«Ақтөбе — құтты мекен»

Алғашқы үш басшы да 37-нің ызғарына ұшырады

Ақтөбе облысы 1932 жылы құрылғаны белгілі. Бес жыл ішінде облыста үш басшы өзгерді: Шаяхмет Ярмұхаметов, Әбілқайыр Досов, Айтмұхамбет Мусин. 

Үшеуі де 1937-нің ызғарына ұшырады. Шаяхмет Ярмұхаметов лауазымды қызметтерден шеттетілген болса, Әбілқайыр Досов пен Айтмұхамбет Мусин «халық жауы» ретінде атылды.

Облыстық мемлекеттік мұрағатта Ақтөбе облыстық партия комитеті бюросының 1936 жылдың 20 тамызы күнгі қаулысы сақталған. Осы қаулыда өлкелік партия комитетінің шешіміне сай,басқа жұмысқа ауысуларына байланысты, Досов пен Саакянның — партия комитетінің бірінші және екінші хатшысы қызметтерінен босатылатыны айтылған. Сондай-ақ, осы қаулы арқылы Айтмұхамбет Мусин облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекітілген.

Айтмұхамбет Мусин 1899 жылы Семей облысының Белағаш болысында дүниеге келген. 1920 жылы үш айлық педагогикалық курста білім алған. 1921-1925 жылдар аралығында Семей өңірінде мұғалім, бастауыш мектеп меңгерушісі, балалар коммунасының меңгерушісі болып қызмет еткен.

1925 жылдың қыркүйек айынан бастап, екі жыл бойы Өскемен уездік партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1927-1930 жылдар аралығында Мәскеудегі Я.Свердлов атындағы коммунистік университетте білім алған. 1930-1932 жылдар аралығында — Жаркент аудандық партия комитетінің, 1932 жылдың желтоқсаны мен 1933 жылдың мамыры аралығында Қызылорда аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Бұдан соң бір жыл уақыт өлкелік «Социалды Қазақстан» (кейіннен республикалық «Социалистік Қазақстан») газетінің жауапты редакторы болды. 1934 жылдың наурыз айында — Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1936 жылдың сәуірінде осы облыстың атқару комитеті төрағасы қызметіне бекітілген.

Ал 1936 жылдың тамызында, жоғарыда келтірілгендей, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кірісті.1937 жылдың 1-2 қараша күндері өткен облыстық партия комитеті пленумында «халық жауы» ретінде партия құрамынан шығарылған. 1938 жылдың ақпан айында атылды.

1960 жылы28 наурызда КСРО Жоғарғы Соты Әскери Коллегиясы Айтмұхамбет Мусинді ақтаған.

Ал 1989 жылдың 15 тамызында Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюросы Айтмұхамбет Мусиннің 1923 жылдан бастап партияға мүшелігін қайта қалпына келтірді.

 Сағыныш ТӨРЕМҰРАТОВА,

облыстық мемлекеттік мұрағаттың қызметкері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button