә болып отырған тыныштықтың бұзылуы осы этносаралық  кикілжіңдерден тұтанғанын білеміз. Қуатты державалардың текетіресі, әлемдегі ұлттар мен этностардың арасындағы дүрдараздықтардың түбі жақсылыққа апармайтынын сессияда  Елбасымыз да, онда сөйлеген Ассамблея мүшелері де аз айтқан жоқ.

Біздің еліміз ұлтаралық татулықтың үлгісін көрсетіп отыр. Тек біздің облыстың өзінде қаншама этномәдени бірлестіктер жұмыс жасайды. Солар бір шаңырақтың астында қызмет етіп, әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрінің сақталуына және дамуына бағыт ұстап келеді. Біздің орталық 1997 жылы құрылды. Осы жылдары «Орыс әндері» хоры ұйымдастырылды. Оған 2011 жылы славяндық халық хоры атағы берілді.

Қандай кезде де Елбасының төңірегінен табылып, қолдау көрсетіп келе жатқан этномәдени бірлестіктер алда да ортақ Отанымыз — Қазақстанның гүлденуіне өз үлестерін қоса береді.

Владимир ГУМЕННЫЙ, 

Ақтөбе аймақтық «Славяне» 

қоғамдық бірлестігі төрағасы. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button