Мереке

Бірлік — біздің тірегіміз

Биыл «Әзірбайжандар ассоциациясы» республикалық бірлестігі Ақтөбе филиалының құрылғанына 21 жыл болады. Осы уақыт ішінде филиал ұжымы Қазақстандағы ұлттар достығы мен ынтымақтастығының берік болуына өз үлесін қосып келеді.

Қазіргі күні қауымдастық құрамында 60-тан аса өкіл бар. Филиал жетекшісі Шахбаз Жамаловтың айтуынша, әзірбайжан жастарының тілі мен дәстүрін үйренуіне барлық мүмкіндік жасалған. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында  компьютермен жабдықталған кабинеттер, мерекелік шаралар өткізуге арналған арнайы залдар жұмыс істейді. Ән, би, көркемсурет үйірмелері бар. Жастардың ана тілі мен мемлекеттік тілді меңгеруіне де барлық жағдай қарастырылған. Қазіргі күні жексенбілік мектепте 30-дан аса адам білім алады. Бабек Азизов, Гусейн Агаев секілді белсенді жастар қауымдастықтың жастар қанатын жандандырып жүр.

— Қауымдастық құрылғаннан бастап осы шаруалардың басы-қасында жүрмін. Жиырма жылдың ішінде үлкен жұмыстар атқарылды. Ел бірлігі, халықтар достығы бағытында қыруар шаруа тындырылды. Жүргізілген еңбектің нәтижесі болар, қазір біздің орталыққа қатысты ешқандай мәселе жоқ. Қазір ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесі жұмыс істейді. Үлкендер жастарға ақылын айтады, барлық шараларда бас қосып, көңілдерін көтереді. Осының барлығы ел Тәуелсіздігінің, Елбасының арқасы.  Алда бірлік мерекесі келе жатыр. Қауымдастықтың өнерлі жастары қызу дайындық үстінде. Осы ретте барлық ақтөбеліктерді мерекемен құттықтағым келеді. Отбастарына амандық, денсаулық, береке, бірлік тілеймін, —  дейді Шахбаз Жамалов.   

Ал қауымдастық жұмысын жандандырып жүрген Шахбаз Жамаловтың  Қазақстанға келгеніне биыл 48 жыл болыпты.

Туған жерім — Армения. Осы елдің  Барсарчечар ауданы Азизлу ауылында дүниеге келдім. Бірақ, тағдырдың жазуы болар, 1969 жылы Қазақстанға қоныс аудардым. Алматыдағы халық шаруашылығы институтында оқыдым. Қазақтың қызы Светаға үйлендім. Екеуіміз төрт баланы тәрбиелеп, өсірдік. Солардан қазір 11 немере сүйіп отырмыз. Балаларымның барлығы Ақтөбеде тұрады. Бірі саудамен айналысса, бірі қоғамдық көлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Зайыбым Света зейнет жасында. Қазір үйдегі немерелерге екеуіміз бас-көз боламыз. Немерелерімнің барлығы қазақ тілін жақсы меңгерген. Кішкентайлары енді үйреніп жүр. Ағайын-туыстың барлығы қазақ болғаннан кейін, тілді меңгеруде ешқандай кедергі жоқ, — дейді Шахбаз Жамалов.

Сондай-ақ ол  Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастарды үнемі назарда ұстап отыратынын  айтты.  Басылымдар мен теледидардан екі елге қатысты ақпараттарды жібермей қарайды. Қазір ол жақта бір-екі достары  болмаса, жанашыр бауырлары жоқ көрінеді.

Жалпы әзірбайжандардың Қазақстанға жаппай көшу тарихы 1937 жылдан басталады. Сол кезде Үкіметтің шешімі бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған басқа халықтармен бірге әзірбайжандар да  өз жерінен кетуге мәжбүр болды. 1926 жылғы Бүкілкеңестік санақ бойынша Қазақстанда 46 әзірбайжан болса, 30-жылдардың соңында олардың саны 13 мыңға жеткен. Олардың басым бөлігі Жамбыл, Алматы облыстарында қоныс тепкен. Ақтөбедегі әзірбайжандардың бір бөлігі қуғын-сүргін жылдары келсе, енді бір бөлігі тың игеру жылдары қоныс аударған екен.

Ал бүгінгі таңда ресми дерек бойынша облыста  1150 әзірбайжан тұрады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button