Мереке

Достық үйі — менің екінші үйім…

Бүгінде жетпістің жетеуіне келіп, 7 немере, 8 шөбере сүйіп отырған ардақты ана, аяулы әже Людмила Коврикова облыстағы «Алеся» белорус этномәдени бірлестігі төрайымының орынбасары болып қызмет етеді. Сондай-ақ, ол — бірлестіктегі ақсақалдар кеңесінің төрайымы.

Жүрген жерінде әңгімесін айтып, жан-жағын үйіріп жүретін Людмила Андрейқызы орталықтағы барлық іс-шараларға белсене атсалысады. Оны бірлестік мүшелері өте қатты құрметтейді.

Людмила Коврикованың айтуынша, бүгінгі күні облыста 2 мыңнан астам белорус ұлтының өкілі тұрады. Ал бірлестіктің құрамында 90-ға жуық мүше бар.

  • «Алеся» белорус этномәдени бірлестігі 2010 жылы қаңтар айында құрылды. Содан бері бірлестік мүшелері Достық үйіндегі барлық өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінгі күні бірлестіктің мүшелері қазақ, белорус тілдерін үйренуде. Себебі қазақ тілі — мемлекеттік тіл болса, белорус тілі — өз ана тіліміз. Бүгінгі күні біздің орталықта барлық жағдай жасалған. Арнайы кабинетіміз, музейіміз бар. Музейде ұлттық киімдеріміз бен тұрмыстық заттарымыз, сондай-ақ тарихи мағлұматтар сақталған, — дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, кеңес заманында Қазақстанға өзге ұлт өкілдерімен бірге белорустар да көптеп келіп, қоныс аударған. Олардың бірқатары тың және тыңайған жерлерді игеруге арнайы жолдамамен келсе, кейбіреулері құрылыс саласын дамытуға, енді біреулері өз еріктерімен келген.

  • Мен 40 жылға жуық кино саласында еңбек еттім. Кеңес заманында облыс орталығындағы «Октябрь» кинотеатрында да ұзақ жылдар жұмыс жасадым. Қазір зейнеткермін. Алайда этномәдени бірлестіктің жұмысы мен үшін өте маңызды, ал Достық үйі — менің екінші үйім. Біз ол жерде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, ән айтып, би билеп, көңілімізді көтереміз. Бірлестіктің белсенді мүшесі әрі солисі Артем Косянов қазақ, орыс, белорус тілдерінде ән айтып, жүрген жерін шаттыққа толтырып жүреді. Өткен жылы бірлестіктің белсенді мүшелері Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері Қобда өңіріне барып, тал егіп, концерт қойдық. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, жақсы кештер өткіздік, — дейді Л.Коврикова.

Сөз арасында кейіпкеріміз Елбасының салихалы саясатының арқасында бүгінде еліміздегі барлық өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын, ал оның ұрпақтары өз болашақтарын Қазақстанмен ғана байланыстыратынын әңгімеледі.

— Қазақстандағы 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың мәдениетінің бір арнаға тоғысуы — қазақ халқының дархандығы мен асқан төзімділігінің нәтижесі. Соның арқасында бүгінде елдегі халық бейбіт күнде тіршілік етіп жатыр. Еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен татулықтың сақталып, дамуына біздің Елбасымыздың  қосқан үлесі зор. Елбасының салихалы саясатының арқасында бүгінгі күні өзге ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр, — дейді ол.

Людмила Коврикова жылдағыдай биыл да «Алеся» белорус этномәдени бірлестігі Қазақстан халқының бірлігі күнінде өзге ұлт өкілдерімен бірге өнер көрсетіп, мерекені ерекше атап өтетінін айтты.

—  Барша қазақстандықтарды бірлестік атынан бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әр өңірдегі өзге ұлт өкілдеріне Достық үйін тұрғызып, олардың өз мәдениеті мен өнерінің дамуына жағдай жасаған Елбасына алғыс айтамын!

Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, ынтымағымыз бен бірлігіміз мәңгі жасай берсін! Елімізде тек бейбітшілік болсын! — деді Людмила Коврикова жүрекжарды тілегін жеткізіп.

 Данагүл ҚАЗИХАН.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button