Мереке

Қазақстаннан ешқайда көшпеймін…

«Менің туыстарымның көпшілігі Башқұртстанда тұрады. Оларға қонаққа барамын. Байқайтыным: башқұрт пен қазақтың арасында айырмашылық жоқ» — дейді Самиға Хайруллина.

Ол — башқұрт қызы. Қазақстанда тұрып жатқанына — 36 жыл. Ақтөбеге әскери салада істейтін жолдасының қызмет бабымен көшіп келген. Самиға Ақдәулетқызының өзі Ақтөбе педагогикалық институтында еңбек еткен, қазір — зейнеттік демалыста.

— Ақтөбеге келгеннен-ақ көршілерімізбен жақсы араласып кеттік. Қазақ па, башқұрт па, татар ма — бір-бірін ұлтқа бөліп жатқан ешкім жоқ. Бір-біріміздің үйімізге есік қақпай-ақ кіретін едік. Бірімізде жоқ нәрсені бірімізден алып, өте тату тұрдық. Сол көршілердің жасы үлкендері бүгінде дүниеден өткен, ал балаларыұядан ұшып, жан-жаққа тарады. Ол шақты сағынышпен еске аламын, — дейді Самиға апай.

Башқұртстанда тұратын туыстары Самиға Ақдәулетқызын «біздің ортамызға кел» деп шақырады екен.

— Бірақ бар саналы ғұмырым қазақ жерінде өтті. Жолдасымның, балаларымның бейіттері де — осында. Мұнда немерелерім, дос-жараным бар, бұрынғы жұмыстастарым да хабарласып тұрады. «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени орталығы ұйымдастырған шараларға атсалысамын. Қазақстаннан ешқайда көшпеймін,— дейді ол.

Кейіпкеріміз Орынбор өңірінде туып-өскен. Сондықтан қазақтың ортасын да, башқұрттың ортасын да кейін танып-біліпті.

— Мен екі халықтың арасында «мынадай айырмашылық бар» деп айтатындай ештеңе таба алмадым. Қазақтар сияқты башқұрттар да — өте бауырмал, қонақжай халық. Башқұрттар да үйіне келген қонаққа көрпе жайып, жылы қабақ танытуды ата-бабадан қалған салт деп біледі. Башқұрт пен қазақтың дастарқаны да бірдей: ет, қазы, бауырсақ… Башқұрттардың ұлттық сусыны — қымыз, — дейді Самиға Ақдәулетқызы.

Сондай-ақ, Башқұртстандағы, Ресейдің бір кездері қалың башқұрт мекендеген өзге де аймақтарындағы жер-су аттары да қазақтың жер-су аттарымен бірдей. Башқұрт халқының атақты жазушы қызы Хадия Дәулетшинаның «Ырғыз» атты романы бар. Хадия Дәулетшина Ырғыз өзенінің бойында дүниеге келген. Бірақ бұл — қазақтың емес, башқұрттың Ырғызы.

Бүгінде облысымыздағы башқұрт диаспорасының саны 800-дің шамасында. Самиға Ақдәулетқызы ешқашан өгейлік көрсетпеген қазақтарға риза екенін айтады.

— Еліміздің, Елбасымыздың тілегін әрқашан тілеп отырамын. Қазақ жеріне мәңгілік құт-береке орнағай! — дейді Самиға апай.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button